Қарақат Әбден: Отбасы тәрбиесінің мәселесін талқылады
Қарақат Әбден: Отбасы тәрбиесінің мәселесін талқылады
©tengrinews.kz
368
оқылды
Президенттікке кандидат Қарақат Әбден Қызылорда облысына барып, жақын және шалғай жатқан елді мекендердің жағдайымен танысып қайтты. Көп көзінен тасада қалған Арал қаласына да ат басын бұрды. Халықты сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Бұдан бөлек, кандидат осы өңірде ұлттық және отбасылық құндылықтарды негізге алып, кәсібін дөңгелетіп отырған отбасылық бизнес өкілдерімен жүздесті. Үміткер олардың мәселелері мен өтініш-арыздарын тыңдап, өзінің сайлауалды бағдарламасында кәсіпкерлерді қолдау ісі қамтылғанын жеткізді.

Аралда айтылып, талқыға салынған маңызды тақырыптар Қызылорда қаласындағы кездесуде жалғасын тапты. Жиын барысында қоғамдағы өзекті мәселелер, өскелең ұрпақ пен жастар тәрбиесі, отбасы институтының мәні талқыланды. Кандидат қоғамның дертіне айналған синтетикалық есірткі, құмар ойындар мен жат мәдениетке еліктегіш жастардың әрекеттеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұған ұлттық құндылықтардың тиісті деңгейде насихатталмауы, отбасы тәрбиесінің белгілі бір деңгейде әлсіреуі себеп. Жиналған жұртшылық аталған проблемаларға қатысты өз көзқарастарын жеткізіп, жағдайды кеңінен талқыға салды.

Кезектен тыс президент сайлауына үміткер Қарақат Әбден ел аймақтарын аралап, 13 қала мен бірнеше ауылдық жерлерде, елді мекендерде 20-дан астам кездесу өткізді. Алдағы уақытта ол Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарының сайлаушыларымен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.