Импорттан арылу арманға айналды
Импорттан арылу арманға айналды
610
оқылды
Еліміздегі инфляция бүгін­гідей ырық бермей кеткен шақ­та сарап­шы­лар қауымы оның бір себебі ре­тінде импорт мә­се­­­лесін атады. Өйт­кені біз ше­тел­ден инфляцияны да им­порт­тай бастадық. Ондағы нарық­тық көңіл күй мен қолайсыз шарт­­тар­ға тәуелділік күшейе түсті. Енді осы­дан шығудың бір жолы – импортал­мас­тыру, яки отандық өндірісті жан­­дандыру бо­лып отыр. Бұл тұста да ше­ші­мін күткен мәселе жеткілікті. Базалық ставка тағы өсуі мүмкін Күн санап экономиканың ады­мын ші­дерлеп, аяғын тұсаған ин­фляцияның ара­ны ашылып барады. Бұрындары 10 па­йыздан аспайтын ол биыл жылдық мәнде 19,6 пайызға жетті. Соның ішінде азық-түлік 24,9 пайызға қымбаттап, ин­фляцияны одан сайын үдетіп отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляция­ның өсуі де 19,5 пайызға дейін же­дел­деген. Импорт үлесі жоғары тауар­лардың, соның ішінде жеке қол­даныстағы тауарлардың, тұр­мыста қолданылатын құралдардың, құрылыс материалдарының, дәрі-дәрмектің баға­лары тез өсіп отыр. Бұл біздің инфляцияны да импорт­тап отырғанымызды білдіреді. Ұлт­тық банктің мәліметінше, биылғы жарты жылда импорт 15,9 пайызға өсіп, 20,7 млрд долларды құраған. Жыл соңына дейін бұл сома 44,2 млрд долларға жетуі мүм­кін. Өйткені былтыр ол 41,1 млрд дол­лар болған еді. Ол аз десеңіз, бас реттеуші келесі жылы импорт 45,7 млрд доллар бо­лады деп болжап отыр. Сондықтан да ба­залық ставка 5 желтоқсаннан кейін тағы да өсуі мүмкін. Мұндай нұсқаны Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың өзі айтқан болатын.
«Егер қазіргі жүргізіп жатқан ақ­ша-несиелік саясатымыз нәтиже бер­месе, ке­лесі отырысымызда база­лық мөлшер­лемені тағы да өсіруіміз мүмкін. Мұндай қадамның бизнеске ауыр тиетінін білеміз. Бірақ бұл мәжбүрлі шара. Бізге кейін ырыққа бағын­бай кететін бағаға шарасыз мойын­сын­ғаннан, дәл қазір жоғары мөлшерлемеге төзе тұрғанымыз абза­лырақ», – деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, базалық ставка соңғы рет 26 қазанда 16 па­йыз­ға өскен еді. Ұлттық банктің ке­лесі отырысы алдағы дүйсенбіге, яки 5 желтоқсанға белгіленген. Инфляциямен күрестің бір жолы осы болса, ол импорт алмастыру. Бұл ретте Үкі­меттің отандық өн­дірісті қолдауға шындап кіріскенін жоққа шығаруға болмайды.
«Бүгінде Үкімет 717 инвести­циялық жобаның пулын құрды, олардың 286-сы – 9,9 трлн теңге со­масындағы импортты алмасты­ратын жобалар. 2022 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 165 жобаны іс­ке асыру жоспарланған. Осындай әр жо­ба­ның айналасында шағын және орта бизнес компания­ларының белдеуі дамиды. Кәсіпкер­лікті қолдау шараларын жүзеге асыру аясында соңғы 5 жылда ша­ғын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27 пайыздан 35 пайызға дейін ұлғайған. Бизнеске әкімшілік жүк­темені төмендетуге мүм­кін­дік бере­тін Кәсіпкерлік саласындағы реттеу-шілік саясат жөніндегі заң қабыл­данды. Бизнес жүргізу және нарық­тағы монополияларды жою үшін бәсекелестік аясын кеңейту жұмыс­тары жалғасып жа­тыр. Отандық компаниялардың квазимем­ле­кеттік сектордың сатып алуына қол жет­кізуді жеңілдету бағытында белсенді жұмыс жүруде», – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.
Қалай болғанда да, таяу жылдар­да импортты еңсеріп кете қоймай­ты­нымыз анық. Сондықтан да бү­гін­гі қиыншылық жағдай жалғаса бер­мек. Еңсерген күннің өзінде де отан­дық өнімнің құрамдас бөлігі бәрі­бір де шетелдік болып қала бермек. Отандық өнімнің шетелдік шикізаты Елімізде өзімізді түгелге дерлік қам­тып отырған отандық тауарлар бар екен. Олар – металлопластик есік-терезелер (93,1%), брусчат­калар, жиек­тастар, плит­калар (95,3%), автокөліктердің акку­му­ляторлары (87,3%), фосфор тыңайт­қыштар (99,9%), кеңселік ағаш жи­һаздар (75,9%) және жеңіл авто­көліктер (63%). Ал оған керісін­ше линолеумді, автокөлік шиналарын то­лығымен шеттен тасимыз екен. Пар­фю­мерия мен косметика 90,3%, дәрі-дәрмек 83,8%, ал сырт киімдер 99,4% сырттан ке­леді. Сонда бұл бас­қа­сын былай қой­ғанда, елімізде күртеше, пальто, тон дегендерің де жарытып тігілмейді деген сөз. Ал ішкі нарыққа қа­жетті дәрі-дәр­мектің 16,2 пайызы ғана өзімізде өн­дірілетіні тіптен өкінішті. Қанша­лықты жағымсыз болса да, Ұлттық статистика бюросының бар мен жоқты «бетке айтатын» деректері осындай. Бұл ретте өзімізді қамтып отыр­ған тауарларды да жүз пайыз қазақстандық деуге бол­майды.
«Біз өзіміздің кілем фабри­ка­сында синтетикалық полипропилен жібін қолданамыз. Оның артықшы­лығы, мақта немесе жүннен иірілген жіп сияқты бояп уақыт алып отыр­майсың. Бірден боялып шығады, сосын түсі оңбайды. Осы жіптен бас­тап одан да бөлек өндірісте қол­даныла­тын түрлі материалды, қо­салқы бөлшек­терді шетелден алды­рамыз. Әсіресе, Түр­киядан. Сон­дық­тан да жіпті өзімізде иіре­міз деп жоспар жасап, бөлек фабрика сал­дық. Өйткені бір КамАЗ жіп алдыр­ған­нан, полипропилен грануласын алсақ, одан үш тонна жіп иіруге болады. Әзірге іске қосыла қойған жоқ, бірқатар кедергі­ден тоқтап тұр. Сондықтан кілем өзімізде шығады десек те, оның 90% шикізаты шетел­дікі. Таяуда Президент Атырауда пропилен зауытын ашты ғой. Егер оның өнімі біздің кілем өндірісіне жарайтын болса, онда отандық үлес артар еді. Ол үшін бізге ақ пропилен керек», – дейді «Назар текстиль» кі­лем-тоқыма фабрикасының өн­діріс басшысы Келісбек Полат.
[caption id="attachment_230456" align="aligncenter" width="1437"]импорттау © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат[/caption] Бұл ретте 93 пайыз өзіміз қамтып отыр­мыз дейтін металлопластик есік-тере­зе­лердің материалдары да шетелден, мәселен Германия, Ресей және Қытайдан келетінін атай кеткен жөн. Мұндай мысал елімізде же­тіп артылады. Ал фосфор тыңайт­қышына өндіргеннен бөлек құрам­дас бөлшектер керек емесі сірә бел­гілі. Тұтынушылықтан бас тарту керек Расында да, елімізде қай өндіріс­ті де кла­с­терге айналдыруға ресурс­тық мүм­кін­дігіміз бар. Мәселе, оны ретімен ұқсата білгенде. Ол үшін бір өнімді бастан-аяқ өзімізде шығатын шикізаттармен қамтуды көздейтін кластерлік саясатты жолға қою ке­рек. Айталық, кілем тоқуға полипро­пи­леннен басқа мақтадан иірілген жіп пен тоқылған мата да керек. Ал бізде мақта 100% экспортқа кетуде. Одан соң ол мата бо­лып қайта им­портталады. Біздің шенеу­ніктердің кемшілігі – 30 жыл бойына эко­номиканы шындап әртараптан­дырып, мол мүмкіндікті ұқсата ал­мауында.
«Ішкі экономикалық бағдарлама­лардың, сауда-экономикалық саясаттың кейбір сәтсіздіктері біздің экономиканы импортқа тәуелді етіп қойғанын көріп отырмыз. Орташа есеппен алғанда, қазір Қазақстан экономикасының 60%-ға жуы­ғы импортқа тәуелді. Яки, сұраны­сы­мыз­дың жартысынан астамын ше­телдік өнімдермен қанағаттандырып отырмыз. Мұнда Ресейдің үлесі өте жоғары. Сон­дықтан да одан шы­ғудың ең тиімді жолы – кешенді бағ­­дарлама әзірлеу. Ол үшін халық тұтынатын тауар­лардан бастап, ма­кроэкономикалық дең­гейдегі стра­те­гиялық нысандарымыздың тұ­т­ынатын импорт үлесін нақты анық­тап алуымыз керек. Осы сұра­ныстың аясында оны ши­кізаттан бастап кадрлық мәселелерге дейін барлық жағынан да қамтамасыз ету қажет. Бұл тұрғыда мемлекет қар­жылай да, қар­жылай емес те көмегін аямауы қажет», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Сарапшылар еліміздің осындай жағ­дайға жеткені мемлекеттік менед­жменттің ақсап жатқанынан деп санайды. Мұнай мен газды, бидай мен мақтаны сатып, дайын ақшаға бас ауыртпай дайын өнім сатып алу қай басшының да қолынан келсе керек.
«Бірде ұлым тоңазытқыш сатып алыпты. Қайдан шыққанын қарасам Made in Uzbekistan деп тұр. Осы бір сәттің өзі біздің қаншалықты мүшкіл халге түс­кенімізді аңғартса керек. Қазақстан импорт тауарлардың қоқысына айналып кеткен. Биылғы 9 айда біз 12 мың тонна смартфон алдырыппыз. Яки, бес есеге артып­ты. 59 елден компьютер техникасын импорт­таймыз екен. Олардың ара­сында Оңтүстік Африка Республи­касы мен Солтүстік Корея да бар. 650 млн долларға дәрі-дәр­мек сатып алғанбыз. Киімді 96 ел тігіп беріп отыр. Құрылыс саласы 90% им­портқа тәуелді. Үйлердің қымбат­тауы­ның себебі осы. Пәтердің өзін­дік құнының 60%-ын шетелдік тауар­лардың құны құрайды. Бір сөз­бен айтқанда, біз импортқа тәуел­діліктің «инесінде» отырмыз. Оған өткен 30 жылда тек тұтыну­шы­лық саясатын ұстанған мем­лекеттік менеджмент кінәлі», – дейді эко­номист Нұртаза Қадырниязов.
Маманның Өзбекстанды мысал етуінің жөні бар. Өйткені бізден бұ­рын машина құрастыра бастаған да солар еді. Ал қазір тіп­ті тоңа­зыт­қыштан бөлек солардың жа­саған электр плитасы да дүкендерімізде толып тұр. Ендеше бізге бәсекелесті алыс­тан іздеудің қажеті жоқ. Тұ­тыну­шылық мәдениеттен бас тарт­сақ болғаны.