«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы мен «Атамның аманаты» еріктілерден құрылған іздеушілер тобы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тумасы ІІ дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан сарбаз Жақыпбек Биғожиннің жерленген жерін тапты. Марқұмның жерленген жері 78 жылдан бері белгісіз болып келген еді.
Осылайша хабарсыз кеткен ағасының жатқан жерін күні бүгінге дейін іздеп, қапа болған майдангер қарындасының сөнуге айналған үміті қайта тұтанып, арманы орындалды.
Жақыпбек Биғожин Кеңес әскерінің сапында алғашқылардың бірі болып соғысқа аттанып, сол күйі хабарсыз кеткен. 1944 жылы ағасының майдан даласында қаза болғаны туралы қаралы хат келген. Содан бері Кенжетай апа ағасының қабірін іздеумен жүрген. Өкініштісі, осы уақыт аралығында оның қолына ағасына топырақ бұйырған жер туралы бірде-бір дерек түспепті. Кейуана ағасынан келген сағыныш толы хаттар мен құжаттарын көздің қарашығындай сақтап келген.
Қазан айында ол «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, соғыста қаза болған ағасының жерленген жерін табуға көмек қолын созуды сұрайды. Арада бір ай уақыт ішінде партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің мамандары «Атамның аманаты» еріктілерден құралған іздеу тобымен байланысып, апаның тілегін орындады. Қуанышты хабарды партиялықтар Кенжетай апаның үйіне барып жеткізді.
Оқ пен оттың ортасынан оралмаған ағасына қатысты деректі өмір бойы іздеген Кенжетай апаның сүйінші хабарды естігенде көңілі орнына түсіп, марқайып қалды.
– Ағамның бейіті табылады деген ой болған жоқ. Қазір жүріп-тұрудың өзі қиын. Осында таныстарымның бірі «AMANAT» партиясына бармайсың ба?» деген сөзіне құлақ асып қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтінішімді жеткіздім. «Атамның аманаты» іздеу тобына мың да бір рақметімді айтамын. Көңілім орнына түсті. Енді ағамның бейітіне ең болмаса, туған жердің бір уыс топырағын салып, білген аятымды оқып қайтсам деймін. Бірақ оған денсаулық та жібермейді, – дейді разылығын білдірген Кенжетай апа.
Кенжетай апаның ағасы марқұм Жақыпбек Биғожин 1914 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Рузаев ауданына қарасты Фрунзе колхозында туған. 1939 жылы Фин соғысына, одан кейін екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1944 жылы майдан даласында ауыр жараланып, қаза болған. Жауынгердің сүйегі Ресей Федерациясының Тверь қаласындағы «Большие Перемерки» зиратында жерленіпті. Сұрапыл соғыста жауынгер Жақыпбек Биғожин «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Онысын елге жолдаған хаттарында да жазған екен.
Жалпы, «Атамның аманаты» екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз кеткен қазақстандық солдаттардың дерегін іздеумен айналысатын ұйым. Бүгінге дейін ұйымға 5 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Мыңнан астам сарбаздың жерленген жері табылған. Ал, Тверь қаласының маңынан табылған бауырластар зиратында 5 518 солдат пен 270 офицердің денесі жатыр.