Сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары – Халықаралық байқаушылар
Сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігі жоғары – Халықаралық байқаушылар
501
оқылды
ҚР президентін сайлауға байқаушы ретінде қатысқан шетелдіктер сайлау учаскелерінде болып, процестің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көз жеткізгендерін айтты.  Хорватия Республикасы парламенті төрағасының орынбасары Даворко Видович халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифинг барысында сайлауға бақылаушы ретінде қатысқанына қуанышты екенін жеткізді.
«Бұл сайлаудың Қазақстан үшін маңызы зор. Біз белсенділіктің жоғары екенін байқадық. Бұл сайлаушылардың сайлау процесін қаншалықты қолдап жатқанын көрсетеді. Қорытындысын сайлау күнінің соңында шығарамыз. Бұл әлемдегі жаңашыл, демократиялық әрі өте маңызды қадам. Ешқандай құқықбұзушылықтар жоқ. Адамдар келіп жатыр. Олардың арасында бірінші рет дауыс бергендер де бар. Көбі отбасымен бірге келіп, кішкентай балалар бюллетеньдерді жәшікке салды. Бұрынғы президентті де көрдік. Ол да дауыс беруге келген екен. Мен үшін бұл қызық болды. Келушілердің пайыздық көрсеткіші де жақсы», – деп атап өтті спикер.
Социалистер партиясынан Молдова Республикасының депутаты, ТМД ПАА, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы Молдова Республикасы Парламенті делегациясының мүшесі Боля Василь Қазақстанға халықаралық бақылаушы ретінде екінші рет қатысып отыр. Таңертеңнен бері ол Астанадағы 10 сайлау учаскесіне мониторинг жүргізіп үлгерген.
«Таңертең сайлау учаскелері уақытында ашылды ма, жоқ па, соны тексердім. Техникалық тұрғыдан және ұлттық заңнама нормаларын сақтау бойынша менің бақылауларым бойынша мен барған сайлау учаскелері уақытында ашылды. Азаматтар сайлау учаскелерінің орналасқан жері туралы біледі, қай сайлау учаскесінде дауыс беретінінен хабардар. Қандай да бір себептермен сайлау учаскесін ұмытып қалған немесе таба алмаған азаматтарға, көмектесетін еріктілер ұйымы бар. Барлық учаскелерде қауіпсіздік шаралары сақталған, оның ішінде кезекші дәрігерлер бар. Барлық жерде дауыс беру орындары ұйымдастырылған. Сайлау учаскелерінде шектен шыққандар байқалмады, адамдар келіп жатыр», – деп қорытындылады спикер.