Серікқали Брекешев Жамбыл облысының тұрғындарымен және үкіметтік емес ұйымдардың, қауымдастық өкілдерімен кездесті. Министр өз сөзінде жалпы республика бойынша министрлік қызметінің негізгі мәселелерін, сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша мәселелерді сөз етті.
Мұнда атмосфералық ауаның ластануы, қалдықтарды басқарудың жетілмеген жүйесі, ескірген кәріз тазарту құрылғылары және Тараз қаласының өнеркәсіптік бөлігінде «Қазфосфат» серіктестігінің қалдықтар (фосфогипс) үйіндісі үлкен мәселе саналады.
Жамбыл облысындағы экологиялық мәселелерді шешудің Жол картасында 15 іс-шара қарастырылған. Оның 5-і аяқталды.
Тұрғындардың наразылығын тудыратын тағы бір мәселе – Тараз қаласында кәріздік тазарту құрылғыларының болмауы.
Тараз – тазарту құрылғылары жоқ және ағынды су ескірген фильтрация алаңдарына ағатын жалғыз облыс орталығы.
Тазарту құрылғыларының болмауы Жамбыл ауданының жақын орналасқан елді мекен тұрғындары үшін ауызсу сапасының нашарлауына алып келеді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерінің батпақтануына және елді мекендерді су басуына себеп болады.
Осындай жағдай облыстың барлық аудандарында және оның ішінде Шу, Жаңатас, Қаратау сияқты шағын қалаларында да бар.
Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша, Тараз қаласында жаңа кәрізді тазарту кешенін салу жоспарланған.
«Төтенше экологиялық жағдайды болдырмау үшін әкімдік бұл жұмысты жеделдетуі қажет», - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар мәселелерді шешу үшін әкімдік қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жай-күйін жақсарту және оларды тиісінше жайластыру жөнінде шаралар қабылдауы қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ өңірдегі коммуналдық қалдықтарды басқару жағдайы туралы халықты хабардар ете отырып, коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласында шағын және орта бизнес субъектілерін белсенді тарту және кешенді жұмыс үшін әкімдік коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеп, бекітуі қажеттігі сөз болды.
Сонымен бірге Жамбыл облысы жерасты суының барланған қорының саны бойынша республикада үшінші орында және тұщы сумен ең мол қамтамасыз етілген өңірлер қатарында.
Пайдалы қазбалардың ішінде игерілуі және барланған қоры бойынша фосфориттер басым, олардың қоры Қаратау фосфориттік бассейнінде шоғырланған.
5 жылдық кезеңде ел бойынша жер қойнауын 680 мың шаршы шақырымнан астам аумақта, оның ішінде Жамбыл облысында 26 мың шаршы шақырым аумақта өңірлік геологиялық зерттеу жүргізу жоспарланған.
Жамбыл облысында жаңа суармалы жерлерді енгізу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.
Мәселен, Дүниежүзілік банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиесі есебінен облыстың су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерін қайта құру бойынша екі жоба жүзеге асып жатыр.
Жоба 6 ауданда 315 каналды қайта жаңғыртуды көздейді. Бұл 66,3 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.
Тасқын суды жинақтау үшін 2025 жылға дейін 6 аймақта 8 жаңа су қоймаларын құру жоспарлануда, оның ішінде Жамбыл облысында Ырғайты, Қалғұты және Ақмола 3 су қоймалары салынады.
«Балық шаруашылығын дамыту саласында да бірқатар жұмыс жүргізілді. Саланы дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін өңір бойынша 8 мың тонна балық өсіру жоспарланған. Жыл басынан бері 464 тонна жоспардан 483 тонна (104 пайыз) балық өсірілді. 2021 жылдан бастап, жалпы қуаты 1,7 мың тонна 14 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр»,- деп түйіндеді С.Брекешев.
Өз баяндамасының соңында Экология министрі жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.