Жұмысшылар мұның бәрін «Қазфосфат» акцияларының ресейлік азаматтарға сатылып кетуімен байланыстырады. Серіктестікке иелік еткен ресейліктер тіпті цехтың басшылығына өз отандастарын қойып, қазақтарды шеттете берген. Сондықтан зауыт қызметкерлері кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтаруды талап етіп жатыр.
Көп ұзамай зауыт жұмысшылары көтерген мәселелерге өзіміздің де көзіміз жетті. Мәселен, Олег Куликовты қызметтен босату туралы бұйрық тек орыс тілінде жазылған. Бұл кәсіпорында ресми тіл негізгі қолданыста болып, мемлекеттік тіл мүлде елеусіз қалғанын көрсетеді. Айлық жалақының да алшақтығы шындыққа жанасатын секілді. Себебі зауыт қызметкерлері басқарма басшысы ара-тұра Мәскеуге арнайы ұшақпен ұшатынын айтып отыр.
Расында, «Қазфосфат» ЖШС Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров қызметінен кеткеннен кейін жүрісінен жаңылды. Оның орнына келген Нұрхан Нығматуллин шетелдік серіктес компаниялармен сөзге келіп қалып, экспорт көлемі бірден төмендеп кеткен екен. Тіпті, кәсіпорынның жаңа басшысы зауытқа оққағарларымен келіп, жұмысшыларға тіл тигізгені де айтылған. Соның салдарынан кәсіпорында талай жыл еңбек еткен қызметкерлердің кейбірі өз еркімен жұмыстан шығып кеткен.
– «Қазфосфат» жауапкершілігі серіктестігін 17 жыл басқардым. Сондықтан кәсіпорында болып жатқан жағдай менің жаныма батады. Өндіріс орнын басқарғанымда басшылық қызметке шетелден бір азамат шақырған емеспін. Барлығы өзіміздің азаматтар болды. Ал жұмысшылардың 85 пайызы жергілікті тұрғындар еді. Қазіргі кәсіпорын басшылығының саясатын түсінбеймін. Өзіміздің кадрлар тұрғанда Ресейден маман шақырудың қаншалықты қажеті бар? Оған қоса, шеттен келген мамандарға қомақты жалақы төлеу де ақылға қонымсыздау. «Қазфосфат»-тағы кейінгі жағдайларды бақылап отырып өзім әлеуметтік қақтығыс болатынын сездім. Біз Әділетті Қазақстан құрғымыз келсе, ең бірінші ұжымдар арасында әділеттілік орнатуымыз керек. Кешегі толқудан кейін мұндай жағдайлар Жаңатас, Қаратау қалаларындағы цехтарда да болуы мүмкін. Сондықтан жауаптылар өндіріс орнындағы жұмысшыларды бөле-жарып қарамай, барлық кәсіпорында бірдей жағдай жасауы керек. Әйтпесе, ұжымдық кикілжіңдер қайта көрініс табуы ықтимал. Бұл тұрғыда облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы қайда қарап отырғанын түсінбеймін. Ұжымдарды қадағалап, еңбек адамдарының жағдайын білу солардың тікелей міндеті. Сондықтан «Қазфосфаттағы» жағдайды зауыт басшылығы да, жергілікті билік те жіті назарға алады деп сенемін, – дейді «Қазфосфат» ЖШС-ның бұрынғы басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров.Мұқаш Зұлқарнайұлының сөзі орынсыз дей алмайсың. Себебі «Қазфосфатта» кейінгі кездері болып жатқан жағдайларды көпшілік естіп, біліп отыр. Мәселен, шілде айында кәсіпорынның қондырғысы істен шығып, Тараз қаласын көк түтін басып қалса, кейіннен зауытта құрылыс жүргізіп жатқан бір азамат биіктен құлап мерт болды. Шындап келгенде, өңірдегі ең ірі кәсіпорындағы осы сынды жағдайлар ойландырмай қоймайды. Сондықтан ендігі кезекте кәсіпорынды талан-таражға салмай, тірлігін тіктеудің жолын іздеген жөн сияқты. Айтпақшы, Олег Куликовке жұдырығын ала жүгірген азаматты тәртіп сақшылары алып кеткеннен кейін тағдырына алаңдап қалған болатынбыз. Алайда сенімді дереккөздің ақпаратына сүйенсек, жәбірленуші кеше арызын қайтарып алып, ол бостандыққа шығыпты.
Жамбыл облысы