Түркістан облысының орталығында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асып келеді. Аталған жоба аясында бүгінде 4 844 адам жұмыспен қамтылған. Олардың 2 500-і тұрақты жұмыс орындарына, 26-ы әлеуметтік және 804-і қоғамдық жұмыс орындарына жолдама алған. 363 жас маман жастар практикасымен жұмысқа орналасқан. 24 тұрғын мемлекеттік грантқа ие болып, өз кәсіптерін ашуға кірісті. 35 адамға алғашқы жұмыс орындарына жолдама берілді. Сонымен қатар 992 адам «Бизнес Бастау» жобасына қатысыпты.
Айта кетейік, соңғы жылдары «Бизнес Бастау» жобасына көптеген өзгерістер енгізілді. Соның бірі – жұмыс істеуге талабы бар, бизнес-жоспарын құрған ынталы жұмыссыз жанға мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттың 1 млн 200 мың теңгеге ұлғаюы. Бұл грант көптеген жанға үміт отын сыйлады. Сонымен бірге осынау қаржыны алудың жолдары да жеңілдеді. Кәсібін ары қарай дөңгелеткісі келетін азаматтар бұдан былай 21 күн емес, бар болғаны 1 аптаның ішінде «Бизнес Бастау» жобасы аясында білім ала алады. Сондай-ақ оларға енді құжат арқалап кеңсе аралаудың қажеті жоқ. Мұндай шаралардың барлығын бизнес.enbek.kz порталы арқылы онлайн форматта, үйден шықпай-ақ атқаратын болады. Одан соң кәсібін ашқысы келетін дәрістеріне де онлайн қатысып, мамандардан кеңес ала алады. Оқуды аяқтағандар тест сұрақтардың 70 пайызына дұрыс жауап беретін болса, 3 жылға жарамды сертификатты иеленеді. Ал бұл сынақтан өте алмай қалғандарға 1 жыл ішінде тесті қайта тапсыруға мүмкіндік бар.
Түркістан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жолаева «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 298 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 256 жанға қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаттары ұсынылғанын жеткізді. Ал биылғы жылы кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі жоспар көрсеткіші еселеніп, 360 азаматты онлайн форматында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және 273 адамның бизнес идеяларын қаржыландыру көзделіп отыр екен.
Демек, биыл жыл соңына дейін 273 адамға кәсіпкерлік бағытта білім беріліп, мемлекеттік грантты алу жолдары түсіндіріледі. Үміткерлер үшке бөліп оқытылады. Жобаға қатысуға 29 жасқа дейінгі жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедектер, өзге өңірден қоныс аударушылар мен асыраушысынан айырылғандар өтініш бере алады.
Ал Түркістан облысы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 155 073 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Жалпы, шағын және орта кәсіпкерліктің экономикаға үлкен әсері бар екені белгілі. Өңірде кәсіпкерлердің Агронесиелік корпорациядан, «Ырыс» микроқаржылық ұйымынан пайызы жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар. Краудфандинг алаңын қолдана отырып, инвестиция тартуға да болады. Түркістанда инвесторлардың көмегімен микробизнесті, стартаперлерді, «Бизнес Бастау» түлектерін қолдау мақсатында алғаш рет «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы ұйымдастырылған.
Бұл алаңда мол табыс табудың қыр-сырын үйретіп, кәсіптің өркендеуіне үлес қосуға өңір кәсіпкерлері қолдау көрсетеді. Қазір аталған жобаның 3 маусымы өтіп, кәсіпкерлер тарапынан 88,3 млн теңгеге 23 жоба қолданылып отыр.
Алдағы уақытта нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2025 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында «Ырыс» МҚҰ-ның Түркістан қаласына бөлінген қаражаттың басым бөлігі туризм саласындағы жобаларға қолдау көрсетілу жоспарланып отыр.