«ҚазМұнайГаз» акциялары қайталама нарыққа шықты
«ҚазМұнайГаз» акциялары қайталама нарыққа шықты
288
оқылды
Халықаралық қаржы орталығының (Astana International Exchange, AIX) Қазақ­стан қор биржасында (KASE) «ҚазМұнайГаз» акцияларының қай­та­лама сауда-саттығын ашу рәсімі өтті. Акциялар сауда-саттығының ашылу салтанатына Премьер-Министр Әлихан Смайылов қатысты. Салтанатты шарадан кейін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы А.Сәтқалиевтің, «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы М.Мырзағалиевтің, Astana International Exchange (AIX) Басқарматөрағасы Р.Бектуровтың, «Қазақстан халық банкі» АҚ Басқарма төрағасыҮ.Шаяхметованың, Freedom Holding Corp бас атқарушы директорыТ.Турловтың қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Еске сала кетейік, 2022 жылғы 2 жел­тоқсанда IPO барысында ҚМГ акциялары­на жазылу аяқталған. Жазылу науқаны кезінде инвесторлардан 181 млрд теңгеден астам сомаға 129 мыңнан аса өтінім келді. Осы өтінімдерді талдау нәтижесінде 153 млрд теңгеден астам сомаға өтінімдерді қарастыру туралы шешім қабылданды. Осылайша, аталмыш IPO барысында Қор «ҚазМұнайГаздың» 18 303 584 жай акция­сын сатты, бұл компания ұсынған жай акциялар жалпы санының 3 пайызын құрады. Қабылданған өтінімдердің 48,5 пайы­зы немесе 74,6 млрд теңгесі қарапайым ел азамат­тары жолдаған. Ал 48,5 пайызы немесе 72,7 млрд теңгесі елдегі заңды тұлғаларға тиесілі. Қалған 6,6 млрд теңгесі немесе 4,3 пайызы шетелдік жеке және заңды тұлғалар өтінімдері болды.
«Қазақстан қор нарығының тарихында ҚМГ акцияларының алғашқы жария ұсы­нысы қазақстандық қор биржаларында ғана листингі бар ең ірі жергілікті IPO бол­ды. Бұл IPO Қор мен ҚМГ өткізген ауқым­дық да­йын­дық жұмысының, қаржы секторындағы цифрлық технология­лар­дың қарқынды дамуының арқасында сәтті өтті. Дамыған цифрлық технологиялар жеке тұлғалардың өтінім беруін, сондай-ақ Қор мен ұлттық компанияның инвес­тициялық қауымдастық алдындағы ашық­тығын айтарлықтай жеңіл­детті. Ең алды­мен Қазақстан азаматтарының өтінім­деріне басымдық беріліп, олар толық көлемде мақұлданғанын атап өткім келеді. Қор мен ҚМГ компанияны дамыту және корпоративтік басқаруды одан әрі жетіл­діру жөніндегі жұмысын жалғас­тырады», – деп атап өтті Қордың Басқарма төрағасы Алма­садам Сәтқалиев.
Басқарма төрағасы атап өткен қаржы секторындағы цифрлық технологияның мысалына Tabys мобильді қосымшасын жатқызуға болады. Бұл қосымша елімізде алғаш рет тікелей жазылу құралы ретінде пайдаланды. Сонымен қатар инвесторлар­дан өтінімдер «Қазпоштаның» бөлімше­лері арқылы да қабылданды. Тікелей жазылу үшін акцияларға өтінімді тікелей акционерге – Қорға беру де мүмкіндігі болды. Нәтиже­сінде брокерлік компания­лардың өкілдері жоқ өңірлер мен шалғай­дағы елді мекендер­дің тұрғындары IPO-ға қатысты. Бұл іске жекелеген екінші дең­гейлі банктердің және брокер-дилерлік ұйымдардың мобильді қосымшалары көптеп қолданылды. Тікелей жазылу әдісімен 1 миллиард 500 миллион теңгеге шамамен 6 мың өтінім берілді.
«Біз үшін бұл компания дамуындағы жаңа кезеңмен қатар үлкен жауапкершілік. Ондаған мың қазақстандық, отандық және шетел инвестор бізге сенім артып, «ҚазМұнайГазбен» бірге болуды шешті. Бұл ретте компания бүгінгі жергілікті бир­жа­ларға тұрақты өндірістік және қаржы көрсет­кіштерімен, теңгерімді және түрлі активтер портфелімен, жақсы халық­аралық кредиттік рейтингтерімен шығып отыр. Сонымен бірге, біз алдағы қызме­тімізде ашықтығы­мызды артып, кор­поративтік басқарудың жоғары стан­дарт­тарына ұмтыламыз. Компа­ния­ның ұзақмерзімді перспективада акцио­нер­­лер­дің игілігі үшін өсіп-өркендеуі жо­лын­да бар күш-жігерімізді саламыз», – деді ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырза­ғалиев.
Брифингте «Қазақстан халық банкі» АҚ Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова ҚМГ IPO-сын өткізудегі банктердің мобильді қосымшалары және олардың тиімділігі туралы айтып берді.
«Ең алдымен «ҚазМұнайГаз» IPO-сы отандық қор нарығы үшін айтулы оқиға болғанын атап айтқым келеді. Бұл қаражат жағынан да, берілген өтінімдер саны бойынша да – ірі жергілікті орналастыру. Бұл ретте ұсынылған көлемнің жартысы­нан көп бөлігі жеке сегментке тиесілі болды, олардың сұранысы толық көлемде өтелді. Шамамен 90 мың өтінім, яғни жал­пы берілген өтінім санының 70 пайызы Halyk Homebank қосымшасындағы Halyk Invest сервисі арқылы берілгені бізді қуан­тады. «ҚазМұнайГаз» IPO-сына қатысу үшін цифрлы каналдарды пайдаланған жалпы адамдар саны бөлінісінде банкіміз­дің клиенттері үлесіне қарайтын болсақ, барлық жаңа жеке инвесторлардың 53 пайызы біздің қосымша арқылы компа­ния­ның акционері атанды. Жалпы, еліміз үшін бұл алғашқы цифрлы IPO болса, біздің банк үшін – жеке брокеридж сегментіндегі алғашқы ауқымды жұмыс тәжірибеміз. Меніңше, «Самұрық-Қазына» қоры да, біз де қойылған міндеттерді ойдағыдай орындап шықтық. Енді Halyk банк жеке инвестициялар сегментінің толық құқылы және маңызды қатысушысына айналды деп сеніммен айтуға болады», – деп мәлімдеді Ү.Шаяхметова.
Жалпы Қазақстан Республикасының азаматтарынан келген өтінімдер толық қабылданды. Бұл ретте мәміле үйлестіру­шісі мен букраннерлердің бірі – Freedom Broker – жазылу кезеңінде 90 млрд теңгеге өтінім жинап, оның ішінде 67 млрд теңге cома­сындағы өтінімді қарастырды. «ҚазМұнайГаз» IPO-сы ұзақ үзілістен кейін Қазақстанның ішкі нарығы тарихын­дағы ең ірісі болды. Ол біздің қор на­рық­қа серпін беріп, жаңа жеке инвес­тор­лар легін тартуға мүмкіндік берді. Біз өз тұтынушы­ларымыздың акцияға үлкен қызығушылық танытқанын байқадық. Мәселен жазылу науқаны кезінде Freedom Broker 90 млрд теңгеге өтінім жинады, бұл жалпы соманың жартысы. Оның ішінде өтінімдер 67 млрд теңгеге қарастырылды, бұл мақұлданған өтінімдердің жалпы сомасының 44 пайызын құрады. Шикізат секторы инвесторлар үшін қашан да тартымды болады. Біз қайталама нарықта да «ҚазМұнайГаз» қағаздарына қазақстан­дық және шетелдік инвесторлар тарапы­нан қызығушылық болатынын болжап отырмыз», – деді Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов.