Алматы қаласы мәдениет басқармасының қолдауымен Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп, экспозициясы жаңартылды.
ХХ ғасырдың ұлы реформаторы, қоғам және мемлекет қайраткері, лингвист-ғалым, қазақ филология ғылымының негізін қалаушы, ақын-аудармашы, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі 1993 жылы ашылды. Музей-үйдің жанындағы А. Байтұрсынұлының бюсті 1998 жылы орнатылған. Алматы қаласы әкімінің 2021 жылғы 13 қазандағы №4/508 қаулысымен музей-үй жекеменшіктен Алматы қаласының коммуналдық меншігіне өткен болатын.
Жаңарған музей үй 3 экспозициялық және бір дәріс залынан тұрады. Қазіргі уақытта музейде ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған. Бұл – мемлекеттік архивтен алынған түпнұсқа құжаттар, жеке және ұжымдық фотосуреттер.
Музей заманауи технологиялармен жабдықталып, жаңа мазмұнмен толықтырылып, өзгеше сипат алды. Арнайы сенсорлы тақталарда музей-үйдің құрылу тарихы, архивтік материалдар, фотосуреттер және реформатордың өмірі мен шығармашылық жолы туралы мол мағлұмат беретін құнды мәліметтер бар.
Айта кетейік, бүгін Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының еңселі ескерткіші бой көтерді. Қоладан құйылған ескерткіштің ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Алматы