Бизнес бастау ма, баю ма?
Бизнес бастау ма, баю ма?
© коллаж: Елдар Қаба
507
оқылды
«Бизнес Бастау» жобасына биыл жаңа толықтырулар енгізілді. Сәй­кесінше, жобаға бөлінетін қаржы 584 мың теңгеден, 1 миллион 225 мың теңгеге артты. Алайда ақша жүрген жерге алаяқтардың да үйір келетіні бар емес пе? Уақыт өткен сайын қай­тарымсыз гранттарды бас пайдасы­на жаратқан кәсіпкерлер мен «сер­тификат жасап беремін» дейтін «пы­сықтар» көбейіп барады. Бұл мә­селенің алдын алудың жолы қан­дай? Жалпы, қайтарымсыз грант алғандардың бәрі бірдей жұмыс істеп жүр ме? «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында әр өңірде облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бизнес Бастау» жобасы жүзеге асырылған болатын. Биылдан бастап ол – «Еңбек Бизнес» порталы болып ауыс­тырылып, өз жұмысын жалғастырып жатыр. 1 қазандағы жағдай бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 533,1 мың адам қатысты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кәсіптік оқытуға 12,5 мың адам жіберілді. Өз кәсібін бастау үшін 12 мың адам мем­лекеттік грант алды.
– Бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер болса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар ғана грант ала алады. Әлеуметтік осал топ­тарға атаулы көмек алатын отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдем­ақыны алатын адамдар және қандастар жатады, – деді Қызылорда облысының Жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасы бас­шы­сының орынбасары Жанар Дәулетбаева.
Сондай-ақ биыл грант беру процесі элек­тронды түрде өтіп жатыр. Бұл ретте үміт­керлер өтімдерін «Еңбек Бизнес» порталына электронды цифрлық қолтаңба арқылы тапсырады. Мемлекеттік грант беру туралы шешімді грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі арнайы комиссия шығарады. Комиссия құрамына «Атамекен» палатасының өкілі, қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық танымдық ұйымдар, бизнес, бұқаралық ақпарат өкілдері және сала сарапшылары енгізілген. Саудаға түскен сертификат Жүйелі атқарылған жобаның кесірінен қарапайым халық жапа шегуде. Айталық, бұрын жобаға қатысқысы келген кәсіп­керлер «Атамекен» бизнес орталығына барып, бір ай оқудан өтіп, бизнес жоспарын қорғағаннан кейін ғана қаржы алатын. Ал биыл бұл үрдістің барлығы электронды форматта жүзеге асып жатыр. Ауыл халқы жаңа өзгерістерді түсініп, цифрлы құжат­тарды толтыруға келгенде қиналады. Сал­дарынан әлеуметтік желіде, түрлі сайттарда қайтарымсыз грантқа сертификат алып, бизнес-жоспар жазып береміз деген жар­намалар саны артқан. Сертификат бағасы – 7-30 мың теңге аралығында.
– Ең бірінші, қарапайым халыққа бизнес порталға тіркеліп, сертификат алу қиын. Себебі портал дұрыс жұмыс істемейді. Сосын кәсіпкерлердің көбі компьютердің тілін білмейді. Сол себепті әкімшіліктегі қызметкерлерге өтініш білдіреді. Ал олар осы мүмкіндікті пайдаланып, ауадан ақша жасап отыр. Тіпті, қазір әлеуметтік желіде сертификат алып береміз деп жарнамалап, халықты қанап жүргендер көп, – дейді информатик Алмагүл Серік.
Жақында Шымкентте қала әкімдігіне қарасты Халықты жұмыспен қамту орта­лы­ғында шу шықты. Жылдың басында бір топ әйел мемлекеттен қайтарымсыз грант алу үшін бір миллион теңгеге дейін әкім­дікке қарасты мекеменің қызметкеріне берген. Алайда арасында бірнеше әйел ғана кәсіп ашу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Ал қалғаны сан соғып қалғанын айтады.
 – Менің 9 балам бар. Күйеуім айына бар болғаны 100 мың теңге жалақы алады. Ол ештеңеге жетпейді. Сөйтіп жүргенде, танысымнан осы Жұмыспен қамту орталы­ғы қайтарымсыз грант беретінін, атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) пара беріп алуға болатынын естідім. Алдымен, құдашам 120 мың теңге беріп, бір миллион теңге грант алды. Соны көріп, күйеуімнің бір айлық жалақысын АӘК алу үшін бердім. Бірақ бір тиын алған жоқпын. Енді қарыздың астында қалдық, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлжан Сарқұлова.
Тіпті, бір азаматша туған-туыстарынан ақша жинап, 10 миллион теңгені орталық қызметкеріне тапсырған. Олар қаражатты ортадағы делдал арқылы Халықты жұмыс­пен қамту орталығында жұмыс істейтін қызметкердің үйіне апарып берген. 500 мың теңге беріп, 5 миллион теңге алғысы кел­гендер алданғанын шілдеде білген. Әйел­дердің айтуынша, Халықты жұмыспен қам­ту орталығының қызметкері Әсем Сүт­тім­бетова қолындағы қаржыны қайтарамын деп отырғанда ұсталған. Содан бері аза­матшалар ақшасын кімнен сұрарын білмей отыр. Орталық директоры Әсет Шахдаттың айтуынша, бұл әрекеттің қашаннан бері жалғасып жатқаны белгісіз. Орталықта ішкі тексеру жүргізілген.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтардың тізімін қарағанда ешқандай азаматтың біздің ақпараттық жүйе арқылы өтпегені анықталды», – деді Әсет Шахдат.
Даудың басы комиссиядан шықты Осылайша, кәсіп ашып, аяққа тұрсам деген халық портал арқылы сертификат ала алмай қиналып жүр. Сертификат алу кәсіп­кердің жобадан өткеніне толық кепіл бола алмайды. Одан әрі азаматтарды биз­нес-жоспар жазып, оны комиссияның алдында қорғау күтіп тұр. Дегенмен Қызылорда тұр­ғыны Әсел Сахиеваның айтуынша, ко­миссия әртүрлі ортадан құралғандықтан бұл жерде де «бармақ басты, көз қысты» бар екен.
– Кәсібімді бастау үшін дайындалып, онлайн сертификат алдым. Кейін комиссия шақыртуын күттім. Комиссия шақыртуы келіп бизнес-жоспарымды қорғап шықтым. Ішінде отырған комиссия мүшелері ақшаны өз қалталарынан берердей дөрекі сөйлеп, тіпті дауыс көтерді. Бір-екі аптадан соң «сізге грант тағайындалмады» деген sms хабарлама келді. Жан-жақтан сұрастыра келе, грантты ұту үшін 300 мыңдай ақша беру керек екенін естідім. Ол не сұмдық? Ақша бергендер қайтарымсыз грант алып жатыр. Ақшасы жоқтар біз сияқты өтпейді. Сонда мен басында кредит алып 300 мың берсем, комиссияға кірмей-ақ жобаға өтеді екенмін, – дейді Әсел Сахиева.
Ел арасында жобаға арнайы құрылған комиссияның әділдігіне күмән келтіретіндер саны артқан. Дегенмен комиссия мүшелері мұны жоққа шығарып отыр.
– Комиссия мүшелері жобаны бағалауда бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігіне, үміткердің кәсіпкерлік дағдыларын меңгеру деңгейіне, бизнес-жобаның қаржылық мүмкіншілігіне, жаңа жұмыс орындарын құру сынды критерийлерге басымдық бе­реді. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қар­жы – құрал-жабдықтар мен техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға пай­даланылады, – дейді комиссия мүшесі Ерлан Нұрланов.
Құжаты түгел, кәсібі жоқ Бес жыл ішінде «Бизнес Бастау» нағыз халықтың жобасына айналды, әсіресе елді мекендерде жобаға деген сұраныс жоғары. Осы уақытқа дейін іске асырылған жо­балардың 80 пайызы – ауыл шаруашылығы саласында. Қалған бөлігі қызмет көрсету, сауда, тігіншілік, тамақ өнеркәсібі және басқа бағыттарды қамтиды. Ауылда ашыл­ған жобалардың көпшілігі, шамамен 80 пайызы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына тиесілі. Дегенмен өз сиы­рын өзі сатып алып, тегін ақшадан құр қал­майын дейтіндер де бар. Жоба ұйым­дас­ты­рушылары құжатты қанша қиындатса да, қайтарымсыз грантты алып, тиімсіз пайда­ланғандар да жоқ емес. Мұндай жағдайда жоба ұйымдастырушылары кәсіпкердің үстінен сотқа шағымданып, грантты өндіріп алуға құқылы. Жақында қайтарымсыз грант алған кәсіпкерлердің қаржыны той мен құдалық өткізуге жұмсағаны белгілі болды. Шымкент қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы Балмаржан Нарбе­кованың айтуынша, былтыр 23 кәсіпкер мемлекеттік грантты орынсыз жұмсаған.
– Жобаға бөлінген қаржыны қарыз өтеуге, несие төлеуге, үйлену тойына жұм­сауға болмайды. Бәрінің сұрауы бар, аз қар­жы емес. 1 миллион 225 мың теңге биз­несті дамыту үшін беріледі. Енді тоқсан сайын есеп беруді талап етеміз. Заңбұзу­шылықтар анықталған жағдайда жауапқа тартамыз, – деді Балмаржан Нарбекова.
Бес жылдан бері кедейліктің төмен шегіндегі мұқтаж жандарға, соның ішінде жұмыссыз қыз-келіншектерге жақсы қолдау болды. Бірақ осы жылдар ішінде бағдар­ламаның кемшіліктері де байқалды. Ең негізгі кемшілік – грант қаржысына қадаға­лаушы мекемелер тарапынан дұрыс бақы­лаудың болмағаны. Кейбір жандар есеп­шотына түскен соманы бірден қолма-қол ақшаға айналдырып, басқа мақсаттарға жұм­саған. Мәселен, грант қаржысы бұрын­ғы қарыздарын жабуға кетті, той өткізіп, смартфон сатып алғандар да бар. Бұл бір жағынан көп адамда қаржылық сауат жоқ­тығын білдірсе, екінші жағынан – мемле­кеттің қаржысын тегін үлестіріп жатқандай көрген масылдық психологияның көрінісі. Екінші кемшілік – «Бизнес Бастау» жоба­сына енгізілген өзгерістің халыққа тиім­сіз­дігі. Салдарынан ауылдағы ағайын серти­фикат алып беремін деген алаяқтарға бір, комиссияға екі рет жем болып жүр. Сонымен қатар «Бизнес Бастау» жоба­сы – екі қолға бір күрек таба алмай жүр­гендер үшін күнкөрістің қамы. Бірақ үлкен нарыққа шығудың кілті емес. Себебі сағат сайын өсіп жатқан инфляция үшін мил­лионға үлкен кәсіп ашу мүмкін емес.