Астанада «Қанаттылар» инклюзивті театрының «Қызжылаған» қойылымының премьерасы өтті. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында қойылған тұсаукесер Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасының негізінде сахналанды.
«Қанаттылар» – Орталық Азиядағы тұңғыш инклюзивті театр. Семей ядролық полигонының зардабынан дене-бітімі толыққанды жетілмей қалған қыздың өмірінен сыр шертетін «Қызжылаған» спектаклі биыл екінші маусымын бастаған театрдың шымылдығын түрді. Авторы – Роза Мұқанова, режиссері – Абзалбек Максим. Бас кейіпкер Ләйләнің тағдыры арқылы қазақтың бойына біткен қайсар мінезі мен басындағы қасіретін көрсетуді мақсат еткен спектакль өз мұратына жетті. Өйткені...
Жаңашылдық басым
Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы жылдар бойы бірнеше театр сахнасында қойылып, маңызын жоғалтпаған өткір туынды. Семей полигонынан мүгедек болып, дене-бітімі өспей қалған қыз тағдыры арқылы қазақтың бойына біткен мінезін, ұлттың басындағы қасіретін бере алған ұлы шығарма. Қойылым қазақтың басындағы қасіреті, жарты ғасыр алдынғы құндылықтың құнын жоғалтқанын, адамгершіліктің қай дәуірде де адам жанының жауhары екені жайлы айтады. «Қанаттылар» сахналаған «Қызжылаған» осыдан 25 жыл бұрын қойылған «Мәңгілік бала бейнеден» жаңашыл режиссерлік шешіммен ерекшеленді. Ядролық сынақтар кесірінен қазақтың тұтас ауданының ауру болып, әйелдері мүгедек бала туады. «Қанаттылар» инклюзивті театрының артистері Ләйлә ғана емес, тұтас ауылдың полигонның зардабын көргенін, тауқыметін, ұлы арманы мен үкілі үмітін көрсете алды. Сахнада арбаға таңылған, қос жанарынан айырылған, дене-бітімінде ерекшелігі бар азаматтар көп болды әрі олардың әрқайсысы өз кейіпкерін жоғары деңгейде сомдай алды. Сол арқылы осыдан жарты ғасыр бұрынғы ауылдың қайғы-қасіретін сезінгендей болдық. Театр ұжымына алғысымыз шексіз. Біз әртүрлі кейіпкер, әрқилы тағдыр көре алдық.
Бас кейіпкерді сомдаған Мәлика Мұхтрованы ерекше атап өтпесек болмас. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Әуезов театрының сахнасында қойылған «Мәңгілік бала бейнедегі» Ләйләнің өміріне бұл Ләйләнің тағдыры ұқсамайтындай. Данагүл Темірсұлтанованың актерлік шеберлігіне еш таласымыз жоқ, Ләйләнің періште кейпіне, пәк махаббатына, қайсар мінезіне сендіре алған еді. Алайда бұл жолы Мәлика Мұхтрованың «Ләйләсінің» жан азабын, ашынғандағы ащы даусын, соңғы демі қалғанға дейін өмірге құштар болғанын сезіне алдық. Браво!
Қойылым режиссері Абзалбек Асхатұлы бұл туындыны сахналауға жиырма жылдық дайындықпен келгенін айтты.
«Бұл театрда мүгедектігі бар жандар өнер көрсетеді. Артистер өз кейіпкерін тапқандай. Автор Роза Мұқанова оқылым кезінде бізбен бірге отырып, пьеасаны бірге өзгерттік. Бас кейіпкерді сомдаған Мәлика Мұхтрова – рухы биік қыз. Ол пьесаны оқыған кезден-ақ «бұл – менің тағдырым» деген еді. Бұл – Мәликаның ғана емес, барша қазақтың тағдыры. Мағынасы, тарихы терең «Мәңгілік бала бейне» спектаклін сахналауға үлкен дайындықпен келдім», – дейді режиссер.
Санадағы таршылық
Бас кейіпкер Ләйлә бала күнінен Құмар есімді досына ғашық болады. Құмар – дене-бітімі толық жетілген, келбеті келіскен жігіт. Екеуінің бала күнінен басталған бейкүнә достығы Ләйләнің біржақты махаббатына ұласады. Өспей қалған бойынан, ұзын саусақтарынан қымсынған бейкүнә бойжеткен «Қаттылық бер жаныма. Сақта... Сақта мені. Ессіз ғашықтықтан, жүйрік сезімнен сақта. Махаббатымды да үзіп алып, мүгедек етіп жарала. Кейіпім де мазақ, махаббатым да мазақ. Аямаңдар мені!» деп жарық Айға мұңын шағады. Білім іздеп, қалаға кеткенде Ләйлә жарық аймен өзінің жан тербірентерлік сезімі туралы түн ұзаққа сырласады, асыл махаббатын үкілі үмітімен көп күтеді. Бірақ... Бірақ ауыл халқы, оның ішінде Ләйләнің апатайы мүгедек жанға тек мүгедектігі бар ауылдағы азаматты – екі аяғы баса алмайтын, Семей ядролық полигонының зардабын көрген Шөкішті тең көреді. Бұл бір жағы Шөкіш пен Ләйләнің жақындарының екі жарымжан жанды бір-біріне қосып, бақытты қыламыз деген эгоистік арманы болса, енді бір жағынан бүтін ауылдың, тіпті бүкіл адамзаттың санасын таршылығы – тәніне баға беріп, жанның қалауын ұмыт қалдыруы, Тәңірдің орнына шешім шығарып, өз білуінше адамдарды теңестіруі арқылы бүгінгі қазақ болмысы сипаттағандай әсер қалдырды. Бұдан өзге ауыл адамдарының тұрмыс, тіршілік үшін жанталасы, шенеуніктің шен мен ақша үшін адамгершіліктен аттайтыны, Құмардың пәк махаббатқа сатқындығы және тағысын тағылары да ойландырмай қоймады. Спектакльдің мазмұны көп жаңарған, заманауи техникалық жаңашылдығы да басым. Көрерменге айтары көп.