Биыл қазақ анимациясына 55 жыл толды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі (ШБ) жұмыс істейтіні белгілі. Олар конкурстық негізде 167 сценарий ішінен үздік 20-сын таңдап, бес минуттық анимациялық картиналардан тұратын 20 пилоттық жобаны аяқтады.55 жыл ішінде отандық екі жүзден аса мультфильм түсіріліп, отыздан аса анимациялық студиялар өмірге келді. 2018 жылы анимациялық киностудиялар қауымдастығы құрылып, өз кезегінде қауымдастық рухани-мәдени маңызы бар көптеген іс-шара өткізген. Соның ішінде жыл сайын ұйымдастырылатыны – Халықаралық Amen фестивалі.
Биыл Amen фестивалiне қатысуға Әзербайжан, Грузия, Испания, Қазақстан, Қытай, Түркия, Өзбекстан және Франция мультипликаторларынан барлығы 147 өтінім түскен. Олардың 55-і іріктеуден өтті. Бұл жобаларды отандық және шетелдік анимацияның көрнекті қайраткерлері енген қазылар алқасы iрiктедi.
Алдағы жылы қазақ анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдардың туғанына бір ғасыр. Осыған орай «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «Әмен ағаның ғажайып бәйтерегі» атты қысқаметражды мульт-
фильм түсірілді.