Қызыл кітап: 30 жылда не өзгерді?

Қызыл кітап: 30 жылда не өзгерді?

Елімізде табиғатты қорғау – өте өзекті мәселенің бірі. Өйткені соңғы жүзжылдықта жер бетінде жан-жануар мен өсімдіктердің жойылуы қарқын алып барады. Жойылудың аз-ақ алдында тұрған аң және өсімдікті сақтап қа­лу, санын көбейту мемлекет пен ғылымның ғана емес, қоғамның да міндетіне айналды. Ал өсiмдiктер мен жан­уарлар туралы толыққанды ақпарат беретін «Қызыл кітаптың» кезекті басылымы елімізде кешіктіріліп жатыр. «Қызыл кітап» – құқықтық мәртебесі бар құжат Айта кетерлігі, Қазақстанның алғашқы «Қызыл кітабы» 1978 жылы шықты. Ол Кеңес Одағының «Қызыл кітабынан» жарты жыл бұрын жарық көрген. Оның шығарылуына жауапты Зоология институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы Роман Ященконың айтуынша, еліміздің «Қызыл кітабы» тек қана сирек және құрып бара жат­қан аң мен өсімдік және жәндіктердің тізімін жинақтап қана қой­майды, «Қызыл кітап» кәдімгідей құқықтық мәртебесі бар құжат болып са­налады.

«Батыс Еуропа немесе басқа да елдерде­гі­лермен салыстырғанда біздің «Қызыл кі­тап­тың» айырмасы осында. Көптеген ел­де оны ғылыми институттар немесе қо­ғам­дық ұйымдар шығара береді. Бізде және ТМД елдерінде «Қызыл кітаптың» заңдық мәр­тебесі бар, сондықтан оның жасақталуы мем­лекеттің бақылауында. Яғни, Үкімет жа­нуарлардың сирек кездесетiн және құ­рып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiн бе­кітеді. Соның негізінде әзірленген «Қы­зыл кітап» аң және өсімдік түрлері туралы то­­­лыққанды ақпаратты қамтиды. Онда аң­ның латынша, қазақша, орысша атауы, құ­рып кеткен немесе жойылып бара жат­қан, қалпына келген түр бойынша мәрте­бе­сі көрсетіледі», – дейді Роман Ященко.
Оның айтуынша, Қазақстанның «Қы­зыл кітабының» екінші басылымы 1991 жы­­лы шыққан. Қаржы тапшылығына бай­ла­нысты ротациялық көшірме арқылы бар-жоғы 500 данасы басылған. Онда иллюст­рация мүлде жоқ, тек жануарға қа­тыс­ты мәліметтің мәтіні берілген. Қазір бұл кітап өте аз қалған, сирек кезеседі. Бірінші басылымда тек омыртқалылар – амфибия, рептилия, құстар, сүт­қо­ректілер, балықтар берілген еді. Ал екінші басылымда омыртқасыздар енгізілді. Омыртқасыздарға 85 зиянкес – шаянтәрізділер, өрмекшітәріз­ді, молюскілер кіргізілді.
«Кезекті «Қызыл кітаптың» бірінші то­мы екі бөліктен тұрады. 1996 жылы «Қызыл кі­­таптың» І томының бірінші бөлігі әзір­лен­­ген. Үшінші рет шығып отырған басы­лым­­да омыртқалының 125 түрі – оның ішін­де 16 балық, 3 қосмекенді, 10 бауы­ры­мен жорғалаушы, қосмекендінің 40 түрі мен түршесі алынды. Басылымды «Шев­рон» компаниясы қаржыландырды. Бі­рін­ші том омыртқалы және омыртқасыздар деп екі бөліктен құралды. Аталған басы­лым­ның екінші томы өсімдікке арналған. Ол бір толық бөліктен тұрады. 1996 жылы осын­дай жұмысты атқару оңайға түспеді, өйткені елімізде экономикалық жағдай ауыр еді», – дейді Зоология институтының бас директоры.
Бұдан кейін біраз жыл басылым шық­пай қалды. Тек 2003 жылы мемлекет қол­дауы­ның арқасында Зоология институты мен «ТЕТИС» ғылыми қоғамы қолға алып, «Қы­зыл кітаптың» екінші бөлігін шығарды. Он­да зиянкестердің 85 түрі, 2 өрмекші- тәрізділер қамтылды. Оның бірі – Түркістан шая­ны. Алайда басылымның омыртқа­лы­ларға арналған бөлігі шықпады. 2010 жылы соңғы жарияланған «Қызыл кітап­тың» кең таралымы баспадан шықты. Оған халықаралық AGIP компаниясы қол­дау көрсетті. «Қызыл кітаптың» шығуы неге кешеуілдеді?
Зоология институты басшысының мә­лім­­деуінше, 2010 жылдан кейін «Қызыл кі­тап» шығаруға еш әрекет жасалмаған. «2018 жылы мен Зоология институтына бас­­шылыққа келдім. 2019 жылдың көкте­мін­де осы жұмысты қайта қолға алуды, Қа­зақстан Республикасы «Қызыл кіта­бы­ның» 5-басылымын шығаруды мәселе етіп көтердім», – дейді Роман Ященко.
Бұл – жаңа кітап шығару ғана емес, елі­мізде сирек және жойылып бара жатқан аң түрлерінің популяциясының қазіргі жай-күйіне қатысты барлық ақпаратты жи­нақтау. Ол үшін ғалымдар далаға атта­нып, зерттеу жүргізеді. Табиғи ортада сүт­қорек­тілер мен құстар популяциясының жас құрамы да зерделенді. Осы жұмыстар жүр­гізіліп, қорытындыланғаннан соң кейін ғана барып, «Қызыл кітапқа» зерттеу объек­­тісі бол­ған аң немесе өсімдік түрі ен­гі­зіледі.
«Түсіндіре кетсем, «Қызыл кітап» – де­ге­­німіз негізгі үш данадан тұрады. Біріншісі – Үкіметте, екінші данасы уәкілетті орган – Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар министрлігінің Орман шаруа­шы­лы­ғы және жануарлар дүниесі ко­митетінде, үшін­шісі – әзірлеушіде қалады. Бұл – Зооло­гия институты. Осыдан кейін барып ол кең таралымға шығады», – дейді Роман Ящен­ко.
Кітап қазақша, орысша және ағыл­шын­ша әзірленеді. Айта кетерлігі, Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитетінде Зоологиялық комиссия бар. Оның құрамына түрлі сарапшылар кіреді. Зоологиялық комиссия екі бөліктен тұра­ды, біреуі – балық түрлеріне арналған, екін­шісі басқа барлық аң түріне жауапты. Зоология институтының мамандары соңғы ко­миссия құрамында бар. Комиссияда инс­титут басшысы «Қызыл кітап» басы­лы­мын жаңғырту туралы ұсыныс айтыпты. Нәти­жесінде, комиссия осындай бағдар­ла­маны ғылыми-тәжірибелік нысаналы қар­жыландыру арқылы жасау керек деген қоры­тындыға келген. Былтыр бағдарла­ма­лық-нысаналы қаржыландыру бойынша кон­курс өтіпті. Биыл «Қызыл кітап» жұ­мы­сына институт өтінім беріп, нәтижесінде қар­жыландыруға қол жеткізілген. 2023 жыл­дың қаңтар айынан бастап осы жұмыс бас­талады.
«Қызыл кітапты» әлемдік деңгейдегі са­пада толық әзірлеу үшін біз бес жыл мерзімге 1,2 млрд теңге қажет деп сұрату жі­бер­генбіз. Өкінішке қарай, 350 млн теңге бө­лінді әрі уақыты да екі жыл деп қыс­қар­тылды. Зерттеуді әдістемелік тұрғысынан толық атқаруға бұл мерзім аздық етеді. Бізге бөлінген қаржы мен берілген уақыт «Қызыл кітаптың» мемлекеттік басылымын әзірлеу үшін ғана жеткілікті. Келесі жылы қаңтарда осы бағдарламаны қаржыландыру баста­ла­ды. Аталған мерзім ішінде біз далаға шы­ғып, кешенді осы жұмысты аяқтап үлгеруге тиіспіз», – дейді Роман Ященко.
Тізімге жолбарыс та енгізілді «Қызыл кітапқа» жануар түрін енгізу не­месе алып тастау – Зоологиялық комис­сия­ның құзыретінде. Сондай-ақ Президент те осындай шешім қабылдай алады. Мем­ле­кет басшысының тапсырмасымен 2020 жы­лы Каспий итбалығы Өсімдіктер мен жа­нуарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiне алын­ды.
«Толық тізімге үңілсек, 227 жануардың түрі мен түршесі (омыртқалылар, омырт­қа­сыздар) «Қазақстанның Қызыл кітабына» алын­ған. Осы түрлердің барлығы келесі жо­лы әзірленетін «Қызыл кітапқа» кіруі тіп­ті кірмеуі мүмкін деп сенімді түрде айта ал­маймыз. Өйткені біз ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген соң кейбір түрлерін «Қы­зыл кітаптан» алып тастаймыз деп үміт­тенемін. Алайда өкініштісі, ондайдың ор­нына көптеген жаңа түрлерді қосуды ұсынуымыз мүмкін», – деді Роман Ященко.
Айта кетерлігі, биыл Жайықта кез­де­се­тін Күтім (ойықтіс) деген балық жануар­лардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiнен шығары­лып­ты. Керісінше, Зоологиялық комиссия ше­шімімен тізбеге жолбарыс қосылған.
«Біз Ресейден Амур жолбарысын Бал­қаш маңына Іле-Балқаш табиғи резер­ва­ты­на жерсіндірмекпіз. Қазір жолбарыс өмір сүре алу үшін жағдай жасалып жатыр. Ең алды­мен, ландшафт өмір сүруге қолайлы болуы қажет. Ол немен қоректенеді сол ес­ке­ріледі. Қазір экожүйені қалпына кел­тіру жүргізіліп жатыр. 2024-25 жылдары ал­ғаш­қы жолбарысты беру жоспарланып отыр. Неге Уссури немесе Сібір жолбарысы таңдалды? Өйткені ол жойылып кеткен Тұран жолбарысына генетика жағынан ең жақын түр. Қазір кейбір генетик ғалымдар осы екі жолбарысты Құрлықтық түршеге жат­­­­қызады. Қалпына келтірілетіндіктен қа­зір жолбарыс сирек кездесетін құрып бара жатқан түр қатарына алынды», – дейді институт басшысы. Экоблогер Сәкен Ділдахмет жолбарыс по­пуляциясын қалпына келтіруге бола­ты­нына сенеді. «Балқаш маңы сулы батпақты-қа­мысты аймақ. Қазір резерватта жол­барыс­қа барлық жағдай жасалып жатыр. Азық-түлік базасы саны өсіріліп келеді. Олар – тоғай бұғысы, елік, қабан. Сондай-ақ тораңғы ағашын қайта отырғызу қолға алын­ған. Ең бастысы, халықпен үлкен жұ­мыс жүргізіліп жатыр», – дейді ол.
Киік «Қызыл кітапқа» кірмейді
Бір қызығы, соңғы жылдары ғана саны өсіп, қалпына келе бастаған киікті кейбір адам­дар сиреп кеткен аңдар қатарына жат­қызылады деп санайды. Алайда бұл қате түсі­н­ік екен. «Киік Қазақстанның «Қызыл кі­та­бына» енбеген. Көп адам осылай деп қа­телеседі. Ол елімізде ауланатын аң сана­тын­да. Алайда Халықаралық Қызыл тізімге жойы­лып бара жатқан жануар ретінде алын­ған. Киік Қазақстанда, сонымен қатар Ба­тыс Қазақстанның Ресеймен шектесетін аудан­дарында кездеседі, сонымен қатар Моң­ғолияда бір түршесі бар. Оның саны 7-9 мыңдай ғана, өте аз. Осы киік түрінің бас­ты қоры бізде, үш популяция – Бет­пақ­дала, Үстірт және Батыс Қазақстан по­пуля­циясы. Бұл түр қысқа уақытта тез көбейе ала­тынымен ерекшеленеді. Біз қазір сондай көбейген кезеңін көріп отырмыз. Олар­дың саны өте жылдам азайып кетуі мүм­кін», – дейді Роман Ященко.
Жойылғанын растау үшін 50 жыл керек Айта кетерлігі, Қазақстанда жойылып кет­кен аңдар қатарына қызыл қасқыр кіре­ді. Ол Тянь-Шань тауларында өмір сүрген. Тұран жолбарысы да солай. Оның адамдар соң­ғы рет 1950 жылдардың басында көріп­ті. Содан бері ешкім кездестірмеген. Ере­же­ге сәйкес қандай да бір аңды адам 50 жыл бойы ешбір жерден кездестірмесе, ол жойыл­­ды деп саналады. Мамандар омырт­қа­сыздардың да жойылып кеткенін айтады. Мәселен, Қазақстанда қоңыздың бірнеше түрі көп жылдардан бергі көзге түспепті. Де­мек, олар жойылып кетуі әбден мүмкін. Әдет­те жәндіктердің жойылуына урбани­за­ция мен ауыл шаруашылығына түрлі дәрі-дәрмек пайдалану әсер етеді екен. Де­генмен Зоология институты нақты жойыл­ған қоңыздар жайлы әзірге ашық мә­лімет бере алмайды екен. Өйткені олар­дың жойылғаны алдымен расталып, бе­кітілуі керек. Оған сөз басында айтқаны­мыз­дай, кемі 50 жыл керек. Азайған аңдардың санын өсіруге бола ма?
«Соңғы 10 жылда популяцияны ғылы­ми-зерттеу саласында түйткілді мәселе бар. Өйткені қаражат жеткіліксіз. Әрі маман тап­шылығы бар. Даланы кезіп жүріп, әрбір түр­ді құжаттауға, бейнеге түсіріп зерттеуге бі­лік­ті мамандар қажет», – дейді Сәкен Діл­дахмет.
Ал Роман Ященко жойылып бара жат­қан популяцияны қалпына келтіру үшін өте көп қаржы керек деп санайды. Оның басым бөлігі интеллектуалды ресурсқа жұмсалады. Яғни, аңның өмір сүретін аумағына бару, популяциясына бақылау жүргізу, қаншасы сақталды соны анықтау. Экоблогердің айтуынша, бұл мақсатта әр аңға арнайы бағдарлама құрылып, қара­жат бөліну керек. Осы бағытта жұмыс істе­лін­се ғана құрып бара жатқан жануардың са­нын қайтадан өсіруге болады.
«Ең бастысы – зерттеу жүргізілуі керек, та­биғатты түгендеп, не қалды, не қалмады сол анықталуы тиіс, содан соң жойылып бара жатқан түр бойынша арнайы бағдар­ла­ма жасап, оны қаржыландыру қарас­тыры­лады. Болмаса, грант бөлінеді, қосым­ша қаражат тартылуы да ықтимал. Яғни, бұл сол түрді сақтап қалудың өзектілігіне бай­ланысты», – дейді Сәкен Ділдахмет.
Экоблогер осы тұста елімізде саны кө­бей­тілген сирек аңдардың түріне қатысты жақ­сы мысал келтірді. Біріншіс – ілбіс. Мем­лекетіміз БҰҰ Дамыту бағдарламасы, түр­лі табиғатты қорғау қорларының көме­гімен аталған жыртқыштың санын өсіруге атсалысып келеді. Екіншісі – құлан. Ұлттық парктерде қор­ғау шараларының арқасында олардың са­ны өсті. Қазір санын көбейту үшін басқа об­лыстардағы қорғалатын аумақтарға кө­шірі­ліп жатыр. Орман шаруашылығы және жануарлар дү­ниесі комитетінің мәліметінше, «Қызыл кі­таптқа» кірген аңдары бар ерекше қор­ға­ла­тын табиғи аумақтардың басты мақсаты – табиғи ландшафтты сақтау, сирек және құ­рып бара жатқан жануар түрлерін және өсімдіктердің өмір сүретін ортасын сақтау. Жойылып бара жатқан аңдарды инспек­тор­лар мен қорықшылар арқылы мемлекет қорғап отыр. Ал сирек және құрып бара жат­қан аңды атқандарға әкімшілік және қыл­мыстық жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар қазір ведомство «Өсім­діктер дүниесі туралы» заңның жобасын қол­ға алып, Орман, жер, кәсіпкерлік, са­лық кодекстеріне, сондай-ақ «Рұқсаттар жә­не хабарламалар туралы», «Ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жайы­лымдар туралы» заңдарға түзетулер ен­гізуді көздеп отыр. Өйткені дәрілік өсім­діктерді бақылаусыз жинау мен экспорты­ның артуына байланысты шикізат қоры таусылып барады. Елімізге өсімдіктердің бөтен түрін ба­қылаусыз әкелу, сондай-ақ инвазиялық зиян­кестер мен ауруы бар бөгде өсімдік ре­сурстарын әкелу қаупі сирек және энде­мик өсімдіктерге қауіп төндіре бастаған. Ал мұндай жағдай «Қызыл кітапқа» енетін өсім­діктердің де қатарын көбейтіп жіберуі мүм­кін.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ