«Үш аптадан артық мүлде сусыз отырдық. Бірақ оған жергілікті билік бас қатырмайтын сияқты. 18 қараша күні бір көшеге үш текше метрлік бөшкемен су әкелген. Онысы ауыл тұрмақ, сол көшенің жартысына әзер жетті. Бүгінде су таситын көлікті күте-күте көзіміз талатын халге жеттік. Орталықтандырылған құбырмен келетін тіршілік нәрінің бірнеше апта бойы тоқтап тұруы қалыпты жағдайға айналды», – дейді Егіндікөл, ауданының тұрғыны Людмила Липилкина.Ауызсу мәселесі халықты әбден қажытқанын жергілікті кәсіпкерлер де мойындады. Олар сусыз қалған жұртқа өз күшімен 50 шақырым жерден су тасымалдап беруге мәжбүр болған.
«Міне, сусыз қалғалы 20 күн болды. «Әкімдіктегілер су жіберілді» деген. Бірақ біз тұрған Спиридоновка ауылына әлі жеткен жоқ. Халық қатты қиналып отыр. Ауызсуды 50 шақырым қашықтағы Новочеркаск ауылынан тасимыз. Оны да әкімдердің келісімімен әр текшесін 750 теңгеден аламыз. Ал бізге берілетін су бұдан да қымбат қазір 1 150 теңгеге жеткен. Халықтың көпшілігінде су есептегіші жоқ. Сондықтан суға қымбат тарифпен төлейді. Дәл қазір ең басты мәселе осы болып отыр», – дейді «Армавирское» ЖШС-нің басшысы Нұржан Бейсембаев.Халық әлі су жетпегенін айтып зар илегенімен, аудан әкімдері жөндеу жұмыстарының аяқталып, құбырдан су жіберілгенін алға тартты. Армавир ауылында судың болмауын Сабынды су құбырында Қорғалжын ауданы аумағында 6 және Егіндікөл ауданында 2 жерден жарылғанымен байланыстырады.
– Нұра топтық су құбыры бригадасы аталған құбырлардағы жарылған жерлерді бүтіндеу жұмыстарын жүргізген. Жұма күні жөндеу жұмыстары аяқталып, құбырға су жіберілді. Нұра топтық су құбырға қатты тозған. Биыл Егіндікөл аумағында 100 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Құжат келесі жылы дайын болуы тиіс, – дейді Егіндікөл ауданының әкімі Ерлан Мұхамедин.Қорғалжын ауданының әкімі Берік Жанбаев та су құбыры трассасы бойындағы жұртқа судың жіберілгенін айтып ақталды.
– Су құбырларында болған анау айтарлықтай үлкен жарылыстар емес. Құбырлар тесіліп қалған. Қазір жөндеу жұмыстары аяқталып, халыққа су жіберілді. Толық жағдайды Нұра топтық су құбыры басшылығынан біле аласыз, – деді Қорғалжын ауданының әкімі Берік Жанбаев.Ауызсу алтынға баланған ауылдардың мұңын Нұра топтық су құбырының директоры Гамзат Сағандықовқа жеткізіп, мәселенің мән-жайын білмек болдық. Су құбыры басшысының айтуынша, тозығы жеткен әрі қарызға белшесінен батқан кәсіпорын республикалық меншікке өткеннен кейін жағдайды түзету аса қиынға соққан.
«Нұра топтық су құбыры бізге берілгелі үш жыл болды. Су құбырлары 100 пайыз тозған. 2020 жылы бюджеттен 580 миллион теңге қаражат бөлініп, 18 шақырым су құбырын ауыстырдық. Жалпы, су құбырынан Қорғалжын ауданының 9,5 мың, Егіндікөл ауданынан 7,5 мың және Атбасар ауданының Есенгелді ауылындағы 800 адам су тұтынады. Жөндеу жұмыстары аяқталып, суды жібере бастадық. Қазір 380 миллион теңге қаражатқа су құбырына толықтай реконструкция жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Аталған жұмыспен Алматыдан бұрын институт болған «Казгипроводхоз» білікті мамандары айналысып жатыр. Жоба 4 кезеңнен тұрады, – дейді Нұра топтық су құбырының бас директоры Гамзат Кенжебекұлы.Су құбырының директоры су ақысына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, су есептегіші бар абоненттер 60 теңгеден, су есептегіші жоқтары 80 теңгеден төлейді. Бірақ айына 4 текшеден артық пайдаланса, әр текше метріне 188 теңгеден төлем жасайды. P.S.
Cонымен, жылдар бойы ауызсудың зардабын тартқан ондаған ауылда қашан судың үздіксіз берілетінін ешкім тап басып айта алмай отыр. Түйінді мәселені түзету үшін бюджеттен миллиардтаған қаражат қажет. Біздің түсінгеніміз, толықтай тозған құбырды жөндеп, кенезесі кепкен жұртты кенелтудің ауылы әлі алыс сияқты.
Ақмола облысы