Биыл аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірге заманауи үлгідегі қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңадан жылу электр стансасы салынатынын айтып, елді қуантып тастады. Түрік компаниясы салатын жаңа нысан 2025 жылы ел игілігіне пайдалануға беріледі. Ең бастысы, халық жылу мәселесі мен ыстық суға қатысты түйткілдің түйіні тарқатылады деп сенді.
«Жаңа ЖЭО салынғанымен, қаланың қазіргі ахуалы ыстық сумен толық қамтуға дайын емес. Өйткені бізде ішкі ыстық су жүйесі жоқ. Бертін келе салынған жаңа үйлерге ыстық су жүйесі орнатылды. Алайда оның өзі толыққанды жұмыс істемейді. Осы орайда айта кететіні, бүгінде ыстық суды қыста ғана қосуға қауқарымыз бар. Ал жаз мезгілінде қосу мекемені артық шығынға алып келеді. Артық шығын болмас үшін ең болмағанда осы ыстық су барып тұрған үйлердің 70 пайызы қосылуы қажет. Ал қала аумағын толық қамту үшін әрбір үйдің ыстық су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу керек. Біздің өңірде ыстық сумен қамту жабық жүйеде жүргізілгендіктен, әрбір тұрғын үйге дәл осындай қосымша құрылғы орналастырылуы тиіс. Бір ЖЭО салумен барлық мәселе шешіледі деу – қате пікір. Ал жаңғырту жұмыстарын жүргізу тағы да қаржы мәселесіне тірелетіні белгілі. Сондықтан да бүгін-ертең Қызылорда халқы толықтай ыстық сумен қамтылады деп жалған ақпарат бере алмаймыз», – дейді «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК бас инженерінің міндетін атқарушы Бақытжан Молдиманов.Сала маманының айтуынша, жаңа үйлерге ыстық суға қосылуға мүмкіндік жасалғанымен, халық тарапынан ынталы тұрғындар аз көрінеді.
«Нақты айтқанда, бүгінде қаладағы жаңадан салынған 200-ге жуық үйлердің ыстық суды алуға мүмкіндігі бар. Бірақ оның өзіне халық қосылмай отыр. Бұл тұрғыда бірінші кезекте орталықтандырылған ыстық судың тиімділігін түсіндіру жұмыстары төмен. Жалпы, бүгінгідей су жылытатын құрылғысын пайдалануға қарағанда орталықтандырылған ыстық суды қолдану 4 есеге тиімді. Соның ішінде электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік мол. Алайда ыстық суды қосуға мүмкіндігі бар көптеген жаңа үйдегі тұрғындар мұны түсінбейді. Сол себепті де қосылмай отыр. Мәселен, құрылғыны пайдалануда электр энергиясына кемі 1000 теңге төлейтін болса, орталықтандырылған ыстық су жүйесіне 200 теңге төлеген болар еді. Яғни, бізде тариф төмен», – деп түсіндірді бұл жөнінде Б.Молдиманов.Қалай дегенде де, әзірше қызылордалықтар су жылытатын құрылғымен ыстық суды пайдалануға мәжбүр. Қымбат құрылғыны сатып алуға қалтасы көтермейтін қарапайым халық суды қолдан ысытып, пайдалану арқылы күйбең тірлік кешуде.
Қызылорда облысы