Бүгінгі таңда республика бойынша «AMANAT» партиясының 238 қоғамдық қабылдауы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, 1 республикалық, 20 өңірлік және 217 аумақтық бөлімі бар. Биылғы 11 айда партияның қоғамдық қабылдауына 116,5 мың адам жүгінген екен. Азаматтардың өтініші мен ұсыныстарын қарастыру нәтижесінде мәселелердің 52 пайызы оң шешілді, 41 пайызы бойынша түсініктемелер беріліп, 7 пайызы бақылауға алынды. Мәселен, «AMANAT» партиясының көмегімен Ақтасты ауылының бүлдіршіндері биыл 1 қыркүйекте жаңа мектепке барды. Бұған дейін Жамбыл облысының Қошқарата ауылдық округінде өткен мобильді қоғамдық қабылдау барысында Ақтасты ауылының тұрғындары өз ауылдарында орналасқан бастауыш мектептің тозығы жеткендігін, заманауи талаптарға сай еместігін және жылыту жүйесі нашар екендігін, әр бөлмеде көмір арқылы жылитын пештер тұрғандығын жеткізген болатын. Ал енді Ақтасты ауылындағы жаңа мектептің бір уақыттағы сыйымдылығы 40 оқушыны құрайды. Оқу сыныптары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жаңа оқу жылында жаңа мектепке барған оқушылардың қуанышында шек жоқ. Ал ауыл тұрғындары өз ризашылықтарын білдіріп жатыр. Мұндай мысалды көптеп келтіре беруге болады. Айталық, Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық ауылының тұрғындары жаңа мектеп құрылысы қажет екенін айтып, қоғамдық қабылдауға келген еді. Партияның «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде бұл мәселені Темір аудандық мәслихатының депутаттары қарастырып, соның арқасында облыстық бюджеттен жаңа ауыл мектебін салуға қаражат бөлінді. Атырау облысы Исатай ауылының тұрғыны Балғаным Қайырлиева Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің мүшелеріне Атырау–Астрахань трассасын жөндеу мәселесімен жүгінген. Белгілі болғандай, 3 жыл бұрын басталған жөндеу жұмыстары әр уақытта бір рет тоқтайды. Өтініш берушінің айтуынша, осы жол бойында Исатай ауданының 7 ауылдық округі орналасқан, күніне 200-300-ге жуық жүк көлігі өтеді. Нәтижесінде шаң ауаға көтеріліп, ауыл тұрғындарына дем алу қиын. Сонымен қатар, көлік апаттары жиі кездеседі. Осылайша, Атырау–Астрахань тасжолында жөндеу жұмыстары қайта жанданды.
«Біз азаматтарды тек партияның кеңсесінде ғана емес, шалғайдағы ауыл аймақтарды аралап жүріп те қабылдаймыз. Сондықтан да мұндай мобильді қоғамдық қабылдауларға бір реттік акция деп қарауға болмайды. Оларды шалғайдағы елді мекендерде одан әрі жалғастыра беретін боламыз. Өйткені ауыл тұрғындарының айтары бар. Мобильді қоғамдық қабылдаулар халыққа олардың мәселелерін шешуді жеңілдету мақсатында енгізілген. Себебі ауыл тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына кез-келген уақытта келе алмайды, оларға өз сұрақтарын жеткізу қиынырақ. Биылғы 1 наурызда «AMANAT» партиясының кезектен тыс Съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды көшпелі қабылдаулар мен шалғай елді мекендердің тұрғындарымен кездесулер өткізу қажеттігі туралы тапсырма берген болатын. Осылайша, біз 14 наурызда мобильді қоғамдық қабылдауды бастап кеттік. Жалпы, 14 наурыз бен 30 қыркүйек аралығында 660 мобильді қоғамдық қабылдау өткізілді, оның барысында 880 шалғайдағы ауылдық елді мекендер қамтылып, 6 689 азамат қабылданды. Оның ішінде 2 219 мәселе оң шешілгенін атап өткен жөн», – деді Республикалық қоғамдық қабылдау меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов.Шалғайдағы елді мекендердегі ең өзекті мәселелер – су мен электр энергиясының болмауы. Көптеген ауылдарда «Қазсушар» мекемесі мен «АЭК» аудандық электр желісін таратушы мекеменің жұмысына шағымданады. Бір атап өтерлігі, 2021 жылы ауыл тұрғындарының өтініштерінің үлесі 39,4%-ды, ағымдағы жылы – 53,7 пайызды құрады. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда ауыл тұрғындарының партияның қоғамдық қабылдауларына өтініштерінің үлесі 14,3 пайызға ұлғайған, оның 7 пайызы мобильді қоғамдық қабылдау кезінде келіп түскен өтініштерді құрады. Осылайша, мобильді қоғамдық қабылдауды енгізу «AMANAT» партиясына деген сенімді нығайта отырып, шалғайдағы ауылдық елді мекендердің тұрғындарынан кері байланысты жақсартуға және өтініштердің өсуін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.