Жуырда ТикТокта 85 жастағы қарияның студент атанған видеосы тарап, желі қолданушыларын таңғалдырғаны бар. Кейін анықталғандай, ақсақал Қырғыз Республикасындағы Ош мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқитын болып шықты. Осыншама жасқа келсе де білім алудан бас тартпаған атайға біз де тәнті болып, еліміздің ЖОО-ларындағы жасы үлкен студенттерді іздеп көрген едік. Оқу ордаларында жетпіс-сексендегі қариялар табылмағанымен, қатарластарынан кемі – он жасқа, алды – отыз бес жасқа үлкен студенттер бар екен. Бірі 47 жасында жаңа тіл үйреніп, 56 жасында университетке түсіп жатса, енді бірі үш балалы болған шағында жүрегі қалаған мамандықты меңгеруге ниет етіпті. Кимё ТҰРСЫНБАЕВА, 57 жаста, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті:
«Балаларымның замандастарымен қатар оқимын»
57 жастағы астаналық Кимё Тұрсынбаева Еуразия ұлттық университетінде оқиды. Математика педагогтерін даярлау мамандығының 2-курс магистранты. 2003 жылы Өзбекстаннан отбасымен көшіп келген Кимё апай елорда мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Бала оқыту ісіндегі олқылықтарға қарны ашқан ол шетелдегі тәжірибені көріп-үйрену үшін «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырады. Бір емес, екі рет. Бұл кезде кейіпкеріміздің жасы 47-де екен.
«АҚШ-та магистратура оқып, сол елдегі педагогика саласының қыр-сырын танығым келді. Ондағы ойым – соның бәрін үйреніп келіп, осында келгенде жан-жағымдағыларға үйрету еді. Біз мектепте неміс тілін оқыдық. «Болашаққа» тапсыру үшін ағылшын тілінен TOEFL емтиханын тапсыру керек. YouTube-тен ағылшынша сабақтарды көріп, тілді өз бетімше меңгердім. Тест тапсырғанымда 10 балл жетпей қалды. Еңсемді түсірмедім, екі жылдан соң қайта тапсырдым. Ол кезде тіл білу талаптары жоғарылап кетіп, тағы да 10 балл жетпеді. Ол кезде 47-де едім», – дейді Кимё Тұрсынбаева.
Араға уақыт салып, Кимё магистратураға тағы да талаптанып көреді. Бұл жолы Астанадағы Еуразия ұлттық университетін таңдайды. Ағылшын тілінің емтиханынан да, пәндік емтиханнан да сүрінбей өтіп, 56 жасында қайта студент атанады.
«Группадағы қыздар менің келініммен жасты. 1999 жылғылар. Бастапқыда менімен қоян-қолтық араласып кетуге ыңғайсызданып, «апай, сізге бәрібір біздің орта қызық емес шығар» дейтін. Менің бір жақсы қасиетім – 18-дегі баламен де, 60-тағы кісімен де тең дәрежеде сөйлесіп кете беретінім. «Ондайды қойыңдар, мен де сендер сияқты студентпін. Қыдыратын жерлеріңнен қалмаймын» дедім. Қазір әр емтиханнан кейін топтастарыммен бірге кафеге де барамын, мені олар сауық кештерінен де қалдырмайды», – деп күлді кейіпкеріміз. Кимё апайдың екі ұлы, бір қызы, үш немересі бар. Балалары анасының оқимын, ізденемін деген талпыныстарына үнемі қолдау білдіріп отырады екен. Кейіпкеріміз америкалық инженер Жак Фресконы үлгі тұтады. 101 жасқа келіп өмірден өткен оның Нью-Йорктегі музейіне баруды қатты армандайтын Кимё апай АҚШ-қа турист ретінде виза алуға құжат та тапсырыпты, бірақ онысы сәтсіз болған. «Ұлдарыма АҚШ-қа оқуға түсіп, сосын маған шақырту жіберіңдер деп қалжыңдаймын. Әйтеуір Американы көру деген арманыма жетсем екен», – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.
Құралай АЙМОЛДИНА, 56 жаста, Астана медицина университетінің студенті:
«GPA-ім жанымдағы қыздардан жоғары еді»
Астана медицина университеті студенттерінің ең үлкені 56 жаста. Құралай Аймолдина аталмыш оқу ордасындағы PhD бағдарламасының 1-курсында оқиды. Оның мамандығы – мейіргер. 2017 жылы University Medical Center корпоративтік қоры Назарбаев университетімен бірлесіп, қазақстандық мейіргерлерді жоғары біліммен қамту бағдарламасын іске қосыпты. Сол жылы НУ-да Медицина мектебі ашылып, елімізде тұңғыш рет мейіргерлер арналған бакалавриат бағдарламасы басталған екен. Республикалық диагностикалық орталықта мейіргер болып жұмыс істеп жүрген Құралай апай 28 студенттің бірі болып сонда оқуға түседі.
«Назарбаев университетіне оқуға түсу үшін қойылған талаптардың бірі ағылшын тілінен емтихан болды. Біз мектепте неміс тілін оқығанбыз. Сосын тіл курсына жазылып, ағылшынша үйрендім. IELTS-тан 5.5 балл жинап, 51 жасымда бакалавриатқа оқуға түстім. Оқу процесі мені одан әрі қанаттандырды. Бізге шетелдік мейіргерлер сабақ беретін. Ал еліміздегі оқу орындарының мейіргерлік мамандығында оқитын студенттерге әдетте дәрігерлер ғана сабақ береді. Ал дәрігерлер бәрібір мейіргерліктің қыр-сырын дәл өздеріндей терең түсіндіріп бере алмайды. Сол себепті менің жолым болды деп ойлаймын. Оқуды 2019 жылы үздік бітірдім», – дейді кейіпкеріміз.
2019 жылы мейіргерлерге арналған магистратура бағдарламасы Астана медицина университетінде ашылады. Құралай апай енді соған құжат тапсырады.
«Назарбаев университетінде бірге оқыған 3 қызбен бірге, магистратураға түстік. Жанымдағы қыздар менің өз қызымнан кіші болатын. «Апайдың GPA-і – 3,75, біздікінен де жоғары» десіп, әрі таңғала, әрі құрметпен қарайтын», – деп жымиды ол.
Магистрант болып жүргенінде Құралай апай Словения, Германия, Италияда өткен ғылыми конференцияларға қатысып, өз жұмысын ағылшын тілінде таныстырып шыққан.
«Пандемия кезінде халықаралық конференциялар онлайн өтетін еді. Мен сөз сөйлегенімде, әдейі бейнекамераны қосып қоямын. Қазақстанның студенттері қанша жасқа келсе де білімге құштар екенін көрсін дегенім», – дейді Құралай Аймолдина.
Былтыр магистрлік диссертациясын ойдағылай қорғап шыққан ол биыл Астана медицина университетінің PhD докторанты атанады. Мейіргер мамандығына бөлінген жалғыз грант Құралай апайға бұйырған.
«Мұндағы мұғалімдердің маған таңырқап қарайтыны рас. Бірақ шәкірт ретінде олардан үйренерім көп. Өз кезегімде мен де барынша пайдалы болуға тырысамын. Назарбаев университетінде оқып жүргенімде, әдебиеттерге шолу, ғылыми әдістер, статистика сияқты дүниелерді өте тереңдетіп оқытатын. Сол білімімді қазіргі университеттегі мұғалімдеріммен бөлісіп отырамын», – дейді ол.
Бағдат БАТЫРХАНОВ, 37 жаста, Ақтөбе өңірлік университетінің студенті:
«Жоғары білімсіз ұзаққа бармайтынымды түсіндім»
37 жастағы Бағдат Батырханов – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 4-курс студенті. 2003 жылы осы университеттің инженерлік-техникалық факультетіне оқуға түскен ол бір себептермен 3-курста оқудан шығып кеткен. Бірақ кейін оқуын қайта жалғастыруға шешім қабылдайды.
«Жоғары білімнің дипломынсыз ұзаққа бара алмайтынымды түсіндім. Оның үстіне, бастап қойған істі аяқсыз қалдыру да дұрыс емес. Ақыры, былтыр 36 жасымда оқуға қайта қабылдау туралы өтініш жазып, 3-курстан бастап күндізгі бөлімде жалғастырып жатырмын. Бұйырса, биыл бітіремін», – дейді Бағдат.
Өзге студенттермен жас айырмашылығы қатты алшақ болғандықтан, әуелгіде оны бірде мұғалім екен деп қалса, бірде осында оқитынына сенбей, билетсіз корпусқа кіргізбепті.
«Студенттік билетімді ұмытып кеткен кездері күзетшілерді осында оқитыныма сендіре алмайтынмын. Қыркүйекте алғаш рет аудиторияға кіргенімде, бірге оқитын студенттер мені мұғалім екен деп ойлап қалыпты. Бірақ кейін тез тіл табысып кеттік. Қазақтілді орта болғандықтан ба екен, «ағай» деп үнемі жасымды сыйлап тұрады. Өз кезегімде мен де оларға тәжірибеммен бөлісіп, білгенімді айтып отырамын», – дейді кейіпкеріміз.
Бағдат қазіргі студенттердің бір кездердегі топтастарынан едәуір ерекшеленетінін айтады.
«Бүгінгі жастар тым епті әрі шапшаң. Мұны, бір жағынан, технологияның дамуымен де байланыстыруға болатын шығар. Олар тез үйренеді, оңай бейімделеді. Біздің кезімізде студенттер аңқаулау, көп нәрсеге епсіз болатын», – дейді ол.
Әсел ШОКОБАЛИНОВА, 36 жаста, Қостанай жоғары медициналық колледжінің студенті:
«Бала арманыма 35 жасымда жеттім»
Әсел Шокобалинова – 36 жаста. Ол Қостанай жоғары медициналық колледжінің 2-курсында оқиды. Негізі, медицина маманы болу Әселдің бала күнінен бергі арманы екен. Әкесі де, анасы да санитарлық дәрігерлер болған. Алайда олар медицинада оқудың тым ұзақтығын әрі күрделі екенін айтып, Әселді өз ойынан айнытады.
«Аудармашылыққа грантқа оқуға түстім. Алайда оқу бітірген соң жұмыс таба алмадым. Сосын екінші жоғары білім – қаржы мамандығын оқып алып, біраз жыл қаржы сарапшысы болып қызмет істедім. Бірақ медицинаға махаббат менің жүрегімнің бір түкпірінде бұғып жатыр еді. Бір күні жолдасыммен әңгімелесіп отырғанымда, ол маған оқуға тапсырып көруімді айтты. Бір жағынан сол кісінің маған деген сенімі қанат бітіріп, бір жағынан бала арманымды орындауға мүмкіндік туғанына қуанып, ҰБТ-ға дайындалдым. Керекті балды жинап, грантқа оқуға түстім», – дейді Әсел.
Группаластары да, мұғалімдері де Әселдің жасының үлкендігіне онша мән бермепті. Тіпті, бір жылдары 42 жастағы кісі де сол колледжде оқыған екен, сондықтан есейіп студент атану ондағыларға аса таңсық дүние емес көрінеді.
«Оқу процесі бойынша онша қиындық болған жоқ. Мектептен қалған білімім біршама көмектесті. Өзім аудармашы болғандықтан, ағылшын тілі тіптен жеңілге түсті. Мамандықты саналы түрде өзің қалап келген соң, мұғалімдердің тапсырмаларын тыңғылықты орындайсың, өзіңе не керек екенін жақсы білесің. Тек бір ыңғайсыз тұсы – таңғы 8-де басталатын сабаққа үлгеру болатын. Балаларымның балабақшасы мен мектебі 9-да, сол жағынан сәл қиындау. Басқасының бәрі тамаша. Бағаларым үздік болып, бірінші семестрден кейін жоғарылатылған шәкіртақы алдым. Бұл да оқуға деген құштарлығыңды арттырады», – дейді кейіпкеріміз.
Айдана ШЫНЫБЕКОВА, 26 жаста, Сулейман Демирель атындағы университеттің студенті:
«Үйдегілердің қолдауы әйелді алысқа апарады»
26 жастағы Айдана Шыныбекова Сулейман Демирель атындағы университеттің математика мамандығында өзінен 10 жас кіші студенттермен бірге 1-курста оқиды. Ол бұрын «Нархоз» университетін есеп және аудит мамандығы бойынша бітіріп шыққан, алайда жүрек қалауы мұғалімдік қызмет болып, үш балалы болған шағында арманындағы мамандықты оқуға бел буады.
«Бұрынғы оқуымды әпкемнің айтуымен оқығаннан ба, әлде оқуымның ақысын ата-анам төлеп отырғандықтан ба – сабақты бар ынта-ықыласыммен оқыған жоқ едім. Ара-тұра сабақтан да қалып тұратынмын. Қазір бұл мамандығымды саналы түрде өзім таңдадым, оның ақысын да өз қалтамнан төлеймін: есесіне бірде-бір сабақты құр жібермеймін, шама-шарқымша ынта қойып тыңдаймын», – дейді Айдана.
Айдананың үш баласы бар. Балаларына да, үй шаруасына да, университеттегі оқуына да қатар үлгеруіне енесі көмектеседі екен.
«Енем үйде балаларға қарап, керек болса тіпті ас-ауқатымызды да пісіріп отырады. Әйтпесе, бірнеше баламен күндізгі бөлімде оқу өте қиын болар еді. Меніңше, қыз-келіншектердің дамуына, өсуіне отбасындағы қолдау үлкен ықпал етеді, күйеуімізден, жақындарымыздан қолдау барда, тау қопаруға да әзірміз ғой», – деп күлді ол.
Бірнеше балалы студент болуға да бейімделу керек. Сондықтан Айдана үй тапсырмаларын университеттен шықпай тұрып орындауға дағдыланған. Сабақ аяқталған соң үш сағаттай корпуста қалып, тапсырманы қанттай қып бітіргеннен кейін ғана үйіне қайтады.
ТҮЙІН: Оқуға түсу тілек-қалаудың күшімен ғана жүзеге аспаса керек. Оның артында уақытыңның белгілі бір бөлігін соған арнауға, студент ретіндегі міндеттерді тұрақты түрде арқалауға, жаңа ортаға бейімделуге әзірлік тұрады. Оған екінің бірі тәуекел ете алмайтыны анық. Жоғарыдағы кейіпкерлерімізге тәнті болатынымыз да сондықтан.