Ынтымақтастық туралы келісімді қарайды
Ынтымақтастық туралы келісімді қарайды
428
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда бюро мүше­лері 2022 жылғы 15 желтоқсанда өтетін Сенат отыры­сының күн тәртібін белгіледі. Алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі ара­сындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстанның Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау тура­лы» заң жобаларын қарайды. Бұл заң жобаларын қабыл­дау арқылы тараптардың құ­зыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларды бол­жау саласында тәжірибе алмасуға және тарап-мем­ле­кет­тердің оқу орындарында аза­маттық қорғау саласында маман даярлауға мүм­кіндік туады. Сондай-ақ жаңа нормалар тө­тенше жағдайлардың алдын алу­ға, туындауына, оларды жою­ға қатысты ақпарат алма­су­ға және сұрау салу бойынша та­рап­тардың аумағында төтен­ше жағ­дайларды жою кезінде көмек беруге жол ашады. Сонымен қатар Сенат депу­таттары палата отырысында «Қа­зақстан Республикасының Үкі­меті мен Біріккен Араб Әмір­ліктерінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келі­сімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды. Құжат инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін инвесторлар құқық­тарының кепілдіктерін бекіту арқылы ынтымақтастық арттыру­дың құқықтық негіздерін қалып­тастыруды көздейді. Одан бөлек, заң жобасында инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін нормалар бар. Сенат отырысының күн тәрті­біне енгізілген келесі мәселе – «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын ке­ңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы. Бұл құжат 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы 13 қылмыс құрамын алқаби­лерге беруді көздейді. Сондай-ақ бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.