Айта кетерлігі, спорт нұсқаушыларының жалақысы мардымсыз әрі жүйеленбеген. Кей өңірде айлықты аудандық спорт бөлімі мен спорт мектептері арқылы берсе, енді бірінде спорттық-бұқаралық іс-шара орталығы береді. Қызылорда өңірінде тіпті жалақы мәселесі мемлекеттік тапсырыс арқылы шешіледі. Яғни, бір ай конкурс жүретінін есептесек, спорт нұсқаушысы бір тоқсан бойы жалақысыз жүреді деген сөз. Бапкерлер мен әдіскерлер айлығын уақытылы алады десеңіз, ауыз толтырып айтарлық сома емес. Содан ба, әлем чемпионатында бақ сынап, ел мерейін асырғандар арасынан карьерасын аяқтағасын өңірге барып, белгілі жалақыға жұмыс істейтіні ілуде бір.
Кәсіби спортты қаржыландыру тоқтау керек
«Өңір спортына келгенде инфрақұрылымды дамыту жағы жиі айтылады. Одан бөлек, маман тапшылығы мен құрал-жабдық турасында да әңгіме көп. Меніңше, мәселе тереңде жатыр. Жоғарыдағының бәрін қосқанда мәселе ақшаға келіп тіреледі. Ал қазынадан бөлінген қаражат қайда кетіп жатыр? Мұның бәрі кәсіби спорт пен кәсіпқой спортшыларға бөлініп жатыр. Сондықтан кәсіби спортты Үкімет қаржыландырмау керек. Өйткені жалпы спортқа бөлініп жатқан ақшаның 80-90 пайызы солардың кем-кетігін түзеуге кетеді. Осылайша, әуесқой спорт пен балалар спорты жетімсіреп қалады. Аталған мәселені жолға қойсақ, ауылды жерде тренер, алаң, жаттығуына асыққан бала пайда болады», – дейді «Ауыл футбол» жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов.Оның айтуынша, балаларды қызықтырып, бар жағдайды жасап, бұқаралық спортқа тарту керек. Мемлекет алдына баладан чемпион шығарамыз емес, уақытын тиімді пайдалануға көмектесеміз деген жоспар түзуі тиіс. Оған қоса, ауылдағы ескі спортзалды жөндеп, спорт кешенін салып, киім-кешек пен құрал-жабдықпен қамтыса игі. Білікті тренер, кең зал, арнайы форма болса бала да спортқа үйір болады. Ал спорттағы кәсіпкерлікке келсек, облыс, аудан әкімшілігі мұндай азаматтарға өзінше қолдау көрсеткені жөн. Өйткені «Ауыл футбол» жобасымен бірнеше жыл бойы айналысып келе жатқан ерікті демеуші тарту мәселесі күрделі екенін атап өтті. Дегенмен ауыл мен ауданда спорт кешенін салып жатқан кәсіпкерлер бар. Солардың бірнешеуін конференция барысында министр марапаттаған-ды. Десе де, кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан қолдау ерекше дем берер еді.
Осындайда «Арт спорт» еске түсері белгілі. Бірақ талаптарға көз жүгіртсеңіз, бұл ауылды жерге сай келмейтіндей. Серік Мәмбетов те жобаны қолға алып көрмек болған. Алайда спортзалда жуынатын, киім ауыстыратын бөлме болу керек дейтін талап ауылға сай келмеген. «Ауылдағы едені тесік спортзалда қайдан жуынатын жер болсын» дейді ерікті. Сондықтан ауыл мен қала баласына тең жағдай жасайтын жоба керек-ақ. Оның үстіне, «Арт спорт» төңірегінде ақша туралы түрлі дау шыққаны тағы бар.Спорт жанашырлары өңір спортын, бұқаралық спортты дамыту туралы құр ұраннан шаршаған. Қайсыбірімен тілдессең де, нақты проблемамен жұмыс істесе екен дейді. Балалар жылы қарсаңында балалар спортын жолға қоюдың өзі мұң болып тұр.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ