– Мақажанов ауруханасында жатқан зардап шеккендерге барлық медициналық көмек көрсетіледі. Қаза болғандардың отбасыларын да елеусіз қалдырмаймыз. Сонымен қатар компания Еңбек кодексі мен ұжымдық шарттың барлық талабын орындауға міндетті. Балаларының оқу ақысы, несие қарыздарынан бөлек, әр шахтердің отбасына он жылдық жалақы мөлшерінде материалдық өтемақы төлеуі тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек.Юрий Ильин жарылыстан кейін өрт болғанын мәлімдеді.
– Қазір метан газы жайылып, салдарынан концентрациясы шамамен 5 пайызды құрайтын жарылыс болып, өрт шыққанын айта аламыз. Нақты қорытындыны комиссия береді, – деді министр.Арнайы құрылған комиссия құрамына мемлекеттік органдармен қатар, тәуелсіз сарапшылар да жұмылдырылмақ. Сондай-ақ министр Ленин шахтасында осы уақытқа дейін 69 адам көз жұмғанын айтты. 1978 жылғы алғашқы апатта – төрт, 1985 жылы – төрт, 1995 жылы – он үш, 1998 жылы – бір, 1999 жылы үш адам құрбан болды. Ал ең көп кісі өлімі 2006 жылы тіркелді. 41 шахтер бақилыққа аттанды. Соңғы апат былтыр 13 қаңтарда тіркелді. Метан жайылып, бір адам жантәсілім етіп, екі адам жарақат алды. Әйтсе де, министр өндірісті мүлде тоқтату да мүмкін емесін тілге тиек етті.
«2006 жылы бұл шахтада 41 кенші көз жұмды. Шынымен, шахталарда көп адам қайтыс болғанын мойындау керек. Өйткені шахтер – өте қауіпті мамандық. Дегенмен көптеген адам нанынан айырылатындықтан, шахтаны мүлде тоқтату туралы мәселе көтеру қажеттігі жоқ», – деді ведомство басшысы.Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев компания басшылығы экологиялық талаптарды орындамаған жағдайда «Арселор Миттал Теміртауға» қатысты қолданылатынын хабарлады.
«Арселор Миттал Теміртау» келесі жылға әлі рұқсат алған жоқ. Егер олар біздің талаптарымызбен келіспесе, олар келесі жылға экологиялық рұқсат ала алмайды. Компанияның өзі экология мәселелеріне көп көңіл бөледі. Біз оларға келесі жылға экологиялық рұқсат алу үшін белгілі бір талаптар қоямыз. Бұл талаптардың ең маңыздысы – шығарындыларды азайту», – деді Серікқали Брекешев елорда тұрғындарымен кездесуде.Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зульфихар Жолдасов аталған компанияға соңғы үш жылда экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынғанын хабарлады. Төтенше жағдайға байланысты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің барлық сегіз шахтасының жұмысы уақытша тоқтатылды. Айтар болсақ, Қарағанды өңіріндегі көмір шахталарындағы апаттар көбіне метан газының ауамен араласуынан болады. Оның зардабы әдетте өте ауыр. Сонымен бірге көмір тозаңдарының да жарылу қаупі бар. Әдетте қауіпсіздік техникасы инженерлері көмір қабаттарында жинала бастаған метанды арнайы құралдармен зерттеп, қажет кезінде сорғызып алу, желдеткіш құралдар арқылы сыртқа шығарып жіберу тәрізді істер атқарылатынын айтады. Онсыз шахтаның қауіпсіздігіне кепілдік беруге болмайды. Бірақ метанның қай қуысқа жиналғанын анықтау оңай болмаса керек. Сол себепті апатты бірден техногенді сипаттағы оқиға деп бағалауға болмайды. Шахталарда, жер қыртысында метанның жиналуы табиғи құбылыс саналады. Дегенмен селден, жер сілкінісі мен су тасқынынан, қар көшкінінен қорғану секілді тиісті шаралар шахтада да ұйымдастырылуы тиіс. Шахталардағы апаттарға, бірінші кезекте «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жауапты болары сөзсіз.
Білген адамға метан газы – пайданың көзі. Қазақстанда көмір қыртыстарынан метан өндіру бойынша кешенді жоба әзірленген болатын. Бұл туралы бес жыл бұрын Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жар салған еді. Білдей басқармалар да құрылды. Бірақ ақша шашу болғанымен, пайдасы болар емес. Тек метанның зардабын шегіп келеміз. Сол уақытта «Метанды электр энергиясын өндіру үшін, тұрмыстық мақсаттарда, автокөліктер үшін отын ретінде, металлургия өнеркәсібінде және химия салаларында пайдалануға болады. Көмір өндіру барысындағы жұмыстардың қауіпсіздігі біршама артып, қоршаған ортаға метан шығарындыларының кемуі есебінен экологиялық жағдай жақсарады», – деді. Жоқ, олай болмады. Жабулы қазан әлі жабулы тұр.
Қарағанды облысы