Сондықтан Президент өз Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылауға ерекше тоқталды. Ол осы іске ЖИ технологияларын қолданатын жаңа жүйе жасауды, саланы толыққанды цифрландыруды тапсырды. Бұл бағытта бүгінде не істелді?
Цифрлық жүйелер үйлесімге келді
– Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 5 қыркүйектегі Жолдауында.
Жаңа міндеттер медициналық қызмет көрсету үдерісін заманауи талаптарға сай түбегейлі жаңғыртуға серпін берді. Мәселен, денсаулық сақтау саласындағы бытыраңқы ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы сапалы өзгерістерге қол жеткізу көзделді. Ұзақ жылдар бойы қатар, тіпті бір-бірімен бақталастықта жұмыс істеп келген сан алуан жүйе ақпарат алмасуды қиындатып келген-тін.
Енді медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға қызмет ететін «денсаулық сақтау деректерінің бірыңғай цифрлық контурын» құру басталды. Сектордағы әр жаққа шашыраған 23 меджүйені бірыңғай цифрлық діңгекке біріктіру жұмысы жүргізіліп жатыр: оның құрамында 12 жеке медициналық ақпараттық жүйе бар.
ІІМ, Еңбекмині, Әділет, Қаржы, Ғылым және жоғары білім министрліктері сияқты мемлекеттік органдардың 50-ден астам ақпараттық жүйесімен тиісті интеграция жасалды. Денсаулық сақтау минис-трі Ақмарал Әлназарова бұл бағыттағы атқарылып жатқан істердің мәнін түсіндірді.
– Президент тапсырмасына сәйкес, Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе (БММАЖ) құрылу үстінде. Ол барлық шашыраңқы жекеменшік ақпараттық жүйені бір жүйеге біріктіріп, дәрігердің бірыңғай жұмыс құралына айналуға тиіс. Қазірдің өзінде Денсауминінің 12 жүйесінің 7-еуі біріктірілді. Енді деректер бір рет қана енгізіліп, құжаттар автоматты түрде қалыптастырылады. Бұл дәрігердің ақпарат енгізуге жұмсайтын уақытын 40%-ға қысқартуға мүмкіндік берді! – деді А.Әлназарова. Бұл өзгеріс дәрігерлердің қолын босатып, емдеу үдерісіне, сырқатқа көбірек көңіл бөлуіне жол ашпақ. Осы жаңа жүйені толық іске қосу жыл соңына, 2026 жылғы 1 желтоқсанға жоспарланған.
Деректер қатаң бақылауға алынды
Цифрландыру аясында әрі ақпараттық қауіпсіздік пен қаржының орынды жұмсалуын қадағалау үшін бірыңғай деректер қоймасы жасақталды. Бұл қоймаға 12 жеке медициналық ақпараттық жүйеден, сондай-ақ түрлі тізілім-реестрлер мен анықтамалықтардан маңызды ақпараттар тоғытылды. Бүгінде жүйе ішінде 62 медициналық оқиға бойынша 486 автоматты тексеру түрі жүргізіледі. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап медициналық көмекті төлеу ісі тікелей осы деректер қоймасындағы мәліметтер негізінде жүзеге асырыла бастады.
Мұның түпкі мақсаты – қаржының дұрыс жұмсалуын қадағалау. Министр Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 23 бытыраңқы жүйеден e-Densaulyq бірыңғай экожүйесіне көшу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың медтехника және 257 мың медқызметкерінің деректері цифрландырылды.
Министр цифрлық бақылауды күшейтудің оң нәтижесі ретінде меджүйеден 1,4 млн рецептісі бар пациенттердің ескірген 400 мың картасының жойылғанын келтірді. Бұл мемлекетке бюджеттен 31 млрд теңге шығыстарды үнемдеуіне мүмкіндік берген. Медқызметтерді негізсіз тұтыну 7,1%-ға немесе 7 млрд теңгедейге төмендепті. Бұл ретте қателерді анықтау тиімділігі 3,5 есеге артты.
Интеграцияланған орта тек қаржылық бақылаумен шектелмей, кадрлық және лицензиялық талаптардың сақталуын қатаң қадағалауға жол ашты. Цифрлық тексеру барысында арнайы лицензиясы жоқ 38 медұйымның қызметі анықталып, оның 27-сінің жұмысы толығымен тоқтатылды. Бұдан бөлек, сертификаттарының қолданылу мерзімі өткен 2 188 медицина қызметкері уақытша жұмыстан шеттетілді. Бұл жүйе салада әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды құралына айналмақ.
Сондай-ақ бұрын жекелеген жүйеде шашырап жатқан деректер бір арнаға түйіскенде қайтыс болған азаматтарға «көрсетілді» делінген қызметтер немесе бір дәрігердің бір мезгілде әртүрлі өңірде жұмыс істеп жатқаны сияқты келеңсіз жағдайлар бірден әшкереленді. Мұндай ашықтық емдеу сапасына нұқсан келтіретін теріс әрекеттердің алдын алуға септігін тигізуге тиіс. Технологияның тегеурінді тетіктері азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғаудың берік қалқанына айналса құп.
Әр пациенттің «шежіресі» жазылады
Кейінгі кезде ең құрығанда бір рет мемлекеттік емханаға немесе ауруханаға жүгінген Қазақстан тұрғындарының медициналық өмірбаяны – «пациенттің цифрлық профилі» түзіліп жатыр. Азаматтардың денсаулық тарихын жүйелі түрде жүргізу ісі де жаңа деңгейге көтерілді. ДСМ түсіндіруінше, әрбір сырқаттың медициналық тарихы 2012 жылдан бері әрбір тұрғынға жеке бекітіліп, деректер оның тұрғылықты немесе тіркелген жеріне қарамастан сақталады.
Азаматтардың цифрлық профилі 20 миллионнан асты. Ал электрондық құжаттар саны 13,8 миллионға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы қаңтардан бері 2,2 есеге өскен. Сонымен қатар бұл «досьеден» дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 млн азаматтың пайдаланғаны анықталды. Әрбір пациенттің жеке профилінде оның медициналық тарихы, тағайындаулары, жүргізілген зерттеулері мен талдаулары, алған вакцинациялары мен аллергиялық реакциялары жинақталған.
Бұл модельдің басты артықшылығы – науқастың емделу тарихы бір ғана емхананың қабырғасымен шектеліп қалмайтынында. Еліміздің кез келген бұрышындағы білікті дәрігер пациенттің бұрынғы зерттеу нәтижелеріне цифрлық форматта қол жеткізіп, динамикада талдай алады. Дегенмен бұл бағыттағы кейбір міндеттер әлі де аяқталмаған: ДСМ дерегінше, олар кезең-кезеңімен іске асырылады. Атап айтқанда, скрининг пен вакцинациядан өту туралы автоматты хабарламаларды іске қосу 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолға алынбақ.

Мұның сыртында денсаулық сақтау жүйелері мен ішкі істер органдарының ақпараттық жүйелерін интеграциялау нәтижесінде көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтар жаппай анықталып жатыр. Бүгінде шамамен 10,5 мыңға жуық жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылып, олар машина рөлінен шеттетілді.
ЖИ – ақ халаттының серігі
Жасанды интеллект технологиясын медицина саласына батыл енгізу – Жолдаудағы басты міндеттің бірі болғаны белгілі. Қазірдің өзінде озық шешімдер клиникалық практикада кеңінен қолданылып, игілігін бере бастады. Елде 40-тан астам ЖИ жобасы пайдаланылады және бұл технология 700-ден астам медициналық ұйымда жұмыс істейді. Еліміздің 15 өңірінде жасанды интеллект көмегімен диагностика жасау үрдісі жолға қойылыпты. 4 ЖОО-да осы бағытта арнайы орталықтар ашылды.
Денсаулық сақтау министрі ЖИ ақ халаттыларды ауыстырмайтынын атап өтті: ол дәрігердің жұмысын жеңілдетіп, ақпаратты жылдам өңдеуге жәрдемдесетін сенімді көмекші. Мәселен, онкологияда өкпе және сүт безі обырын ерте анықтау көрсеткішін 32,2 пайызға арттыруға болатыны хабарланды. Инсульт диагностикасында қолданылатын жүйе бұл процесті 3 есеге дейін жылдамдатса, стоматологиядағы жаңашылдықтар диагностикалық жұмысты 20 есеге дейін тездетуге қауқарлы.
ЖИ элементтері бар цифрлық шешімдердің қатарында «Суық тізбек» жобасы аталды: ол вакциналарды қоймадан медициналық ұйымға дейін дұрыс сақтап, тасымалдау жағдайларын автоматты түрде бақылауға арналған. Температура датчиктері сақтау жағдайларын, ал GPS-мониторинг иммундық препараттарды тасымалдау барысын қадағалайды. Пилоттық жоба 2025 жылы Қарағанды облысында сынақтан өткен. Биылғы 1 қазаннан жобаны бүкіл ел аумағында кезең-кезеңімен енгізу басталады. Жүйе елдің барлық өңіріндегі 3,5 мыңнан астам нысан мен 800 бірлік арнайы тоңазытқыш-көлікті қамтымақ.
Полицейлер үлгісінде, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» АҚ шешімдері негізінде смарт-бейнежетондар енгізіліп жатыр. Құрылғы қауіпті жағдайларды тіркейді. Пациент, басқалар шабуыл жасаса, өзге қауіп төнсе, патрульдік полиция жасағы оқиға орнына шұғыл жетуі үшін сигнал Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына автоматты түрде жіберіледі. Әзірге қанатқақты жоба екі өңірде – Шымкент қаласы мен Жамбыл облысында іске қосылған. Жобаны сынауды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жетондармен 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы және 3,8 мыңнан астам медицина қызметкері қамтылады.
Стационарлардағы бейнеаналитика және SOS батырмасы жүйесі қабылдау бөлімдеріне арналған кешенді шешім. Ол медицина қызметкерлеріне қатысты агрессия фактілерін анықтау үшін «ақылды» камералар орнатуды көздейді. Ақпарат Полиция департаментіне, медициналық ахуал орталығына және медұйымның күзет қызметіне жедел түрде беріледі. Көшелерде SOS батырмалары орнатылады. Оның көмегімен азаматтар патрульдік полицияны өз бетінше шақыра алады. Жүйе Астанада, Шымкентте және Жамбыл облысында енгізілу үстінде.
Шалғай аудандардың тұрғындарына мамандардың қашықтан кеңес беруін қамтамасыз ететін цифрлық телемедицина шешімдері енгізілді. Бұл – қияндағы ауылдықтарға қомақты қолдау. Жыл басынан бері 1 миллионнан астам телеконсультация өткізілді. 2,1 миллионнан астам адам қашықтан медқызмет алды: оның 39%-ы ауыл тұрғындары. Жоба ауылдардағы 655 фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды, 72 қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін қамтиды.
2026 жылдың 1 қыркүйегінде оқушыларды алдын ала тексеруге де телемедицина енгізілді. Онымен 8 мыңға жуық мектепті қамту жоспарлануда. Қашықтан кеңес беру форматында ЭКГ, экспресс-талдаулар және цифрлық медициналық құрылғыларды қолданумен жасалатын тексерулер қолжетімді көрінеді. Алдағы уақытта бұл тізімге УДЗ, офтальмоскоп және тағы да басқа зерттеулер қосылмақ.
ЖИ қолданатын орталықтандырылған телерадиология бүкіл ел бойынша 400-ден астам медұйымды байланыстырады. ЖИ алгоритмдері КТ, МРТ және маммография суреттерін талдауға мүмкіндік беретін көрінеді. Бұл диагностикаға жұмсалатын уақытты 4 еседен астам қысқартады. Мұндай озық шешімдер әсіресе мамандар тапшы аймақтарда аса қажет.
ЖИ базасындағы Akylmed.AI медициналық коммуникациялардың бірыңғай жүйесі пациенттерді тәулік бойы онлайн-жазу, скринингтер мен профилактикалық тексерулерге автоматты түрде шақыру, сондай-ақ қабылдау сапасы туралы кері байланыс орнату үшін енгізіледі. Қоңырау шалатын AI-көмекшілер қабылдауға жазылып, емханаға келмей қалу оқиғаларын 3 есеге жуық азайтуға және ресепшн-тіркеу орындарына жүктемені айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беріпті.
Сондықтан бүгінгі кезеңді цифрлық медицинаның қалыптасу дәуірі деп атауға негіз бар. Басты мақсат – басталған ізгі бастамаларды аяғына жеткізіп, оңды нәтижеге қол жеткізу. Мемлекет басшысының тапсырмасы медициналық қызметтің сапалы, бақылауға қолайлы және әрбір азаматқа қолжетімді болуына бағытталған. «Ақылды» медицина мен заманауи цифрлық технологиялар дұрыс тоғысса, бұл денсаулық сақтау саласын түбегейлі жаңғыртып, әрбір азаматтың өмір сапасын арттыру жолындағы жарқын болашақтың берік іргетасына айналмақ.
АЙХАН ШӘРІП
