Суық мектепте сабақ оқып та жарытпайды
Суық мектепте сабақ оқып та жарытпайды
© фото: Роза ШӘКЕН
554
оқылды
Петропавл қаласында былтыр салынған жаңа мектеп солтүстіктің ал­ғашқы аязына төтеп бере алмады. Бүрсең қаққан балалар суық кабинет­терде оқуға мәжбүр. Дәліздер тіпті азынап тұр. Соның салдарынан көпте­ген оқушы мен мұғалім ауырған. Мағжан Жұмабаев атындағы IT мек­теп-лицейіндегі кабинеттерде қазір тем­пература – 14-17 градус. Оқу­­­­шылар осы­лайша суық сыныптарда бі­лім алып жүр. Білім ошағында каби­нет­тік жүйе енгізілді. Яғни, балалар үзілісте де дәлізге шық­пай­ды, сынып есігін жауып ұстайды. Өйткені дәліз тіптен азынап тұр. 308 шаршы метр дәліздің екі жағына екеу­ден ғана батарея ор­­натылыпты. Жоба бойын­ша солай екен. Жоба демекші, дирек­тордың шаруа­шылық ісі жөніндегі орын­басары Қизат Алтынбекұлының ай­туынша, жоба бойын­ша ғимаратқа шойын батареялар орнатылуы тиіс болған екен. Қазіргілері оған сәйкес емес, биометалдан жа­салған. Жалпы, жылу жүйесі дұрыс ой­лас­тырыл­маған. Жылу айналымы 74-ті көр­сетіп, батареялар жылы болғанымен, ғи­марат жылынбайды. Әрі жаңа ғимарат «отыр­ған», қабырғалары жарылып, тере­зе­лерінің жақтаулары жылжып кеткен. Ша­­тыры да дұрыс жабылмаған. Табиғи жа­рық түсіретін зениттік шамдардан бар­лық биіктікті алып тұрғандықтан, одан да суық келеді. Осының бәрінің салдарынан мек­теп салқын. Мұндай мәселені мектеп басшылығы жа­сырып отырған жоқ. Мектеп бойынша ор­таша температура 17 градус дейді. Был­тыр да аязды күндері ғимараттың азынап кеткен күндері болған екен. Бірақ былтыр қыс жұмсақ болғандықтан, оқушылар мен мұғалімдер дәл қазіргідей қиналмапты. Дегенмен былтырдан бері осы олқылықты жою туралы тиісті мекемелерге хат жаз­уын тоқтатпай келеді. Тапсырыс беруші – об­лыс­тық құрылыс басқармасына да, қала­лық, облыстық білім басқармасына да, мердігерге де хаттарды боратып жатқаны­мен, нәтиже жоқ.
«Әрине, біз бұл мәселенің тезірек ше­шіл­генін қалаймыз. Біз де басқа әріптес­тері­міз сияқты туфлимен жүргіміз келеді. Ба­лалар тоңбасын дейміз. Мердігерлер ка­лорифер орнатуға уәде берді. Сонда вен­тиляция шахталары арқылы жылы ауа та­райды. Бұл қаншалықты нәтиже бере­тінін айтуға әлі ерте. Қазір одан суық ауа тарайтындықтан, вентиляция шахталарын жауып тастадық. Мүмкін құрылыс бары­сын­да кейбір талаптар сақталмаған шы­ғар. Себебі төбеден де суық келіп тұрғанын се­земіз», – дейді мектеп-лицей директоры Рәзия Касимова. Талап бойынша бұл шах­талар жабылмауы тиіс екен.
Мағжан Жұмабаев атындағы IT мек­теп-лицейде бүгінде 928 оқушы білім ала­ды. Балаларға қалың киініп жүруге, екін­ші аяқкиім ауыстырмауға рұқсат бе­ріл­ген. Олар сабақта тоңып отыратын­да­рын айтады. Ата-аналардың айтуынша, балаларының аяқ-қолдары мұздап жүреді, соның салдарынан көбі ауырып жатқан көрінеді. Сырқаттанып қалған мұғалімдер де бар. Ең суық кабинеттер мүлдем боса­тыл­ған. Онда оқитын балалар басқа бөлме­­лерге көшіріліпті. Сабақтар қысқар­тыл­ған. «Мектеп қашан жылынады?» деген сұра­ғымызға Петропавл қалалық білім бө­лімінің басшысы Динара Рақышева мер­дігер «Құрылыс-Сервис СК» ком­па­ния­сымен келіссөз жүргізіліп жатқанын, қал­ғаны соларға байланысты екенін айт­ты. Сонымен қатар «СевКазЭнерго» кәсіп­орнына аязды күндері жылу беру айналымын нормадағыдан көбейте түсуге кеңес берілетін болды.
«Бұл – қала бойынша жалғыз суық мек­теп. Барлық мектептердегі темпера­тура­лық режимді күнделікті бақылауда ұстай­мыз. Ата-аналардың шағымы болса, сол мектепке барып тексереміз», – деді қа­ла­лық білім бөлімінің басшысы Динара Болатқызы.
Бұл мәселені «AMANAT» партиясы­ның жергілікті филиалының партиялық б­ақылау комиссиясы мен Солтүстік Қа­зақ­стан облысының сыбайлас жем-қор­лық­қа қарсы қызметі өз бақылауына алды.
«Балалар мектепке ауыру емес, білім алу үшін барады. Мердігер ұйымдар қысқа мер­зімде кемшіліктерді жойып, қолайлы тем­пе­ратураны қамтамасыз ету үшін бар­лық шараларды қабылдауы тиіс», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл де­партаменті басшысының бірінші орын­ба­сары Айдос Жүнісов.
Мектеп-лицей ғимараты былтыр 1 қыр­­күйекте пайдалануға берілген бола­тын. Кепілдік мерзімі келесі жылдың 1 қыр­күйегінде аяқталады. Петропавлда бұдан басқа жаңадан са­лынған №6, №25 мектептер бар. Бірақ ол ғи­мараттар жылы, мұндай мәселе жоқ. Алайда облыс аумағында бұдан басқа да суық мектептер бар. Мәселен, Айыртау ау­­данының орталығы Саумалкөл мек­те­бін­дегі температура 8-10 градус деген ша­ғым бар. Ата-аналардың айтуынша, мек­теп басшылығы ата-аналарға мектепке жы­лытқыштар сатып алу туралы өтініш жа­сапты. Сондай-ақ, Қызылжар ауданына қа­расты Преснов орта мектебіндегі бала­лар да тоңып жүр. Тиісті мекемелерге хат ж­азылғанымен, одан еш нәтиже шық­пап­ты. Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл мектебіндегі температура +5 градус қана бол­ған себепті, оқушылар қашықтан оқуға ауыстырылған.  
Бет қатталып жатқанда: бүгін мектеп директоры зениттік шамдар поликарбонат парақтарымен жабылғанын, терезелер силикондалғанын жеткізді. Бұған қоса мердігер әкелген генератор іске қосылмақ. Әрі жылу торабы сорғысының жұмысы қайта қаралатын болыпты.

Солтүстік Қазақстан облысы