Қызылордада ауызсудың лайлануы жиі байқалады. Тұрғындар осындай келеңсіздік жиі болатынын айтады. Әсіресе, балаларының денсаулығына алаңдап, құбырдан аққан лай суды тұтынуға қорқып отырғанын айтып, дабыл қақты. Жалпы, қалада мұндай жағдай алғаш рет қайталанып отырған жоқ. Бұған дейін де халық лайланған су ішіп отырғанын айтып, шу көтерген болатын. Соның ішінде «Арай-2», «Арай-3» шағынаудандарының тұрғындары жиі-жиі құбырларынан лайланған су ағып отырғанын алға тартады. Жауапты мекемеге қанша мәрте жазғанымен, еш нәтиже болмай отырғанын жеткізді.
«Осы ауданда 1 жылдан бері тұрамын. Мұндай жағдай әрбір 1-1,5 айда қайталанып тұрады. Шағынаудан тұрғындары үшін бұл үйреншікті жайтқа айналған деуге болады. Facebook әлеуметтік желісі арқылы осы мәселені жеткізген боламыз. Бүгінде билікпен Facebook желісі арқылы ғана байланысу тиімді болып тұр. Мекемеге арнайы барып, базынамызды айту қиындық туғызады. Басымызды тауға да, тасқа да ұрғанымызбен, мәселенің шешімін табатын түрі көрінер емес. Жасыратыны жоқ, бәріміз бала өсіріп отырмыз. Мынадай лайланған суды балаға берудің өзі қорқынышты. Балаға бермек былай тұрсын, оны өзіміз де іше алмаймыз. Ал жауапты мекеме мамандары оның себебін құбыр түбіндегі шөгіндінің көтерілуімен түсіндіріп отыр. Дегенмен құбырлар ауыстырылып жатыр. Бірақ түбіндегі шөгіндіні тазартпайтын болғаны ма? Қашанғы лайланған су тұтынамыз. Халықтың жағдайын неге ойламайды? Халық ауызсудың ақысын төлеп отыр ғой. Сондықтан құбыр бойындағы шөгінді құмдарды тазалау керек», – деп назын жеткізді «Арай-3» шағынауданының тұрғыны Қуаныш Жәнібек.Ай сайын қайталанып тұрған мұндай келеңсіздіктен шаршаған тұрғындар құбырдан су ішпейтін болыпты. Амалсыздан арнайы сауда орындарындағы фильтрленген ауызсуды литрлеп сатып алып, ішуге мәжбүр. Оның өзі қалталарына артық салмақ түсіреді. Ал құбырдан аққан ауызсуды жуынуға пайдаланып отыр екен.
«Бүгінде аумақ тұрғындары фильтрленген суды сатып алып, ішуге мәжбүр. Оның 1 литрі 15 теңгеге сатылады. Екі-үш күнге 10 литр су аламыз. Оны ауызсу ретінде пайдаланамыз. Егер фильтрленген суды сатып алатын болсақ, онда «Су жүйесі» мекемесінің сапасыз суына не себепті ақы төлеуіміз керек. Елдің ашу-ызасын туғызып отырған осы мәселе. Сол сияқты жаңбырдың су құбырына қандай қатысы болуы мүмкін? Бұл да бізге түсініксіз болып тұр. Шөгінді құм суды лайлап жатса, халыққа неге өтемақы ретінде ай сайын төлейтін ақысына пайыздық жеңілдік жасамайды? Ауызсу ақысын қысқартып, елдің жағдайын жасауы қажет деп ойлаймыз», – дейді аталмыш аумақ тұрғыны.Осы мәселеге орай, қаланы ауызсумен қамтып отырған «Қызылорда су жүйесі» МКК-ға хабарласып, мән-жайды сұрап көрдік.
«Бүгінде зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қарашаның 15-і күні жауынның салдарынан жарық өшіп, ауызсудың берілуін уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Сондай кезде пластик құбырдың бойында шөгінді құм жиналып қалады. Ал суды қайтадан айдаған сәтте құм мен су араласып, құбырдан лайлы су ағады. Негізі, осы құбырдан «Арай» шағынауданы ғана емес, қаланың сол жағалауы мен «Халыққа қызмет көрсету орталығы» маңындағы тұрғын үйлер де ауызсу тұтынады. Қазір оның себеп-салдары анықталуда. Бүгінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қала әкімінің өзі бұл мәселені көзбен көріп, бақылауына алды. Қазіргі уақытта мұндай жағдайдың жиі қайталануының нақты себебі анықталуда. Соған орай тиісті жұмыстар қолға алынып отыр», – деп түсіндірді «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Өтепов.Бүгінде ауызсудың азабын көріп жүрген жұртшылық тиісті жұмыстар лай суды тазалаумен ғана шектелгеніне келіспейді. Жиі қайталанатын жағдайдың негізгі себебін анықтап, «шөгінді толған құбырларды толықтай тазалап шықса» деген уәжін жеткізіп отыр.
Қызылорда облысы