Аймағамбетов: Ата-аналар баласы аутизммен ауыратынын мектепке барғанда бір-ақ біледі
Аймағамбетов: Ата-аналар баласы аутизммен ауыратынын мектепке барғанда бір-ақ біледі
Фото: tengrinews.kz
796
оқылды
Бүгін Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетов аутизм мәселелері бойынша үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді. Жиын туралы Facebook-тағы парақшасында жазды. Министрдің айтуынша, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен ерекше балаларға қолдау көрсету мәселелерін және арнайы әзірленіп жатқан Жол картасының жобасы талқыланды. Мамандардың пікірі мен ұсынысын ескере отырып, уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, аутизмі бар балалармен жұмыс жөніндегі кешенді құжатты бекітуді жоспарлап отырмыз. Біріншіден. Бүгінгі күнгі өзекті мәселе – балалардағы аутизмді дер кезінде анықтау. Негізінде ол бала мектепке дейінгі ұйымға келген кезде анықтала бастайды. Аутизм белгілерін байқаған тәрбиешілер ПМПК немесе емханаға жүгінуді ұсынады. Ең өкініштісі, көпшілігі мұны мектеп жасында, бала бірінші сыныпқа барған кезде анықтайды. Аутизм дер кезінде, ерте кезеңде анықталатындай шаралар қабылдау қажет, сонда ғана қолдау көрсету тиімді  болады. Екіншісі – аутизм синдромы бар балалардың ата-аналарына қолдау көрсету. Ата-аналар ерекше қажеттіліктер туралы білгенде, мамандар іздей бастайды. Әдістемелермен жұмыс істеу, ата-аналарға онлайн курстар ұйымдастыру маңызды. Бірнеше модуль әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, ата-аналар аутизм туралы алғаш білгенде не істеу керек, қайда барып, қандай шаралар қолдану керек, қандай көмек алуға болатыны сияқты кіріспе курс. Баланы үйде қалай оңалтуға болатыны туралы ата-аналарға арналған басқа да арнайы онлайн бағдарламалар дайындау жоспарда бар. Үшіншіден, мектептерде балаларға оқу кезінде көмек көрсететін педагог-ассистент лауазымын енгіздік. Мектепке дейінгі ұйымдарға да педагог-ассистент штатын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ оларға білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға көмектесетін жеке көмекшілер беру қажет. Төртіншіден, балабақшалар мен мектептердегі ресурстық орталықтарды одан әрі дамыту керек. Қазірдің өзінде ондаған орталық ашылды. Енді олардың жұмысын үйлестіру мен қолдау қажет. Республикалық орталықта осы жұмысты жүргізетін супервайзер мамандарды штатқа енгізуді жоспарлап отырмыз. Бесіншіден, ПМПК психологиялық-педагогикалық модельде жұмыс істеуі керек. Мамандарымыздың міндеті – педагогикалық, психологиялық қолдау көрсету. Үш жылдың ішінде ПМПК саны шамамен үштен бірге көбейгенін айта кеткен жөн. Бұл –  өте маңызды динамика. Бірақ әлі де сұрақтар бар, сондықтан биыл жаңа заң жобасына бастама жасадық. Осы түзетулердің нәтижесінде қазір 50 мың балаға бір ПМПК ашудың жаңа нормативі белгіленді. Бұл бізге тағы 36 ПМПК ашуға мүмкіндік береді. ЕБҚ (ерекше білім беру қажеттілігі) бар балаларды қамтуды арттырудың тағы бір тиімді тетігі – мемлекеттік тапсырысты жекеменшік ұйымдар арасында орналастыру. Министрлік бастамашы болған заң жобасы мемлекеттік тапсырысты, оның ішінде ҮЕҰ және аутизмі бар балалармен жұмыс істеуге маманданған басқа да жекеменшік ұйымдар арасында орналастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, жекеменшік орталықтар арқылы да қолдау көрсетеміз. Өңірлерде түзету кабинеттері мен аутизм орталықтарының желісін одан әрі дамытамыз. Бүгінде 12 аутизм орталығы жұмыс істейді, келесі жылы өңірлерде осындай тағы 8 орталық ашылуы қажет. Сонымен қатар диагностиканың да, оңалтудың да бағдарламалары, әдістері мен процедуралары бойынша жұмыс істеу қажет. Алтыншыдан, мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс істейміз. Біз университеттерге ПМПК мұғалімдері, психологтері және түзету кабинеттері үшін мамандандырылған магистратура ашуды ұсынып отырмыз. Бұл ПМПК, ППТК және орталықтардың мамандары сұхбат арқылы ағылшын тілінсіз түсуі үшін қажет. Бакалавриат бағдарламалары аясында даярлау, курстарда мамандарымыздың біліктілігін арттыру бүгінде ерекше назар аударуды қажет етеді.