Алматы қаласының шағын аудандарының бірінде педофил кішкентай қыздарға тиісіп, зорламақ болған. Алматы қаласындағы Алатау ауданына қарасты "Шаңырақ-2" шағын ауданында педофил көшеде алдынан шыққан кішкентай қыздарды аймалап, қолынан сүйреп, келіншектерді жұмсақ жерінен шымшып, ерсі қылықтар жасаған. “Шаңырақтың” тұрғындары есі шығып, өре түрегеліп күдіктіні өздері ұстаған. 102-ге телефон шалып, полицияға көрген-білгендерін айтып, арыз жазған.
Алайда, шағым иелері арыздарының қараусыз қалдырылғаны туралы жауап алады.
"Мен Шаңырақ-2 шағын ауданында тұрамын. Кеше сағат 12:30 шамасында мына арсыз педофил менің екі қызыма тиіскен. Кенже қызым қорқып қашып кеткенде, есік алдында тұрған үлкен қызымды құшақтап қолынан жібермей қойған. Кіші қызым үйге жүгіріп келіп бізге айтқанда сыртқа шығып таппай қалғанбыз, көшеде іздеп жүргенде мына педофил жолдан өтіп тағы бір келіншектің арт жағын ұстап, шымшып, қолынан ұстап алған. Сол келіншек "Сен кімсің?" деп шошып тұрғанда бір аға келіп мынаны шалқасынан түсірді. Сөйтіп біз бұл малғұнды ұстап алып, 102-ге хабарласып шақырып, арыз жаздық. Меңің қыздарым және келіншек бәріміз РОВД-ға бардық. Енді бүгін 1414-тен СМС келіп тұр. Кешегі арыз бойынша іс қараусыз қалдырылды деп. Не істесем болады? Сонда міндетті түрде қыздарым зорлануы керек пе?" – дейді тұрғын.
Оқиғаға байланысты көптеген оқырмандар пікір білдірген.
"Алатау ІІБ дым істемейді. Қанша дәлел болса да ашпайды істі, бір-біріне сілтеп отыра береді. Әбден қанымды ішкен. Прокуратураға да, полиция департаментіне жаздым. Нәтиже жоқ", "Шынымен де міндетті түрде біреу зорлану керек пе? Енді мынау ойына келгенін жасайды ғой. Әй, біздің заңның шамасы тауық ұрлағандарға жетеді-ау шамасы. Әйтпесе не мынау енді", "Айдалада көшедегі ешкімге керек емес, трасса бойындағы тюльпанды аңдығанша, осындайларды қарамай ма, қалайша бұларға іс-шара қолданбайды?" деп жазған желі қолданушылары.