Шетелдік көлікпен шалқып жүре ме?
Шетелдік көлікпен шалқып жүре ме?
© коллаж: Қуаныш Аман
1,057
оқылды
Автокөлік тақырыбы қазір халық­тың назарында тұрған дүние екені айтпаса да анық. Оған қатысты әрбір жаңалық қоғамды елең еткізбей қоймайды. Таяуда азаматтарды бір хабар қуантты. Бірнеше жылдық талқылаудан кейін ақыры елімізде жүрген шетелдік нөмірдегі көліктерді тіркеуге рұқсат берілді. Дегенмен ел бұл үрдістің кері жағы да барын ұмытпау қажет. Жеңілдік жұрттың көңілінен шықты Сонымен, әуелі жағдайдың жұрт­шылықтың көңілінен шыққан тұсына тоқталайық. Шетел көліктерін тіркеудің бірреттік төлемі бар болғаны 200 мың теңге болып бекітілді. Осыған дейін ше­телден арзан бағаға көлік әкелгендердің бағы жанды десек те болғандай. Арнайы заң жобасын жақында Парламент Сенаты бекітті. Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюы ғана қалды. Содан соң 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кіргізілген көліктер рет-ретімен заңдастырыла бастайды. Әзірге Ішкі істер министрлігі шетел көліктерін тіркеудің барынша қарапайым жолын қарастырып жатқанға ұқсайды. Ведомство автокөлікті заңдастыруға өтінішті онлайн түрде беру мәселесін қарастырып жатыр. Десе де, процесс әлі де пысықталмақ. Шетел көліктері қашан, қандай талап бо­йынша тіркеледі? Осы сұрақтардың жауа­бы алдағы уақытта жан-жақты зерделенеді. Шыны керек, шетелден әкелінген көліктердің жыры дастанға айналғанына бірнеше жылдан асты. Бірде Үкімет ше­кара асып келген көліктерді елден біржола шығарып тастағысы келді, бірде құбылып уақытша тіркеуге қоюға ын­таланды. Не керек, жауапты ведомстволар бір тоқтамға келе алмай, мәселені екі жылдан бері соз­баққа салған. Ендігі шешімді естіп, қуанып жатқандардың қарасы мол. Олар көлігін бұрын шетелден әкелген азаматтар екені белгілі. Астана тұрғыны Ержан Наурыз­беков қазақстан­дық көлікті сатып алуға қалтасы көтерме­ген соң астындағы темір тұлпарын Арме­ниядан алдырған. Көлігі көңілінен шық­қанымен, оның шетелдік тіркеуде тұрғаны, алда не болатыны көптен алаңдатқан екен.
«Автокөлігім 2014 жылы шыққан. Бірақ шанағына, сапасына қарап барлығы 2015-2016 жылғы деп ойлайтын. Ар­мениядан 4 миллионға алдырттым. Ал мұндай сомаға Қазақстанда ескі көлікті де ала алмайсыз», – дейді ол.
Азаматтың сөзінің жаны бар. Қазір еліміздің автокөлік нарығында 20 жылдан асып кеткен машиналардың да бағасы ұшып тұр. Содан кейін азаматтар шетелден көлік алып келмегенде не істейді? Мың­даған жүргізушінің осындай жанайқайына құлақ асқан Президент биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Ішкі істер ми­нистрлігіне мәселені жедел шешуді тап­сырған болатын. Тіркеу құнын утилизация алымымен қоса есептегенде, 200-250 мың теңгеден асырмауды да міндеттеді. Сенат бекіткен соң Салық кодексіне осы өзгеріс енгізілді. Құжатқа сәйкес, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыру 200 мың теңге деп көрсетілген. Сенат депутаты Ғұмар Дүй­сембаев мұның бәрінен бұрын жергілікті бюджеттерге пайдалы екенін айтады.
«2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әке­лін­ген автомобильдерді заңдастыру мақ­сатында алғашқы тіркегеніне бірыңғай алымды белгілеу арқылы 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға жағдай жасалады. Сондай-ақ осы автомобильдер бойынша көліктерге салынатын салық жергілікті бюджетті толықтырады», – деді ол.
Не де болса осындай оң шешімнен дәмеленгендердің көңілі толды. Әйтпесе, осыдан екі жыл бұрын азаматтар шетелден әкелген көлігін тіркеуге қойғысы келгенде 3 миллион теңгеге дейін сұраған. Әйтсе де көлік тіркейді екен деп, барлығын санатқа қосуға болмайды. Егер көліктердің ара­сында іздеуде жүрген және рөлі оң жағын­дағы машиналар кездессе, заңға сәйкес келмейді. Сондықтан олар тіркелмейді. Сол себепті жауаптылар қазірден бастап дүрлігудің қажеті жоқ екенін айтуда. Жаңалықтың жағымсыз тұсы бар Жалпы, қазір елімізде 307 мыңнан астам шетелдік тіркеудегі машина бар. Көбі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен кіргізілген. Үкімет бұл өзгерістің оларға тиімді болатынына сенімді. Жауап­тылар да есепсіз емес, салықтың бәрі ел экономикасына да оң әсер етеді. Әйтсе де, тағы бір мәселе тудырар тұсын айтпай кетуге болмас. Стандартты утилалым мен алғашқы тіркеу құнының орнына бірреттік төлем жүргенімен, жауаптылар машиналар­дың шыққан жылына, экологиялық сәй­кестігіне талап қоймаған. Яғни, ескі-құс­қы, құр шанағы әрең жүрген ескі көліктерді де қабылдап алғалы тұрмыз. Онсыз да елімізде ескі көліктер өріп жүр. Былтыр еліміздің жолдарында жүрген 1 млн 200 мың көліктің зауыттан шыққанына 20 жылдан асқаны мәлім болды. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокө­лік­тердің үлесі елде 59 пайызды құраса, 2020 жылы 70 пайыздан асты. Қазір одан әрі артқаны анық. Сонда елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған әрі экологиялық та­лапқа сай емес болып саналады. Шетел­ден кіргізілген көліктердің бәрі жаңа емес, басым бөлігі 10 жылдан асқан. Бұл – бірін­ші кем тұсы. Екіншіден, шетелдік көліктер тіркеледі дегеннен автонарықтағы бағалар лезде көтеріле бастады. Мәселен, авто­са­рапшы Олжас Оқас осыған дейін шетелдік тіркеумен жүрген Toyota Camry көліктері аяқ асты қымбаттай бастағанын байқапты.
«Осы жаңалықтан кейін шетелден әкелінген Toyota Camry көлігінің иелері бағаны күрт өсірді. Бірақ бұл жерде бізді мазалайтын бір сауал бар: шетелдік кө­ліктерді сенімхатпен жүргізіп келген аза­маттар не істейді? Ондайлар да көп кез­десетінін білеміз. Сонда Қазақстан азама­тына тиесілі емес көлікті қалай атына ау­дарады? Мұны алда ескерусіз қалдыруға болмайды», – дейді автосарапшы.
Қорыта айтқанда, біз енгізілген өз­геріс­тің күнгейі мен көлеңкесін қатар қа­рас­тырып, қысқаша шолу жасадық. Ал жауабы жоқ сұрақтарды құзырлы ведомство өкілдері алдағы уақытта пысықтай түсері анық. Осы жерде бізді толғандырғаны – алдағы уақытта да шетелден көлік әкелу үрдісі тыйыла ма? Кіргізілген жағдайда ертеңгі күні, шамамен 2-3 жылдан кейін олар да көліктерін тіркеуді сұрап, талап қой­масына кім кепіл? Біздің болжауы­мызша, шетелден машина тасып жүргендер көбеймесе, азая қоятын сыңайы бай­қалмайды.