Кадрды басқарудың кәсібилігі артады
Кадрды басқарудың кәсібилігі артады
401
оқылды
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тө­ра­ғасы Дархан Жазықбаев «Мемлекеттік қыз­мет­тегі HR: персоналды стратегиялық басқа­руға көшу» форумында толыққанды адами ресурстар институтын қалыптастырудың негізгі тәсілдерін ұсынды.
«Мемлекеттік аппараттың тиім­­­ділігін арттыру шарт­тарының бірі – персоналды стратегиялық бас­қа­руға көшу үшін кадр кызмет­терінің кәсібилігін арт­тыру. Ол көптеген дамыған елде кеңінен қол­да­нылатын кадрлық қажетті­лікті болжау, корпоративтік мәде­ниетті басқару, таланттарды бас­қару және тағы басқа стратегиялық құралдарды қолдануға мүмкіндік береді», – деді Дархан Жазықбаев.
Агенттікті толыққанды HR ин­­­сти­туты етіп қалыптастыру мақ­­­са­тындағы әзірленген тәсілдер – HR стратегиясын дайындау және іске асыру, мемлекеттік ор­ган­­дар­дың қызметіне функцио­нал­дық талдау жүргізу, кадр қыз­меттерін сер­ти­фикаттау, олардың функцио­на­лы мен жұмыс форма­тын өз­герту, таланттарды іздеу, мем­ле­кет­тік қызметшілердің кор­поративтік мәдениеті сияқты ба­ғыттарды қам­тиды. Бүгінде Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын қоса алғанда, Қазақстанда 15 жо­ғары оқу орны HR саласы бойын­ша мамандар даярлайды. Соның ішінде бакалавр деңгейінде – 8, магистратура деңгейінде 10 білім беру бағдарламасы бар. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшысының айтуынша, агенттікті толыққанды стратегия­лық HR институтқа айналдыру мақсатында академияның жоғары әлеуеті ескеріліп, ол келешекте адами ресурстарды даярлау, олар­дың біліктілігін арттыру бойынша ғылыми-зерттеу орталығы болмақ.
«Академияда персоналды бас­қару қызметтерінің өкілдері үшін тиісті оқыту курстары өткізіліп, оларға арнайы сертификат бері­летін болады. Жоспарланған курс­тар болашақта HR-қызметтерін түрлендіріп, жоғары әлеуеті мен сұранысқа ие құзыреттілігі бар таланттар – HR кәсіпқойлар пу­лын құруға мүмкіндік береді. Жал­пы, мемлекеттік қызмет саласын­дағы өзгерістер адам ресурстарын тиімді пайдалану арқылы кәсіби мем­лекеттік аппарат қалып­тас­тырып, қоғамның талаптарын қанағат­тан­дыру мен халықтың әл-ауқатын арт­тыруға бағыт­тал­ған», – деп атап өтті Дархан Жа­зық­­баев.