Сурдлимпиада чемпионы Мәдениет және спорт министрлігін сотта жеңіп шықты
Сурдлимпиада чемпионы Мәдениет және спорт министрлігін сотта жеңіп шықты
Фото: inform.kz
523
оқылды
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Мәдениет және спорт министрлігі мен 2022 жылғы Сурдлимпиада чемпионы Еркебұлан Қанафин арасындағы дауға қатысты шешім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Іnform.kz-тің дерегінше, Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық сурдлимпиада комитеті Еркебұлан Қанафинді өз есебінен жарысқа жіберіп, Қазақстанның беделіне әлемдік спорт қоғамдастығының алдында нұқсан келтірді және спорттық этикалық қағидаларды бұзды деп мәлімдеді. Ұлттық сурдлимпиада комитетінің мәліметінше, сот ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 151-152, 154-155-баптарын басшылыққа ала отырып, өткен ойындарда алтын медаль жеңіп алған Қанафинге ақшалай ынталандыру төлемін төлеуден бас тарту заңсыз шешім деп таныған.
«Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі» мемлекеттік мекемесінің Қанафин Еркебұлан Қайратұлына ақшалай ынталандыру төлемін төлеуден бас тарту әрекеті заңсыз деп танылсын. «Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі» мемлекеттік мекемесі 2020 жылғы 27 наурыздағы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен бекітілген мөлшердегі ақшалай ынталандыру төлемін Еркебұлан Қайратұлы Қанафинге төлеуге міндеттелсін» делінген мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот шешімінде.
Айта кетейік, биыл 5 мамырда Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарында спортшы Еркебұлан Қанафин 81 келіге дейінгі салмақ санатында алтын медаль иеленген.