Заманауи би мен кәсіби судьяның маңызды бір айырмашылығы неде? Алқабилер шешімдерінің 10 пайызы – ақтау үкімі. Ал соттарда бұл көрсеткіш «статистикалық кінәратқа» тең: 1,5 пайыз. Айыпталушылар өз ісіне құзырлы органдармен аралас-құралас кәсіби судья емес, бұқара арасынан таңдалған алқабилер баға бергенін қалайды. Бірақ олардың қарауындағы істердің саны да, санаты да шектеулі. Бұл жағдай алда өзгермек: Президент тапсырмасымен алқабилер қарайтын істер санаттары күрт кеңейтіледі. Азаптау, рейдерлік, басқа да ауыр қылмыс жасағандар осыған мүмкіндік алады. Соқтықпалы, соқпақсыз жолдан өтті Қазақстанда алқабилер соты 2007 жылдың 1 қаңтарынан бері қызмет етеді. Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкеновтің айтуынша, алқабилер соты – декорация үшін жасалған нәрсе емес, отандық сот жүйесін дамыту бағытында өте маңызды қадам болды.
«Алқабилер соты, біріншіден, қылмыстық процестің негізгі қағидаттарын – жарыспалық пен тараптардың теңдігін, кінәсіздік презумпциясын және басқасын бекітуде маңызды рөл атқарады. Екіншіден, қазір алқабилер өздері қараған істердің 10 пайызына дейін ақтау үкімін шығарады. Ал соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайыз ғана. Яғни, халық өкілдері әлдеқайда қайырымды. Үшіншіден, алқабилердің қарауына жататын істер бойынша сотқа дейінгі тергеудің сапасы да әлдеқайда жоғары. Тараптар сот талқылауында белсенділік білдіреді. Негізі, алқабилердің соты билік пен халықты жақындастыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қоғамның құқықтық деңгейі мен құқықтық мәдениетін, сотқа деген ел сенімін арттыруға ықпал етеді», – деді Әбдірашид Төлегенұлы.Бұл институт он бес жылда дамудың бірнеше кезеңінен өтті. Бастапқыда билік сақтық танытып, 2007–2009 жылдары алқабилерге тек өлім жазасы, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын қылмыстар бойынша істерді қарауды жүктеді. Сол кезде өлім жазасына мораторий енгізілген, бүгінде жоғарғы жаза мүлдем жойылды. Тиісінше, мұндай істер өте аз әрі алқабилер жылына бірнеше рет қана шақырылатын. Бірқатар өңірде ондай істер мүлдем кездеспеді. Мысалы, бүкіл республика бойынша алқабилер қатысқан істердің саны жылына шамамен 50 ғана болған. Салдарынан әкімдіктер қазіргі заманғы би рөлін атқаруға шақырылуға лайықты тұрғындардың тізімін уақытылы жаңартуды доғарды. Соның салдарынан, алқабиді жинау қажеттілігі туындағанда қайтыс болған, шетелге көшіп кеткен адамдарға шақырту жіберіліп, жүйе сын мен келекеге қалды. Ал жасырын түрде Ресей азаматтығын алғандардың сотта үкім қабылдауға қатысуы ақыр соңында, рәсімдердің бұзылып, қылмыскердің бостандыққа шығуына соқтыруы ықтимал еді. Бұл бағытта мемлекет реформа жүргізіп, ретке келтіріп жатыр. Қолданыстағы «Алқабилер туралы» заң 5 тізімді түзуді қарастыратын. Оларды жергілікті әкімдіктер қағаз түрінде жасайды, ол өз кезегінде жаңа қиыншылықтарды, кемшіліктерді туындатады. Осыған байланысты биыл «Алқабилер туралы» заңға өзгерістер енгізілді: енді сотта қолданып жүрген 5 тізім жойылады. Оның орнына бір-ақ тізім болады. Оның өзі қағаз емес, электронды форматта жүргізіледі. Жүйе Цифрлық даму министрлігінің базасында жасалады және 2023 жылдың 1 шілдесінен іске қосылады. Жүйе қосылғаннан кейін біраз кемшілік жойылмақ. Тек ол тізім мұқият қорғалып, ондағы деректерге хакерлер мен алаяқтардың қол сұқпағаны маңызды. Саланы жандандыру үшін 2010–2012 жылдары сот жүйесін реформалау аясында алқабилердің үкім шығара алатын істер санаты айтарлықтай кеңейтілді: бұл санатқа барлық аса ауыр қылмыстар жатқызылды. Нәтижесінде, істер саны 10 есеге күрт өсіп, жылына 300-ден асты. Бірақ осы саладағы проблемаларды, тізімдердің өзекті еместігін және басқасын сылтауратып, барлық ақпарат құралдары арқылы шағымдана жүріп, ақыры кәсіби соттар 2013 жылы өзіне бәсекелес болған алқабилер сотының өрісін тарылтуға қол жеткізді. Олардың қарауына тек өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыруға әкеп соғатын істер ғана қалды. Мұндай кері кетушілік алқабилер қатысатын істердің күрт төмендеуіне соқтырды: жылына шамамен 50 істі қарауға қайта оралды. Дегенмен 2015 жылы жүйеде тағы жылымық басталып, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында алқабилер билік ететін істер санаты аса ауыр қылмыстардың 14 құрамына кеңейтілді, төрт құрам қосылды. Елде жүрген билік транзиті бұл жүйеге де игі әсер етіп, соны серпін берді. 2019 жылғы 27 желтоқсандағы жаңа заң аясында алқабилер сотының соттылығы тағы 16 құрамға көбейтілді. Бірақ ол жаңалық кешіктіріліп күшіне енеді: 2023 жылы алқабилердің алдына тартылатын істер санаты аса ауыр қылмыстардың 31 құрамына жеткізілмек. Соңғы шешімді би айтады Жүйенің түлеуі жаңа қарқынмен жалғасады. Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 21-тармағына сәйкес, жаңа заң жобасы әзірленді. «Қылмыстық-процестік кодекске сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңының жобасын жуырда Мәжіліс мақұлдады. Заңның өзі 2023 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Бірақ ондағы жаңалықтар тек 2024 жылдан қолданысқа енбек. Сонымен, жаңа заң жобасы аясында алқабилердің соттылығы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 13 ауыр қылмыс құрамына кеңейеді. Олардың қатарында естіген жұрттың жанын түршіктіріп, төбе шашын тік тұрғызатын қылмыстар бар. Атап айтқанда, азаптау, адамның дене мүшелерін, органдарын заңсыз алу, сату, рейдерлік шабуылдар, ақ халаттылардың қателігінен көп адамның қырылуы (медициналық қызметкердің әрекеттерінен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелуі) сияқты қылмыс жасағандар өз ісінің алқабилер қарауына берілуін талап ете алады.
«Алқабилер соты табиғаты жөнінен қазақтың билер сотына жақындау. Екеуінде де халықтың өз арасынан шыққан адамдар өкілдік етеді. Біліксіз билер халықтың әжуасына ұшыраған, беделден айырылып, төрелік етуге шақырылмайтын болған. Ал қара қылды қақ жаратын, туғанын жақын тартпайтын әділ билерді халық ұлық тұтқан. Оның шешімін екі етпей орындаған. Егер әлдебір даукес оның әділетті үкіміне келіспей, қырсықтана берсе, онда жұрт оны «аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды» деп айыптап, сөйлеспей қоятын болған. Елге сыйлы билердің беделіне де, билігіне де ешкім шүбә келтірмеген. Бүгінде алқабилер құрамына бірнеше рет кірген, шешімді дәйектей білетін адамдар бар, олар тәжірибе жинай келе, қазақы мағынадағы нағыз биге айнала алар еді. Бірақ бізде соңғы шешімді бәрібір кәсіби сот қабылдайды. Бұл жайт алқабилер сотына деген сенімге селкеу түсіріп, беделін азайтып тұр», деді заңгер ғалым Берік Қанафин.Ол болашақта алқабилер соты институтын АҚШ үлгісінде жетілдірген жөн деп санайды. Америкада айыптыға 6 айдан көп мерзімдегі бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін болса, онда айыпталушы алқабилер сотына жүгіне алады. Нәтижесінде, Құрама Штаттарда жыл сайын ең кемі 120 мыңнан аса сот процесі алқабилердің қатысуымен өтеді. АҚШ федералдық соты, сондай-ақ 45 штаттың соты алқабилерден бірауыздан вердикт (verdict) шығаруды талап етеді. Яғни, айыптаса, билердің бәрі сондай ойға келуі шарт. Ақтаса, ықтимал қылмыскердің бостандықта тайраңдайтынын бәрі түсініп, соған жауапкершілік алады. Бұл алқабилердің әбден ойласып, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, жауапты үкім шығаруына түрткі болады. Әйтпесе, алқабилердің басым көпшілігі мақұлдаған шешімді қанағат қылатын елдер де жетерлік. Қазақстанда бұрынғы жылдары алқабилер мәртебесін иеленген қарапайым тұрғындар судьямен ақылдасып, солардың кеңесін құптай салған оқиғалар болыпты. Сот процесі ашық өтпек Алқабилер сотының өркендеуі халық билігі мен демократиясының өрістеуіне жол ашады. Сондықтан құқықтанушылар да, заңгерлер де, сонымен қатар заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаттары да алқабилер қарайтын істер санатын 13 құраммен емес, одан да көпке ұлғайтуды ұсынған. Бірақ бұған... ақшаның аздығы кедергі болыпты.
«Осы заң жобасына басқа да ауыр қылмыстарды қарауды кіргізуге болатын еді. Бірақ алқабилердің жалақысы бар, оны төлеу керек. Бұдан бөлек, кеңейтсек, жаңадан сот залдарын салу қажет болады. Оған жұмыс істейтін қызметкерлердің штатын көбейту қажеттілігін туындайды. Жаңа жабдықтар мен техника алу керек, оның бәрі едәуір қаражатты талап етеді. Ал Үкімет оған қаражат беруге дайын емес. Сондықтан осы 13 жаңа құрамға тоқтадық. Оның түрлерін талдадық, оған өте маңызды істерді алдық, яғни адам өліміне, өзге ауыр зардаптарға соқтыратын және елімізде үлкен резонанс туғызатын істер іріктелді», – деді Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ә.Жүкенов.Мысалы, Қылмыстық кодекстің 146-бабында көзделген азаптау қылмыстарына жазаны алқабилер тағайындай алады. Бұған заң жобасын әзірлеушілерді қасіретті қаңтар оқиғалары итермелепті.
– Азаптау қылмыстары қаңтар оқиғалары аясында көбейіп, елдің мазасын кетірді. Мемлекет басшысы бұл істерді тергеуде де, сотта қарауда да айқындылықты, бейтараптылықты, объективтілікті паш етуді тапсырды. Бұл істер тек еліміздің ғана емес, халықаралық ұйымдардың назарында. Сондықтан осы істерді алқабилердің қатысуымен қараған жөн деп санаймыз. Адам өліміне соқтыратын жол апаттары абайсыз жасалса да, оның қоғам үшін зардаптары өте ауыр, сол себепті бұл істердің тергелуі, сотта қаралуы өте қиынға түседі. Өйткені екі тарапта сұрақ көп туады, түрлі күдік болады. Мұндай істер бойынша барлығын қанағаттандыратын шешім қабылдау өте қиын. Демек, оны алқабилердің қатысуымен қараған жөн деп отырмыз. Біз басқа құрамдарды да осындай тәсілмен таңдадық. Егер мемлекеттің қаражаты, басқа мүмкіндіктері көбейсе, онда алқабилер соты қарайтын санаттарды кеңейтуге дайынбыз, – деді Әбдірашид Жүкенов.Судья қызықты бір жаңалықты айтты. Жоғарғы сот алқабилер сотын насихаттауға кіріседі. Соның аясында кейбір істер телеарналар арқылы трансляцияланбақ. Реселік федералдық арналарда бұрындары «Час суда», «Федеральный судья», «Суд идёт» сияқты шоулар мен телебағдарламалар өте танымал болатын, жоғары рейтингке ие еді. Бірақ шынында олар нағыз сот отырысы емес-тін: не шынайы сот процесінің реконструкциясы, немесе ойдан құрастырылған отырыс болатын. Ал нағыз сот отырыстарын трансляциялау кезінде біраз мәселе бас көтеруі мүмкін: оған қатысушылардың бет-жүзін көрсетуге, сөйлеген сөзін жалпақ жұртқа жариялауға рұқсат алынуы қажет. Сондай-ақ нағыз сот отырыстарында азаматтардың дербес деректері де жария етіледі. Бұған заңмен тыйым салынған. Жалпы, алқабилер соты жүйесі дамыған сайын жаңа мәселелер туындауы, ескі проблемалар ушығуы ықтимал, сала жаңа шешімдерді, тегеурінді тетіктерді, жасампаз тәсілдемелерді талап етіледі. Бірақ мұның бәрі ақыр соңында халықтың осы салаға деген ықыласын арттырары сөзсіз. Осының арқасында қазақтың байырғы билер институты қайта түлеуі, яғни тұрақты түрде төрелік ететін кәсіби емес данышпан адамдардың суырылып алға шығуы ғажап емес.