Базалық мөлшерлеме бағынбай барады
Базалық мөлшерлеме бағынбай барады
829
оқылды
Қазанның соңында ғана базалық мөлшерлемені 14,5 па­йыздан 16 пайызға көтерген Ұлттық банк күтпеген жерден мөлшерлемені тағы өсіріп, 16,75 пайызға жеткізді. Бұл жайдың себебі көпке белгілі. Инфляцияға қарсы күрес мақсатында Ұлттық банк айналдырған бір жылдың ішінде алтыншы рет базалық мөлшерлемені көтерді. Салада жүрген экономистердің біразы қаржы реттеушінің бұл әрекетін сын тезіне алды. Ұлттық банктің уәжі баяғыдай, бар мәселені 19,6 пайызға жеткен инфляция үрдісіне сілтеп, амалдың жоғын алға тартады. Ең әуелі бұл жаңалық халықтың көңіл күйіне әсер ететіні рас. Жұрт хабарға елеңдеп, «алда не бо­лады екен?» деген оймен абдырайды. Ұлттық банк бұл қадамды қымбатшылыққа қарсы шара ретінде бағалағанымен, теріс жақтары көп екенін айтуымыз тиіс. Енді алдағы кезеңде қандай өз­ге­ріс­тер болады? Неден үміт үземіз? Осы сауалдар ту­расында қаржы саласындағы мамандардың пікірін білдік. Мақсат Серәлі Мақсат СЕРӘЛІ, экономист: Несиелердің пайызы өседі – Қазір әлемдік тә­жі­рибе көрсеткендей, дол­лар­дың базалық мөлшерлемесі көтерілді. Еуро да осы тә­сілді қайталады. Мұны ең негізгі жұмыс – инфляцияға қарсы құрал ретінде пай­да­ланып отыр. Жалпы, бұл – инфляцияны тоқтататын құрал емес. Өйткені әлем­дік нарықта қымбатшылық қарқын алып жатыр. Қазақстанда инфляция өршімес үшін ел өзінің ішкі нарығын толық қамтамасыз етуі керек. Өкінішке қарай, біз тек 30 пайызын қамтамасыз етеміз. Сондықтан инфляция, көрші елдердің экономикалық саясаты немесе доллар бағамының көтерілуі болсын – бәрі тікелей мемлекетімізге әсерін тигізеді. Соның ішінде баға саясатына ықпал етеді. Ең кем дегенде Қазақстан ішкі нарығын 60-70 пайыз мөлшерінде қамтамасыз етуі қажет. Сол кезде ғана инфляциялық тұрақтылық пайда болар еді. Алдағы уақытта оған жетуіміз күмәнді. Базалық мөлшерлемені көтеру бір-ақ нәрсеге ғана ықпал етеді. Шағын және орта биз­неске арналған несиелер пайызының көтерілуіне соқтырады. Одан соң экономиканы тежейді. Кәсіпкерлер мемлекет беретін субсидияны алуға ғана көшеді. Ал мемлекеттің қаражатына оның бәріне жетпейді. Мәселен, «Даму» қоры арқылы берілетін 6 пайыздық несиелерге бизнес өкілдері ағыла бастайды. Сондықтан бұл жерде ең өзекті мәселе – несие пайыздарының қымбаттауы. Жағымды жағы – депозиттердің мөлшерлеме өседі. Бұл – тек ақшаны сақтап қалу, депозиттерді айтарлықтай өсіру емес. Жанкелді Шымшықов Жангелді ШЫМШЫҚОВ, экономист: Экономикалық өсімге жасалған қиянат – Ұлттық банктің бұл саясаты әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің 16-сын­да ғана қолданылады. Еш­қан­дай оң нәтиже көрсе­тіп отырған жоқ. Ұлттық банк мамандарының ойынша, инфляция тек моне­тарлық құбылыс. Ақыры осындай қателікке баруда. Бір жылдың ішінде базалық мөлшерле­мені ал­тыншы рет көтеріп отыр. Мөлшерлеме 16,75 пайыз болған жағдайда экономикада алға жылжу бол­майды. Экономикада қолжетімді кредит болуы керек. Ал экономика алға баспа­са, өн­дірілген өнім көлемі кемиді. Біз онда импорт­тың қымбат та­уарларымен ғана өмір сүретін боламыз. Сондықтан Ұлттық банктің саясаты­на мен келіспеймін. Өткенде Ұлттық банктің экс-төрағасы Ғалым Бай­назаровпен кеңестік. Енді бірігіп инфляция, кредиттің қым­баттауына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдауға әзірленіп отырмыз. Бауыржан Ысқақов Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист: Осы қадамға баруға мәжбүр етуде – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға көтеруі – экономикадағы ахуалдың қиын екенінің анық көрсеткіші. Соңғы кездегі валютаның құнсыздануы, инфляциялық толқындар Ұлттық банкті осындай шешім шығаруға мәжбүр етуде. Біз бұдан аталған ұжымның экономикалық өсімге тікелей жауап беретін Үкіметпен байланысы жоғын аңғардық. Енді несиелер қымбаттап, адамдар ақшаны аз жұмсап, инфляцияны тоқтатамыз деген теорияға сүйеніп отыр. Бір нәрсені ылғи қайталап айтамын – іс жүзінде бұның бәрі ел экономикасының импортқа тәуелділігінің салдары. Мен себеп ретінде халыққа қажетті азық-түліктен бастап, тұрмыстық заттарға дейін сырттан келуін айтар едім. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе кешенді жоспар құрып, импорт мөлшерін азайтуға тырыспайынша, инфляция жалғаса береді. Қазір бізге бәрінен бұрын отандық өндірушілердің үлесі көбейгені қажет.