Алқа билер әділдікті ту ете ме?
Алқа билер әділдікті ту ете ме?
772
оқылды
Заманауи би мен кәсіби судьяның маңызды бір айырмашылығы неде? Алқабилер шешімдерінің 10 пайызы – ақтау үкімі. Ал соттарда бұл көрсеткіш «статистикалық кінәратқа» тең: 1,5 пайыз. Айыпталушылар өз ісіне құ­зыр­лы органдармен аралас-құралас кәсіби судья емес, бұқара арасынан таңдалған алқабилер баға бергенін қа­лайды. Бірақ олардың қарауындағы істердің саны да, санаты да шектеулі. Бұл жағдай алда өзгермек: Президент тап­сырмасымен алқабилер қарайтын істер санаттары күрт кеңейтіледі. Азаптау, рейдерлік, басқа да ауыр қыл­мыс жасағандар осыған мүмкіндік алады. Соқтықпалы, соқпақсыз жолдан өтті Қазақстанда алқабилер соты 2007 жылдың 1 қаңтарынан бері қыз­мет етеді. Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот ал­қа­сының төрағасы Әбдірашид Жүкеновтің айтуынша, алқабилер соты – декорация үшін жасалған нәрсе емес, отандық сот жүйесін да­мыту бағытында өте маңызды қадам болды.
«Алқабилер соты, біріншіден, қылмыстық процестің негізгі қағи­дат­тарын – жарыспалық пен тараптардың теңдігін, кінәсіздік презум­п­циясын және басқасын бекітуде маңызды рөл атқарады. Екіншіден, қазір алқабилер өздері қараған істердің 10 пайызына дейін ақтау үкі­мін шығарады. Ал соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайыз ғана. Яғни, халық өкілдері әлдеқайда қайы­рымды. Үшіншіден, алқабилердің қарауына жататын істер бойынша сотқа дейінгі тер­геудің сапасы да әлдеқайда жоғары. Тараптар сот талқылауында белсенділік білдіреді. Негізі, алқабилердің соты билік пен халықты жақындастыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қоғамның құқықтық деңгейі мен құқық­тық мәдениетін, сотқа деген ел сенімін арттыруға ықпал етеді», – деді Әбдірашид Төлегенұлы.
Бұл институт он бес жылда дамудың бір­неше кезеңінен өтті. Бастапқыда билік сақ­тық танытып, 2007–2009 жылдары алқаби­лерге тек өлім жазасы, өмір бойы бас бостан­дығынан айыру жазасы тағайындалатын қылмыстар бойынша істерді қарауды жүк­теді. Сол кезде өлім жазасына мораторий енгізілген, бүгінде жоғарғы жаза мүлдем жойылды. Тиісінше, мұндай істер өте аз әрі ал­қа­билер жылына бірнеше рет қана ша­қырылатын. Бірқатар өңірде ондай істер мүлдем кездеспеді. Мысалы, бүкіл респуб­лика бойынша алқабилер қатысқан істердің саны жылына шамамен 50 ғана болған. Салдарынан әкімдіктер қазіргі заманғы би рөлін атқаруға шақырылуға лайықты тұр­ғындардың тізімін уақытылы жаңартуды доғарды. Соның салдарынан, алқабиді жи­нау қажеттілігі туындағанда қайтыс болған, шетелге көшіп кеткен адамдарға шақырту жіберіліп, жүйе сын мен келекеге қалды. Ал жа­сырын түрде Ресей азаматтығын алғандар­дың сотта үкім қабылдауға қатысуы ақыр соңында, рәсімдердің бұзылып, қылмыс­кер­дің бостандыққа шығуына соқтыруы ық­тимал еді. Бұл бағытта мемлекет реформа жүргізіп, ретке келтіріп жатыр. Қолданыстағы «Ал­қа­билер туралы» заң 5 тізімді түзуді қарас­тыратын. Оларды жергілікті әкімдіктер қағаз түрінде жасайды, ол өз кезегінде жаңа қиын­шылықтарды, кемшіліктерді туындатады. Осыған байланысты биыл «Алқабилер ту­ралы» заңға өзгерістер енгізілді: енді сотта қолданып жүрген 5 тізім жойылады. Оның орнына бір-ақ тізім болады. Оның өзі қағаз емес, электронды форматта жүргізіледі. Жүйе Цифрлық даму министрлігінің база­сында жасалады және 2023 жылдың 1 шіл­десінен іске қосылады. Жүйе қосыл­ған­нан кейін біраз кемшілік жойылмақ. Тек ол тізім мұқият қорғалып, ондағы деректерге хакер­лер мен алаяқтардың қол сұқпағаны маңыз­ды. Саланы жандандыру үшін 2010–2012 жылдары сот жүйесін реформалау аясында алқабилердің үкім шығара алатын істер санаты айтарлықтай кеңейтілді: бұл санатқа барлық аса ауыр қылмыстар жатқызылды. Нәтижесінде, істер саны 10 есеге күрт өсіп, жылына 300-ден асты. Бірақ осы саладағы проблемаларды, тізімдердің өзекті еместігін және басқасын сылтауратып, барлық ақпарат құралдары арқылы шағымдана жүріп, ақыры кәсіби соттар 2013 жылы өзіне бәсекелес болған алқабилер сотының өрісін тарылтуға қол жеткізді. Олардың қарауына тек өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру­ға әкеп соғатын істер ғана қалды. Мұндай кері кетушілік алқабилер қатысатын істердің күрт төмендеуіне соқтырды: жылына ша­мамен 50 істі қарауға қайта оралды. Дегенмен 2015 жылы жүйеде тағы жылы­мық басталып, «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары аясында алқабилер билік ететін істер санаты аса ауыр қылмыстардың 14 құрамына кеңейтілді, төрт құрам қосылды. Елде жүрген билік транзиті бұл жүйеге де игі әсер етіп, соны серпін берді. 2019 жыл­ғы 27 желтоқсандағы жаңа заң аясында ал­қа­билер сотының соттылығы тағы 16 құрам­ға көбейтілді. Бірақ ол жаңалық ке­шік­тіріліп күшіне енеді: 2023 жылы алқа­билердің алдына тартылатын істер санаты аса ауыр қылмыстардың 31 құрамына жет­кізілмек. Соңғы шешімді би айтады Жүйенің түлеуі жаңа қарқынмен жал­ғасады. Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру жөнін­дегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 21-тармағына сәйкес, жаңа заң жобасы әзірленді. «Қылмыстық-процестік кодекске сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойын­ша өзгерістер енгізу туралы» заңының жоба­сын жуырда Мәжіліс мақұлдады. Заңның өзі 2023 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Бірақ он­дағы жаңалықтар тек 2024 жылдан қолда­нысқа енбек. Сонымен, жаңа заң жобасы аясында алқа­билердің соттылығы 2024 жылдың 1 қаң­тарынан бастап тағы 13 ауыр қылмыс құра­мына кеңейеді. Олардың қатарында естіген жұрттың жанын түршіктіріп, төбе шашын тік тұрғызатын қылмыстар бар. Атап айтқанда, азаптау, адамның дене мүшелерін, органдарын заңсыз алу, сату, рейдерлік ша­буылдар, ақ халаттылардың қателігінен көп адамның қырылуы (медициналық қызмет­кердің әрекеттерінен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелуі) сияқты қыл­мыс жасағандар өз ісінің алқабилер қарауына берілуін талап ете алады. әділдік Мұның сыртында, алқабилерге – ауыр салдарға әкелген аң аулау, балық пен басқа да су жануарларын заңсыз аулау; көлік құ­ралын мас күйде басқарғанда, немесе абай­сызда екі немесе одан да көп адамның өлі­міне әкелген жол-көлік оқиғалары (ЖКО); көлік құралын басқару құқығынан айырыл­ғанда және мас күйде көлік басқарғанда адамның өліміне әкелген көлік апаттары бойынша істер кіреді. Қорыта айтқанда, қазақстандық алқа­билер соты 2024 жылдан бастап, барлығы 44 құрам бойынша қылмыстық істерге үкім шығара алады. Мемлекеттің халық сотына көбірек сенім арта бастауы сот жүйесін демократизациялауға ықпал етеді. Қоғамның сотқа деген сенімін едәуір арттырады: аза­мат­тар сот істерін халық өкілдері қарайты­нын білсе, үкім заңның қатып қалған норма­ларына емес, моральдық нормаларға, адам­гер­шілік құндылықтарға жақынырақ бола­тынына сенеді.
«Алқабилер соты табиғаты жөнінен қа­зақ­тың билер сотына жақындау. Екеуінде де ха­лықтың өз арасынан шыққан адамдар өкіл­дік етеді. Біліксіз билер халықтың әжуа­сына ұшыраған, беделден айырылып, төрелік етуге шақырылмайтын болған. Ал қара қылды қақ жаратын, туғанын жақын тартпайтын әділ билерді халық ұлық тұтқан. Оның шешімін екі етпей орындаған. Егер әлдебір даукес оның әділетті үкіміне келіс­пей, қырсықтана берсе, онда жұрт оны «ата­лы сөзге арсыз ғана тоқтамайды» деп айып­тап, сөйлеспей қоятын болған. Елге сыйлы билердің беделіне де, билігіне де ешкім шүбә келтірмеген. Бүгінде алқабилер құрамына бір­неше рет кірген, шешімді дәйектей біле­тін адамдар бар, олар тәжірибе жинай келе, қазақы мағынадағы нағыз биге айнала алар еді. Бірақ бізде соңғы шешімді бәрібір кәсіби сот қабылдайды. Бұл жайт алқабилер сотына деген сенімге селкеу түсіріп, беделін азайтып тұр», деді заңгер ғалым Берік Қанафин.
Ол болашақта алқабилер соты институ­тын АҚШ үлгісінде жетілдірген жөн деп санайды. Америкада айыптыға 6 айдан көп мерзімдегі бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін болса, онда айыпталу­шы алқабилер сотына жүгіне алады. Нәти­жесінде, Құрама Штаттарда жыл сайын ең кемі 120 мыңнан аса сот процесі алқабилердің қатысуымен өтеді. АҚШ федералдық соты, сондай-ақ 45 штаттың соты алқабилерден бірауыздан вердикт (verdict) шығаруды талап етеді. Яғни, айыптаса, билердің бәрі сондай ойға келуі шарт. Ақтаса, ықтимал қыл­мыс­кердің бостандықта тайраңдайтынын бәрі түсініп, соған жауапкершілік алады. Бұл ал­қабилердің әбден ойласып, жеті рет өл­шеп, бір рет кесіп, жауапты үкім шығаруына түрткі болады. Әйтпесе, алқабилердің басым көпшілігі мақұлдаған шешімді қанағат қы­латын елдер де жетерлік. Қазақстанда бұрын­ғы жылдары алқабилер мәртебесін иеленген қарапайым тұрғындар судьямен ақылдасып, солардың кеңесін құптай салған оқиғалар болыпты. Сот процесі ашық өтпек Алқабилер сотының өркендеуі халық билігі мен демократиясының өрістеуіне жол ашады. Сондықтан құқықтанушылар да, заңгерлер де, сонымен қатар заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаттары да алқабилер қарайтын істер санатын 13 құраммен емес, одан да көпке ұлғайтуды ұсын­ған. Бірақ бұған... ақшаның аздығы кедергі болыпты.
«Осы заң жобасына басқа да ауыр қыл­мыстарды қарауды кіргізуге болатын еді. Бірақ алқабилердің жалақысы бар, оны төлеу керек. Бұдан бөлек, кеңейтсек, жаңа­дан сот залдарын салу қажет болады. Оған жұмыс істейтін қызметкерлердің штатын көбейту қажеттілігін туындайды. Жаңа жаб­дықтар мен техника алу керек, оның бәрі едәуір қаражатты талап етеді. Ал Үкімет оған қаражат беруге дайын емес. Сондықтан осы 13 жаңа құрамға тоқтадық. Оның түрлерін талдадық, оған өте маңызды істерді алдық, яғни адам өліміне, өзге ауыр зардаптарға соқтыратын және елімізде үлкен резонанс туғызатын істер іріктелді», – деді Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ә.Жүкенов.
Мысалы, Қылмыстық кодекстің 146-ба­бында көзделген азаптау қыл­мыстарына жазаны алқабилер тағайындай алады. Бұған заң жобасын әзірлеушілерді қасіретті қаңтар оқиғалары итермелепті.
– Азаптау қылмыстары қаңтар оқиға­ла­ры аясында көбейіп, елдің мазасын кетірді. Мемлекет басшысы бұл істерді тергеуде де, сотта қарауда да айқындылықты, бейтарап­ты­лықты, объективтілікті паш етуді тап­сырды. Бұл істер тек еліміздің ғана емес, ха­лықаралық ұйымдардың назарында. Сон­дықтан осы істерді алқабилердің қатысуымен қараған жөн деп санаймыз. Адам өліміне соқтыратын жол апаттары абайсыз жасалса да, оның қоғам үшін зардаптары өте ауыр, сол себепті бұл істердің тергелуі, сотта қа­ралуы өте қиынға түседі. Өйткені екі тарапта сұрақ көп туады, түрлі күдік болады. Мұндай істер бойынша барлығын қанағаттандыратын шешім қабылдау өте қиын. Демек, оны ал­қабилердің қатысуымен қараған жөн деп отырмыз. Біз басқа құрамдарды да осындай тәсіл­мен таңдадық. Егер мемлекеттің қара­жаты, басқа мүмкіндіктері көбейсе, онда ал­қа­билер соты қарайтын санаттарды кеңей­туге дайынбыз, – деді Әбдірашид Жүкенов.
Судья қызықты бір жаңалықты айтты. Жоғарғы сот алқабилер сотын насихаттауға кі­ріседі. Соның аясында кейбір істер телеар­налар арқылы трансляцияланбақ. Реселік федералдық арналарда бұрындары «Час суда», «Федеральный судья», «Суд идёт» сияқты шоулар мен телебағдарламалар өте танымал болатын, жоғары рейтингке ие еді. Бірақ шынында олар нағыз сот отырысы емес-тін: не шынайы сот процесінің ре­конс­трукциясы, немесе ойдан құрастырыл­ған отырыс болатын. Ал нағыз сот отырыстарын трансляциялау кезінде біраз мәселе бас көтеруі мүмкін: оған қатысушылардың бет-жүзін көрсетуге, сөйлеген сөзін жалпақ жұрт­қа жариялауға рұқсат алынуы қажет. Сондай-ақ нағыз сот отырыстарында аза­маттардың дербес деректері де жария етіледі. Бұған заңмен тыйым салынған. Жалпы, алқабилер соты жүйесі дамыған сайын жаңа мәселелер туындауы, ескі проб­ле­малар ушығуы ықтимал, сала жаңа ше­шім­дерді, тегеурінді тетіктерді, жасампаз тәсіл­демелерді талап етіледі. Бірақ мұның бәрі ақыр соңында халықтың осы салаға де­ген ықыласын арттырары сөзсіз. Осының ар­қасында қазақтың байырғы билер инс­титу­ты қайта түлеуі, яғни тұрақты түрде тө­релік ететін кәсіби емес данышпан адам­дар­дың суырылып алға шығуы ғажап емес.