Балалар жылына базарлық
Балалар жылына базарлық
1,054
оқылды
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың тамаша бір сөзі бар. «Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деген. Сол айтқандай дана халқымыз бала тәрбиесіне, ақыл-ойының жетілуіне, болмыс-бітімі мен адами мінез-құлықтарының қалыптасуына ерекше көңіл бөлген. Күні ертең елім, жерім дейтін жас ұрпақтың болуын қаласақ, балаларға жасынан жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруге ұмтылатынымыз да сол. Ежелгі грек философы Платон данышпан «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» десе, Ұлы Абай да «Бала тәрбиесі – басты байлығың» деп айтып кеткен. Демек, баланың патриотты азамат болып тәрбиеленуіне мемлекеттің қосар үлесі қашан да зор. Қоғам алдындағы жауапты міндет те осы. Әрбір баланың өз арманы бар. Балалардың арманы – бұл біздің арманымыз. Ұлы дала ұрпағының мәңгі жасауы үшін алдына қойған мақсаттарына қолдау көрсету қажет екенін бәріміз білеміз. Сол себептен олардың арман-тілектерін орындау еліміздің әр азаматына парыз болып қала бермек. Бабалар салған ізді, салт-дәстүрді, тәлім-тәрбиені қайтадан түлетіп, дара жол салып беру де міндет. Жаңа Қазақстан тарихындағы жаңа дәуір ұрпақтарын адами қасиеттер мен рухани құндылыққа тәрбиелеу, арман-тілектеріне жетулеріне әркез себімізді де тигізгеніміз жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны бекер емес. «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – деген болатын Президент. Дәл осы «Балалар жылы» аясында «Qazaqconcert» ұжымы көптеген жобаларды қолға алды. 1 маусым Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай бастау алған «Жазғы кино» жобасы 2 айдан астам уақыт бойы өткізіліп тұрды. Бұл жобада көп балалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан, ерекше көмекке мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге, балалар үйіндегі тәрбиеленушілер шақырылып, отандық кинотуындылар мен қазақша мультфильмдер тегін көрсетілді. «Жазғы кино» жобасының «Қазақфильм» АҚ, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылғанын айта кету керек. Көптеген ұстаздар мен ата-аналардың өтініштері бойынша жоба «Жас киноман» ретінде өз жалғасын тапты. Балалар Әр фильмнің көрсетілімі алдында балаларға арналған мерекелік шоу-бағдарлама, актерлік құраммен кездесулер мен мүсінші гиперреалист Айдос Есмағамбетов, суретші Гүлмира Телғозиева және костюмер-дизайнер Сандуғаш Толымбектің танымдық шеберлік сағаттары, экскурсиялар мен жеке көрмелері жиі ұйымдастырылып тұрды. Атап айтқанда, Суретшілер одағының мүшесі Шымырбек Мейірімнің «Ғажап Әлем» және суретші Сейсенбі Айбардың «Big dream books» баспа орталығының көрмелері көрермендер назарына ұсынылды. Сонымен қатар, балалар кино көріп қана қоймай «АSTANA SAZY» фольклорлық ансамблінің өнерпаздары, «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театрының актерлары және «Қазақконцерт» әртістері ұсынған түрлі концерттік іс-шараларды тамашалады. Жоба аясында ұсынылған отандық туындылардың шығармашылық ұжымы қонақ ретінде келіп, көрермендермен кездесулер өткізіп отырды. Атап айтсақ, 1 маусым күні балалар назарына ұсынылған «Менің атым Қожа» көркемдік фильмінің көрсетіліміне Қожаның рөлін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, сценарист, кинодраматург Нұрлан Санжар, Жанардың рөлін сомдаған Гүлнар Құрабаева, «Менің атым Қожа» повесін жазған әйгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева және фильм режиссері Абдолла Қарсақбаевтың ұлы режиссер Тоқтар Қарсақбаев өз отбасымен, «Ертөстік», «Мұзбалақ» анимациялық фильмдерінің көрсетіліміне осы туындылардың режиссері Қасиет Сақиолла, «Кенже қыз» анимациялық фильмінің илюстраторы Камила Жакиянова балалармен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. «Нартай» фильмінде басты рөлдерді сомдаған актер Шарипбек Закиров және актриса Анна Старченко келді. Мемлекеттік академиялық Корей музыкалық комедия театрының музыкалық жетекшісі, фильм композиторы Тен Родион Вячеславович «Нартай» фильмінің саундтрегін кішкентай көрермендерімізге орындап берді. «Ұлы Дала Таңы» фильмінде жас Қасым ханның рөлін сомдаған театр және кино актері Данияр Уразаев пен Алтынбике рөлін сомдаған жас актриса Дильназ Ертаева да балалармен жүздесті. Сондай-ақ, «Паралимпиец» фильмі де кішкентай көрермендеріміз үшін бірнеше рет көрсетілді. Режиссер Алдияр Байракимов және сценарист Венера Каиржанова, басты рөлді сомдаған актер Асқар Илясов, екінші пландағы актер Жалғас Жанғазин, қоюшы режиссер Азамат Жанабеков және фильм композиторлары Әділжан Толықпаев пен Шырын Базаркұлова да балалармен кездесіп, фильм жайында өз ойларымен бөлісті. Көрсетілім алдында концерттік залдың фойесінде «Saz and Soul» тобы өз репертуарларындағы әндерді және фильм саундтрегін орындап берді. Осы кино туралы бір оқиғаны айтқым келіп отыр. «Паралимпиец» фильмі аяқталған соң, мүгедек арбасында отырған жас көрермен «Мен енді ешқашан мына арбада отырмаймын» деп, орнынан тұрып, залдан шығып кете барды. Барлық жұрт әлгі балаға таңқалып, ұзақ қарап тұрды. Көрдіңіздер ме? Осындай мағыналы кинотуындылар адамдарға мотивация береді. «Жазғы кино» көрсетілімінің көрермендері ретінде елордамыздың мектептерінде ұйымдастырылған «Жазғы лагерь» балалары, балалар үйінің тәрбиеленушілері, «Мұра» акционерлік қоғамының және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының инклюзивті балалары, «Алтын домбыра» өнер мектебі, «Жаңа белес» мектебі мен «Хас сақ» спорт орталығының балалары, елордамыздың қонақтары және ата-аналары өз балаларымен келді. Аталмыш жоба бойынша маусым айынан бері 25 мыңнан астам балаға отандық кинотуындылар мен мультфильмдер тегін көрсетілді. Аталмыш жоба қыркүйек айында басталып, жыл сайын жалғасын таба бермек. Сонымен қатар, «Қазақконцерт» балаларды өнерге баулып, олардың мәдени талғамын қалыптастыру мақсатында «Балалар филармониясы» атты жаңа жобаны бастады. Жоба аясында бүлдіршіндер үшін 2022 жылдың әр сенбі күні «Қазақконцерттің» айтулы өнер ұжымдары мен танымал әртістері дәріс-концерттер, шеберлік сабақтар, экскурсиялар өткізіп, кәсіби шеберліктерінің сырымен бөлісуде. Балалар Дәл осы үрдісті жалғастыра отырып, «Қазақконцерт» ұжымы «Аstana Muzical» мемлекеттік мюзикл театры балаларға арналған «Алдар көсе» мюзиклін желтоқсан айында кішкентай көрермендер назарына ұсынғалы отыр. Балалар жылы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау мақсатында жақында «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымы «Арман асулары» фестивалінің гала-концертін де өткізді. Еліміздің болашағы балалардың арман-тілектерін орындау үшін осындай бір жобаны қолға алған жайымыз бар. Фестиваль барысында Қазақстанның барлық аймақтарынан ерекше қажеттіліктері бар дарынды балаларды жинап, бір арнада, бір бағытта өнерлерін көрсетулері үшін жағдайларын жасауға тырыстық. Жобаға қатысушы өнерпаздардың «Би өнері», «Вокалдық өнер», «Аспапта орындау», «Әнді ым-ишарамен орындау» және «Ұлттық киім дизаины» жанрлары бойынша көрсеткен өнерлеріне тәнті болдық. Осы іс-шараны өткізгеннен кейін де көптеген балалар мен ата-аналардан және ұстаздардан жақсы пікірлер алдық. Әр жыл сайын өткізіп тұру өтініштерін де айтты. Гала-концертте дарынды балалар Роза Рымбаева, Айжан Нұрмағамбетова, Құрмаш Махан, Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Меңдіғалиева, Әлібек Әлмәдиев, Рухия Байдукенова, Дидар Әбдухалық, «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Меломен» тобы, «Forte Trio», «Saz&Soul», Әділхан Макин, Гүлдана Акимова (флейта) сынды «Қазақконцерттің» солистері, танымал өнер жұлдыздары мен шығармашылық топтарымен бірге сахнаға шықты. Орта Азиядағы ең алғашқы «Қанаттылар» инклюзивті театрының әртістері де өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, «Qazaqstan» Орталық концерт залында жас өнерпаздардың бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылды. Фестивальге еліміздің әр өңірлерінен көптеген жас өнерпаздар келді. Атап айтатын болсақ, Түркістан, Шымкент қалаларынан, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан, Астана қаласындағы BINOM мектебі мен «Нұрлы жүрек» мектеп-интернатынан 150-ге жуық дарынды балалар қатысты. Сонымен қатар гала-концертте XVII «BI Жұлдызай» фестивалінің лауреаты Рузахмет Валиевтің орындауында «Мейірім керек» атты жаңа бейнебаянның тұсаукесері өтті. Қай заманда болсын, қандай қоғамда болсын бала тәрбиесі өзекті мәселелерге айналды. Ең алғаш шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, өз тілін, дінін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын баланың санасында мейлінше сақтап қалуға біз әрқашанда тырысуымыз керек. Ұлағатты тәрбие, ұлағатты ұрпақ деген міне осыдан шықса керек.

Ақтоты Райымқұлова, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры