Бас қаладағы тұрғын үй алаптарына жоғары сапалы интернет тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әкімдіктің алға қойған жоспары жүзеге асса, жақын арада тұрғындар заманауи байланыс желісінің кең ауқымды мүмкіндіктерінің игілігін іс жүзінде көре бастайды.
Астана қаласы әкімдігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының Цифрландыру бөлімінің бас маманы Ғани Бағдаулеттің айтуынша, бүгінде басқарма «Астана – АЭК» АҚ және инвесторлардың толықтай қаржыландыру есебінен тұрғын алаптарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын әзірлеуге кіріскен. Ол үшін алаптарда электр және жарықтандыру бағаналары орнатылыпты. Айталық «Көктал» елді мекеніне 16 мың шақырым кабелді желі тартылған. Ал жақында тұрғын алапта алғашқы абоненттер жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Қазірдің өзінде тұрғындардан 50-ден астам өтініш келіп түскен. Алдағы уақытта ауа райының қолайлылығына сәйкес күніне 5 абоненттен қосу жоспарланып отыр. Тарифтік жоспар жылдамдыққа байланысты 4 500 теңгеден басталады. Интернеттің жылдамдығы 5 Мгбит секундтан 500 Мгбит секундқа дейін қамтамасыз етіледі.
«Сондай-ақ жыл соңына дейін «Үркер» тұрғын алабын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қарастырылуда. Бүгінде тұрғын алап бойынша 20 шақырымдық кабель желісі тартылды. Алғашқы абоненттер желтоқсан айының басынан бастап интернетке қосылады. «Үркер» тұрғын алабы бойынша 40-тан астам өтініш келіп түскен. Бұл алапта да тарифтік жоспар 4 500 теңгеден басталады. Бұдан бөлек, «Көктал 1», «Агроқалашық», «Интернационал», «Оңтүстік шығыс», «Промышленный», «Күйгенжар», «Мичурино», «Казгородок», «Кирпичный», «Өндіріс», «Телман» тұрғын үй алаптары бойынша бірнеше инвесторлармен жұмыс жүріп жатыр. Жалпы қалаға тартылатын инвестиция көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды», – дейді Ғани Асқарұлы. Сонымен қатар ол «Үркер» тұрғын үй алабындағы жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылу бойынша техникалық жұмыстар аяқталғанын жеткізді. Желтоқсанның басында алғашқы тестілеу жұмыстары жүргізілсе, «Көктал-2» тұрғын алаптарында алғашқы абоненттерді қосу жұмысы басталып қойғанын айтады.
Жақында ғана «Көктал-2» шағын ауданының алғашқы абоненттері интернетке қосылды. Енді тұрғындар талшықты-оптикалық байланыс желілерін пайдалана отырып, жоғары жылдамдықты интернет пен цифрлық телевидение қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Заманауи GPON технологиясы жарықтандыру бағаналары мен электр желілерінің бойымен жұмыс істейді. Ендігі жерде Баршын, Құланөтпес, Саумалкөл, Айдарлы, Ақмола, Ұлытау және т.б көшелер бойында орналасқан 200 үй қосылуға дайын. Сол күні шараға Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов, Сарыарқа ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов, Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Берік Ахметов қатысып, көкталдық тұрғындарды сапалы интернетке қосылуын сүйіншілеген болатын. Ал сервистік компания Баршын көшесі 28/1 үйінде тұратын көпбалалы отбасын интернетке бір жылға тегін қосып беріп, қуантты. Айта кету керек, GPON технологиясының (Gigabit Passive Optical Network) басты артықшылығы жоғары жылдамдығы және сымдарсыз бір желіде бірден бірнеше цифрлық қызметтерді қосу мүмкіндігіне ие. GPON технологиясы абоненттің үйіне оптикалық кабель тартуды қамтамасыз етеді екен.
«Көктал-1» тұрғын алабы келер жылдың ақпан, наурыз айларында толығымен сапалы интернетпен қамтамасыз етілмек. Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының Цифрландыру бөлімінің бас маманы Ғани Бағдаулеттің айтуынша, Сарыарқа ауданы бойынша «Казахский домашний сети» компаниясы жұмыс жүргізіп жатыр. «Қоянды» тұрғын алабында да келесі жылы ұялы байланыс сапасы арттырылады. Қазірдің өзінде инвестор тартылып, антенді-діңгектер салыныпты. Алда байланыс операторларымен бірге базалық станса орнату жоспарланған. Жалпы алғанда 2010-2021 жылдары елордада 17 антенді-діңгекті құрылғы орнатылса, биыл 10 антенді-діңгек салынған. Ендігі жерде тұрғындардың өтініші бойынша абонентті орнату әр мекенжай бойынша жеке қарастырылмақ.