Астанада симфониялық музыка тыңдармандарына арналған ерекше концерт өтеді
Астанада симфониялық музыка тыңдармандарына арналған ерекше концерт өтеді
5,836
оқылды
2022 жылғы 9 желтоқсанда, сағат 19.00-де Астана қаласының  QAZAQSTAN  орталық концерт залында тарихы бай, теңдесі жоқ ұжым – Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің (ҚР МАСО) концерті өтеді. Аталмыш гастрольдік концертті ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымымен бірлесе ұйымдастырып отыр.  Концертке Еуропаның жетекші скрипкашысы, Мадридтегі  Katarina Gurska  жоғары музыка мектебінің профессоры, отандасымыз – Ержан Кулибаев, сондай-ақ бүгінде халқымыздың ұлттық музыкалық өнерін дәріптеп, музыкалық саз аспаптарын әлемге танытып жүрген Қазақстанның ең танымал «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі қатысады. Концерттік шара Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қанат Омаровтың басқаруымен өтеді. Астаналық тыңдармандар назарына жауһар туындылар – Я.Сибелиустің оркестр мен скрипкаға арналған ре минор концерті, С.Рахманиновтың екінші симфониясы мен композитор А.Райымқұлованың «Дала сыры» симфониялық поэмасы ұсынылатын болады. «Дала сыры» симфониялық поэмасында орган, скрипка, флейта, басқа да классикалық аспаптарының үні домбыра, дауылпаз, жетіген, қобыз, сыбызғымен жарасым табады. Қазақ даласының тарихын, ерлік пен өрлік, сабыр мен даналық философиясын елестететін шығарманы симфониялық оркестр «Тұран» ансамблімен бірігіп орындайды. Екі түрлі ұжымның, екі түрлі бағыттың синтезі тыңдармандарды керемет әсерге бөлейді. Айта кетейік, «Дала сыры» симфониялық поэмасының халықаралық премьерасы Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттік оркестрімен Германияның бес қаласында, концерттік тур аясында өтті. Сондай-ақ поэма  Еуропада ғана емес, Ресейдің Мариин театры мен Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залында орындалып, тыңдармандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.