«Облыстағы балық шаруашылығын дамыту қажет. Бұл – осы аймақтың экономикасында маңызды рөл атқаратын сала. Каспий теңізі мен Жайық өзенінде балықтың түр-түрі бар. Жыл басынан бері мұнда 12 мың тонна балық ауланды. Оны өңдеу және дайын өнім шығару ісі дамып жатыр. Дегенмен балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шара қабылдау қажет. Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары», – деді Мемлекет басшысы.Сондай-ақ Президент 2025 жылға дейін бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін 8 кәсіпорын ашылатынын мәлімдеді. Бұл, әрине, жақсы жаңалық. Енді балық шаруашылығының Атыраудағы қазіргі шынайы жағдайына келейік. Бірінші, балық аулау жайы. Көктемде Жайық–Каспий бассейні бойынша 11 225 тоннаға жуық балық ауланды. Оның ішінде Жайық өзенінде 2 850 тонна, Қиғаш өзенінде 2 505 тонна, Каспий теңізінде 5 870 тонна балық ауланды. Бір қарағанда, ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш болғанымен, балық аулауға бөлінген 20 мың тонна лимит толық игерілмеді. Неге? Қазбалап келгенде, оның себебі тереңде екенін аңғардық.
Мамандар Жайық және Қиғаш өзендерінің Каспий теңізіне құяр тұстарының, яғни сағаларының тым таяздап кеткеніне алаңдаулы. «Соның салдарынан көктемгі маусымда балық шаруашылығы субъектілерінің кемелері теңізге қарай шыға алмай, қиындықтар туындады», – дейді Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.Ашығын айту керек, балық шаруашылығы мен өндірісін дамытуда Атырау облысы үшін Жайық және Қиғаш өзендерінің маңызы өте зор. Бұл өзендердің бойында 19 балық шаруашылығы кәсіпорны кәсіптік балық аулаумен айналысады. Бірақ Жайық және Қиғаш өзендерінің Каспий теңізіне құяр сағасының таяздануы мемлекеттік деңгейде дереу шаралар алынуы керек екенін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде Жайық өзенінің теңізге құяр тұсы небәрі 30-40 сантиметрді құраған. Қиғаш өзенінің құяр сағасы тіпті бітеліп қалған.
«Бұл жағдай Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жағалау күзеті кемелерінің, Солтүстік Қашаған жедел құтқару экипажының құтқару кемелері, облыстағы 19 балық шаруашылығы кәсіпорындары кемелерінің теңізге кіріп-шығуына үлкен қиындық келтіріп отыр. Апатты жағдай аймақтағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға теріс әсер етуде. Өйткені 4 000-нан астам балықшыны біріктіретін 800-ге жуық балық аулау бригадасы теңізге шыға алмай, табыс көзінен айырылуда. Облыстағы балық шаруашылығы субъектілерінің қаржы институттары алдындағы 1,7 млрд теңгеге жуық берешегін өтеуге үлкен қиындық келтіруде. Балықтардың негізгі бөлігінің уылдырық шашатын табиғи орны болып саналатын Жайық және Қиғаш өзендеріне балықтар кіре алмай, мекендейтін орындарын ауыстырып, Каспий теңізінің жағалауындағы басқа елдерге қарай миграциялау жолдарын өзгертуі әбден мүмкін. Сондықтан осы аталған жерлерге жедел түрде түп тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет», – дейді Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.Егер күрделі мәселе оң шешілмесе, Жайық, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізінің арасы үзіліп, орны толмас экологиялық апат болуы мүмкін. Себебі өзен мен теңіз арасының үзілуі, су құрамындағы оттегінің азаюының әсерінен, балықтардың жаппай қырылуына әкеліп соғады.
«Сондықтан Жайық өзенінің сағалық кеңесінің ұзындығы – 6 шақырым, ені – 40 метр, тереңдігі – 3,60 метр көлемінде, ал Қиғаш өзенінің сағалық кеңесінің ұзындығы – 20 шақырым, ені – 30 метр, тереңдігі 2,5 метрге дейін су түбін түп тереңдету жұмыстарын жүргізу мәселесін шұғыл шешу қажет», – дейді Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.Балық қырылу дегеннен шығады, Атырауда әлі күнге бұл мәселенің шешімі табылған жоқ. Биылғы сәуір-маусым айларының өзінде облыста 1 тонна 493 келі балық өлу фактісі болған. Өткен жылы 12 тонна балық қырылған еді. Соның ішінде Атырау қаласында «Бақсай» каналында 65 келі, Махамбет ауданында «Алмағамбет» су айдынында 1 тонна 428 келі өлі каракөз балығының шабақтары жиналды.
Қазір су көздері жергілікті атқарушы органдары Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, балық өлу жағдайларының алдын алу және балық қорын молайту бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Бірақ оның өзі жеткіліксіз. «Қазір орман қоры жерінің аумағында орналасқан су айдындарында, балық өлу қаупі өте жоғары. Мысалы, Жайық-Каспий облысаралық инспекциясының басшысымен бірге су көздерін қарап шықтым. Сол кезде көлдердің арналары қоқысқа толып жатқанына куә болдым. Ол жерлерде өсімдіктер, тұрмыстық қоқыстың, қураған ағаш қалдықтарынан аяқ алып жүру мүмкін емес», – дейді Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.Тағы бір күрделі мәселе – Атыраудағы бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін екі шаруашылықтың дәл қазіргі уақытта жағдайы мүшкіл. Атыраудағы бекіре өсіретін зауыт ашылғаннан бері 24 жылдың ішінде бірде-бір рет жөнделмеген. Кәсіпорындағы қондырғылардың бәрі тозған. Еңбек өнімділігі туралы әңгіме қозғаудың өзі ұят. Әсіресе, тоғандарға су жеткізетін 4 сорғы әбден ескірген. Үздіксіз 8 сағат су айдауы тиіс техника қазір бар-жоғы 3 сағат қана жұмыс істейді. Тозығы жеткен сүзгілер мен тоғандар еңбек өнімділігін арттыруға кедергі. Бассейндердің де жағдайы мәз емес.
Рас, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев бұл мәселеге байланысты сең қозғалғанын мәлімдеді. «Атырау облысында бекіре өсіру зауыттарын жаңғыртуға қатысты инвестициялық ұсыныстар әзірленеді. Жыл сайын табиғи су қоймаларында балық ресурстарын сақтау және көбейту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары жыл сайын балық шабақтарының өсімін қамтамасыз етеді. Бірақ олардың өндірістік базасы тозған, жаңғырту жүргізуді қажет етеді», – деді Серікқали Брекешев Үкімет сағатында. Бірақ бұл мәселенің өзі бір-екі жылда шешіле қояды дегенге сену қиын.Бағамдап қарасақ, балық шаруашылығы осы салаға қатысты ведомство, мекеме-зауыттардың ғана мәселесі емес. Шаруашылықтың дамуына облыстың әр тұрғыны тікелей жауапты. Өйткені мемлекеттік деңгейдегі проблемалық мәселелерді былай қойғанның өзінде, қарапайым күнделікті ойланбай тастай салатын қоқыстарымыз су маржандарының оттегі жетпей қырылуына әкеліп жатыр. Сондықтан табиғатқа қаморлықты ең болмағанда өзімізден бастап үйренсек екен..
Атырау облысы