Күріш қалдығынан қағаз өндіреді
Күріш қалдығынан қағаз өндіреді
664
оқылды
Қызылордалық ғалымдар күріштің сабағы мен қауызынан қағаз жасаудың ерекше әдісін тапты. Ғылыми жоба иелері бұл өнімнің кәдімгі кеңсе қағазынан кем түспейтінін айтады. Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетінің ғы­лыми қызметкерлері бұл жобаны осыдан бес жыл бұрын қолға алып­ты. Жеті-сегіз адамнан құ­рыл­ған жұмыс тобы ғылыми жобаны жетілдіруге көп күш жұмсаған. Соның негізінде күріштің сабағы мен қауызынан күнделікті қолданыстағы кеңсе қағазы мен әжетхана қағазын өндірудің жолын тапқан. Бүгінде авторлары ғы­лыми жобасын патенттеп те алған.
«Бұл ғылыми жобаны жүзеге асыру үшін көп іздендік. Күн-түн демей, еңбек еттік. Бес жылғы ізденісіміз нәтижелі аяқталды. Өткен жолы Алматыдан арнайы қағаз шығаратын зауыттың мамандары келіп, жобамызға қолдау білдірді. Сыр елінен әжетхана қағазын шы­ғаратын өндіріс орнын ашуға ұсы­ныс білдірді. Негізінен ғылыми жоба зертханада бірнеше кезең бойынша сынақтан өтті. Ұзақ ізденістің арқасында микротолқынды пеште 180 ватт арқылы аз мер­зімде целюллоза дайындауға қол жеткіздік. Әлемдік тәжірибеде қағазды қазанға қайнатып, дайындау процесі қолданылады. Ал біз уақыт үнемдеудің тәсілін таптық. Соңғы сынақ нәтижесінде таза ақ түсті жазу-сызуға арналған қағаз шығаруға қол жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ сары түсті әжетхана қа­ғазын да жасауға болады. Ғалым­дарды осы жетістігіміз қызықтырды», – дейді оқу орнының ғылыми қызметкері Динара Ниязова.
Жалпы облыста жылына шамамен 500 мың тоннаға жуық кү­ріш өсірілсе, оның сабағы мен қауы­зы өртеу арқылы жойылып ке­леді. Бұл экологияға айтарлық­тай зиянын тигізіп жатқаны ащы да болса шындық. Ал күріштің са­б­а­ғы мен қауызын кәдеге жарату ар­қылы жыл сайын табиғатқа келетін қауіпті жоюға болады. Оқу орнының ғылыми қызметкерлері осындай жаңалық енгізіп отыр. Бұл жұмыс іргелі оқу орнының «Инжинирингтік технологиялар және экология» кафедрасының профессоры Нұрбол Аппазовтың жетекшілігімен жүргізілген. Профессорға университет студенттері де қолғабыс етеді.
«Бүгінде ғылыми қызметкерлермен бірлесе жасаған өніміміз зертханада түйіршік күйінде тұр. Бұл түйіршіктен кеңсе қағазы, қат­ты қағаздар мен әжетхана қағазын дайындауға болады. Біз жасап шық­­қан шикізатты пайдалана оты­­рып, ары қарай дайын өнім шы­­ғару зауыттардың жұмысы. Жуырда Ал­матыдан келген зауыт ма­ман­дары өнімімізге зор қызығу­шылық танытып, бұл жобаны ары қарай да­мытуға ниетті екенін білдірді» – деді тәлімгерлер тобының же­тек­шісі, профессор Нұрбол Аппазов.
Жалпы елімізде мұндай ғылыми жоба тұңғыш рет қолға алынған. Ал әлемдік тәжірибеде қағаз өндірісі түрлі тәсіл бойынша дайындалады. Көршілес Ресей мемлекетінде де түрлі қағаз дайындау әдістері қолданылады екен. Алайда Сыр өңіріндегі ғылыми қызметкерлер мен тәлімгерлердің ойлап тапқан тәсілі әлем бойынша бірегей жоба саналады.

Қызылорда облысы