Елордада 2025 жылға дейін жаңадан іс бастаймын деген кәсіпкерге халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында қайтарымсыз гранттар тағайындалады. Мемлекеттен осындай қолдауға ие болған астаналық кәсіпкерлер өз бизнестері жайлы айтып берді. Наннан табыс тапқан
Қайтарымсыз 5 миллион теңге қаржы алған кәсіпкерлердің бірі – Шынар Қалиева. Ол коуч Арман Ақбердиевтен Астана қаласының әкімдігі «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша грант алуға конкурс жариялағанын естиді. Тәуекел етіп, құжаттарын тапсырады. Жолы болып, бұл қаржыға қажет қондырғыларды сатып алып, наубайхана ашқан.
– Мен үш баланың анасымын. Үлкен екі қызым бойжетті. 2015 жылы ерекше қажеттілігі бар ұлым дүниеге келді. Мұндай сәбиім болады деп еш отбасы ойламайды. Ұлым туғанда жыладым, өмірге өкпе мен реніш, қорқыныш пайда болды. Тағдырдың алдында дәрменсіздігімді сезініп, күйзеліске түстім. Сол кезде маған «Мама Про» қоғамдық қоры көмектесті. Бұл қор ерекше балаларды тәрбиелеп жатқан аналарды қорғау үшін құрылған. Сол кезде жігері мықты, табысты әйелдердің ортасына түстім. Олар кәсіпкерлік істің негіздері бойынша курс өткізетін. Бізге өз ісіңді ашу үшін қандай алғашқы қадамдарды жасау керек, бизнес-жоспарды қалай жасаған дұрыс, бухгалтерия негіздері мен шешендік өнерді үйретті. Бірақ ең бастысы – психологтармен жұмыс. Себебі баланы өмірге бейімдеу ананы бейімдеуден басталады. Барлық тренинг пен шеберлік сабағы тегін өтті, – дейді кәсіпкер.
Осылайша, Шынар есептеулерді жүргізіп, наубайханаға қандай қондырғылар керектігін зерттейді. Бизнес-жоспарды жазуға оған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының менеджері көмектеседі. Мемлекеттік грантты ұтып алғандардың арасынан өз аты-жөнін көрген кезде қуаныштан жылап жіберіпті. Содан кейін кәсіпкер «Солнечная» аталатын наубайханаға арналған алғашқы қымбат та сапалы қондырғыларды сатып алып, «Бидай Фуд» атты шағын наубайхана ашты.
– Мемлекеттік грантты екі рет, 2020 және 2021 жылдары ұтып алдым. Екеуі де 5 миллион теңгелік. Қазір астаналық «Арбатта» павильоным бар. Орынды жеңілдікпен «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасымен алдым. Бұл павильонда дайын өнімдерді – хот-дог, бургер, сэндвич және өзіміз пісіретін өзге де көптеген нан өнімдерін сатамыз. 2020 жылы ісімізді бастағанда өзіміз жұмыс істеп, сырттан бір ғана адамды жұмысқа тарттық. Одан кейін жаңа мамандарды шақырдық. Қорытындысында, алғашқы жылы 4 жұмыс орнын құрдық. Келесі 2021 жылы өз павильонымызда өнімдерімізді өткізе бастадық. Хот-догтарға арналған бәліштерді өзіміз пісірдік. Өз өнімімізді пайдалану арқылы тұтынушыларға бағаны арзандаттық. Келесі жылы ұтып алған 5 миллион теңгеге қатырғыш және мұздатқыш қондырғыларды, нан жаятын жабдықтарды, басқа да керек құралдарды сатып алдық. Соның арқасында өнімді шығару көлемін ұлғайттық. Қазір наубайханада 4 адам және павильондағы 2 сатушы, барлығы 6 адам жұмыс істейді. Мәзіріміз де кеңейіп, дүкендер арасында әріптестеріміз көбейді. Әлеуметтік желі арқылы да сауда жасауға мүмкіндік алдық, – дейді Шынар Қалиева.
Грант иегері қазір тамақтану өндірісі бойынша білімін арттырып жатыр. Жақында екі айлық курсты оқып бітірді. Бұған қоса, қаржылық талдау және модельдеуді үйренуде.
Отандық өнім қолжетімді
Елімізде кәсіп түрі көп. Бірақ отандық өнімнің жөні бөлек. Келесі кейіпкеріміз Дамыс Болатхан көлігіне ұлттық нақыштағы қаптама таппай, шаршағаннан кейін өзі тігіп алуға бел буған. Оған дейін тігін машинасын қолына ұстап көрмеген ол қиындықтан қашпай, өз ісін бастап кеткен. Бүгінде жас кәсіпкер елордада трансформен-сумка тігумен айналысып, ұлттық брендті қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.
– Кәсібімді бастар кезде тігін саласынан еш хабарым болмады. Бұған дейін мұғалім болып жұмыс істедім. Алғашқы кезде 3-4 ай YouTube-тан тігінге байланысты түрлі видеолар қарап, осы салада жүрген мамандарды зерттедім. Уақыт өте келе тігін өнерін ақырындап меңгере бастадым. Кейін көлігімнің ескі қаптамасын алып тастап, өзім армандаған ою-өрнекпен қаптау үшін әрекет еттім. Орындық тысын 4-5 ай дегенде тігіп шығардым. Шығын көп кетті. Бірақ ойлаған дүниемді жасап алдым. Ары қарай өз ісіме икемделе кеттім. Тігінге байланысы бар кез келген жұмысты істей бердім. Кейіннен тапсырыс ала бастадым. Тәжірибе жинай келе, ескі орындықтардың тысы, көліктің ішінен қалған ұсақ-түйек былғарылардан өзіме сөмке тігуді қолға алдым, – дейді Дамыс Болатхан.
Дегенмен кәсіпкердің алдынан кедергілер де көп кездескен. Сөмке саудасын қыздырып, бизнес әлеміне кіргеннен кейін пандемия басталады. Ол кезде дүкен ашуды армандап жүрген.
– 2019 жылы наурыз айында ашамын деп жоспарлап, 7-8 ай дайындық жасадым. 15 наурызды дүкенім ашылатын күн ретінде белгілеп, жұмысшылар алып қойған болатынмын. Сол жылы наурыз айының соңына қарай коронавирус тарап, дүкен мен базарлар жабылады деген хабар келе бастады. Дегенмен сол күні ашылу салтанатын өткіздім, іс-шараға 60-қа жуық адам жиналды. Ал екі күн өткен соң дүкенім жабылып, жұмысшылар үйлеріне қайтты. Мен үшін пандемия кезіндегі ең ауыр соққы осы болды, – дейді кәсіпкер.
Дегенмен Дамыс Болатхан 2021 жылы мемлекеттен қайтарымсыз 5 миллион теңге қаржы алып, кәсібін кеңейтеді. Бүгінде таза былғарыдан жасалған DamysBrand сөмкелері отандық өнімдердің қатарын толықтырды.
– Жалпы, елімізде кәсіп үшін жағдай жасалған деп айта аламын. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекетіміз түрлі жобалар ұйымдастырып жатыр. Мен қайтарымсыз гранттан алған қаржыға тігін машиналарын, түрлі құралдар алдым. Осының арқасында 3 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта қызметкерлерін санын көбейтпекпіз. Осы уақытқа дейін арнайы тапсырыспен ғана сөмкелер тіксек. Жаңа жылдан бастап тұрақты түрде тігіп, тауар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Қиындыққа қарсы тұрған
Көпбалалы аналар да мемлекеттік қолдаудан тыс қалмаған. Айталық, елордалық Ақмарал Иманалиеваның отбасында 2014 жылы дүниеге келген Аян және Раян есімді егіз ұлдарының үлкеніне бір жасында церебралды сал ауруы диагнозы қойылыпты. Дәрігердің айтуынша, ерекше балаға арналған жаттығу құрал-жабдығына деген қажеттілік туындаған кезде, жас отбасы шарасыз күй кешті. Қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмей дабдырап қалған ата-ана дәл осы жағдайдан кейін кәсіпкерлікке бет бұрды.
– Жолдасым балаларды оңалту орталығында жұмыс істейді. Жұмыс барысында осындай құрал-жабдықтарды талай рет көзімен көрген болатын. Олардың өз баламызға қажет екенін естіп, осындай құрал таппай қиналған тұста жолдасым көп ойланбастан бірден іске көшті. Осылайша, ол әлгі құралды өз қолымен жасап көруге асықты. Көп ұзамай әкесі Аянға үш функцияда жұмыс істейтін сапасы керемет баспалдақ жасап берді. Кейін ерекше балалары бар ата-аналардан тапсырыс түсе бастады. Сөйтіп, сұраныс артты. Біздің елде нарықта бұл сала аса дамымағанын байқадық. Мұны жасайтындар саны аз екенін біліп, осы саланы кәсіп ретінчччбастауды жөн көрдік, – деді елордалық кәсіпкер.
Ақмарал Еңсебекқызының айтуынша, бастапқыда бизнесті бастауға қаржысы болмаған. Тіпті, қолдарында дайын шикізат та жоқ еді. 2020 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына барып, «Бизнес бастау» жобасына қатысуға ниет білдіріп, барлық талабынан мүдірмей өтіп, нәтижесінде 200 айлық есептік көрсеткіш есебінде грант ұтып алды. Бұл шамамен 600 мың теңгеге жуық ақша болатын. Сол қаржыға отағасы ерекше қажеттілігі бар жандардың күнделікті өмірде пайдаланатын аксессуарларын жасай бастайды.
Ал былтыр олар қалалық әкімдіктің құны 5 млн теңге болатын грантын ұтып, кәсібін кеңейтті. Бұл қаражатқа станоктар сатып алып, цехын үлкейткен кәсіпкерлер бүгінгі таңда 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Біз ерекше жандарға арналған жаттығу құрал-жабдықтары мен ұсақ моториканы дамыту үшін монтессори, эрготерапия кабинеттеріне арналған заттар жасаймыз. Мысалы, ходунок тепе-теңдікті сақтауға және құлап қалмауға, сенімділікпен жүруге көмектеседі. Ал вертикализатор туабітті ауруға шалдыққан науқастарға ғана арналмаған. Бұл құрылғы күрделі отадан, болмаса жол апатына ұшырағаннан кейін науқастың ұзақ уақыт жатып қалмауына жәрдемдеседі. Сондай-ақ ол – жарақаттан соң оңалту кезеңінде тік қалыпқа келтіруге мүмкіндік беретін көмекші құрылғы, – деді Ақмарал Иманалиева.
Кәсіпкерлердің қолдан жасаған тауарларына сұраныс берушілер қатары көбейіп келеді. Құптарлығы сол, олар жасаған кейбір заттарды ерекше қажеттілігі бар балалармен қоса, инсульт алған адамдар да қолдана береді.