– Қордаланған мәселелер аз емес. 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр. Жуырда өткен Президент сайлауы – бұл халықтың бізге артқан зор сенімі және қолдауы. Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз, – деді Мемлекет басшысы.Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздің жаңа даму бағдары айқындалғанын, азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аударылатынын атап өтіп, ерекше мән беруді қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды. Жалған есепті апат әшкереледі Мемлекет басшысы, ең алдымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесін көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселелер Үкімет деңгейінде қаралады. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар көбейген. Петропавл, Теміртау, Степногор, Балқаш, Қарағанды, Ақтөбе және Риддер қалаларында болған апаттардың ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, әсіресе меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ.
– Жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар. Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент тозу деңгейі 90 пайыздан асқан Екібастұз ЖЭС-ін мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсыныс сараптауды қажет ететінін айтты. Оның пікірінше, нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек. Әбден тозған орталықты мемлекеттің тиімді басқара алу мәселесін зерттеу керек. Кәсіпорынның 50 пайызын алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн. Мемлекет басшысы еліміздегі ЖЭС-тердің орташа тозу деңгейі 66 пайызға, ал кейбір қалаларда шекті межеден асып, 80 пайызға жеткеніне тоқталды. Жылу электр стансаларының үштен бірінің пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан. Ал Шығыс Қазақстан облысының Риддер мен Шемонаиха қалаларындағы жылумен қамту желілері мүлдем тозған. Президенттің айтуынша, энергетикалық нысандарды уақытылы жаңғырту ісін бақылауға алу Үкіметке бірнеше рет тапсырылған. Әйтсе де, әкімдіктерге де туындаған мәселені орталыққа ысыра салуға болмайды.
– Менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы комиссия кешенді шаралар әзірледі. Комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтады. Оларды шұғыл жаңғырту қажет. Алдын ала есеп бойынша, оған шамамен 90 миллиард теңге керек. Бұл қаражат, әрине энергетикалық кәсіпорындардың тарифтік сметасында ескерілгені жөн. Мемлекет меншігіндегі энергетикалық нысандар бюджет есебінен жөнделуге тиіс. Ал жекеменшік нысандарды «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында өз қаражаты есебінен жаңғырту керек. Үкімет осы міндетті шешуге шұғыл кірісуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.Бюджетке қоғамдық бақылау жүргізіледі Президент халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне де баса назар аударды.
– Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты.Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – Халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құжатты қазіргі жағдайлармен сәйкестендірген жөн, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік жарақат мәселесі күрделі проблемаға айналып бара жатқанына тоқталды.
– Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың есебіне қарасақ, компания еңбек, экология және салық заңнамасын белден басып отыр. Инвестициялық міндеттемелерін де орындамайды. Қоғам әділ, қатаң және шұғыл шаралар қабылдауды талап етіп жатыр. Бұл мәселені Үкімет басшысы тікелей бақылауда ұстайды, – деді Президент.Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен инвестициялық жобалардың бірыңғай жүйесі әзірленгенін, алайда биыл жоспардағы 284 инвестициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асырылғанын жеткізді.
– Сыртқы істер министрлігі шетелден инвестор тарту үшін тиімді жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн. Елшілер шетелдерде түрлі кездесу өткізіп, елімізге инвесторларды жетелеп әкеледі деуге болады. Бірақ жобаны жүзеге асыратын кезде жергілікті жерде түрлі мәселе туындайды. Бір сөзбен айтсақ, біз дайын инвесторлардан айырылып қалып жатырмыз. Тағы да қайталап айтамын, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау, яғни жер бөлу, рұқсатнама беру, инфрақұрылыммен қамту – әкімдердің міндеті, – деді Мемлекет басшысы.Президент баға белгілеуді келесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Сондай-ақ азық-түлік бағасын өсірмеу үшін басты бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек екеніне тоқталды.
– Былтыр 83 мың тонна өнім сақтайтын қойма салу жоспарланғанмен, оның 64 мыңы ғана пайдалануға берілді немесе жоспар 77 пайызға орындалды. Биыл жұмыс біршама жандана түсті: 98 мың тонналық қойма салу жоспарланып, соның 87 мың тоннасы қазірдің өзінде іске қосылды. Дегенмен бұл бағыттағы шаруаны әлі де ширата түсу керек, – деді Президент.Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әділ және тиімді экономикалық саясат жүргізілуі керек екеніне назар аударды. Оның пікірінше, елімізде әділ бәсеке орнап, бизнес адал жұмыс істесе, әділетті нарықтық экономика құрылады. Бұдан бөлек, Президент бюджет саясатына арнайы тоқталды.
– Үкімет бюджет тұрақтылығын қамтамасыз етуі керек. Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуымыз қажет. Бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азамат Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады. «Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі» деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Осы ретте Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы жеті жылда Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард долларға жеткізу міндетін жүктегенін еске салды. Сондай-ақ ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек екенін ескертті. Сонымен қатар Президент жер қойнауын пайдалану саласында елеулі түйткілдер бар екенін жеткізді.
– Бас прокуратура Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану ісінің барлық сатысында заң бұзылатынын анықтады. Мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасында бұрмаланған немесе ескірген мәліметтер бар. Қоры нақтыланған және игеруге дайын тұрған кен орындарына барлау жұмысын жүргізуге 143 лицензия мен келісімшарт заңсыз берілген. Елімізде құнды пайдалы қазбасы бар кен орындары аз емес. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осындай 87 кенішті заңсыз алған. Олар байқау өткізу рәсімдерін айналып өтіп, кеніштерді жеке компанияларға сутегін берген. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.Ауыл жаңғырса, агросектор алға басады Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерді дамыту мәселесіне де арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы жаңа президенттік өкілеттігіне кіріскен сәтте, ең алдымен, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек екеніне назар аударды.
– Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналды. Биыл біздің елде астық мол шықты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңызды. Шаруаларды осыған ынталандыру керек. Сондай-ақ тыңайтқыштың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатыр, – деді Мемлекет басшысы.Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – экономиканы кредиттеу және халықтың көп несие алуына тосқауыл қою.
– Нақты экономиканы кредиттеу ісін кеңейту қажет екенін бірнеше рет айттым. Бизнес қолжетімді қаржыландыруға зәру. Менің тапсырмаммен шұғыл шешімдер топтамасы әзірленді. Ол осы сектордағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталды. Атап айтқанда, зейнетақы жинағының 50 пайызына дейін жеке басқаруға беру үшін БЖЗҚ салымшыларының құқықтары кеңейтіледі. Бұл бизнесті кредиттеуге қажетті «ұзақмерзімді қаржы» қорын қалыптастырады. Агроөнеркәсіп кешеніне берілетін кредитті арттыру үшін астық қолхаты институты толықтай цифрландырылып, қайтадан іске қосылады. Бұл агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары үшін сенімді кепіл болады. Экономиканың осы секторын әлдеқайда белсенді кредиттеу үшін жер қойнауын пайдалану құқығына да осындай өзгерістер енгізіледі. Бұған қоса, Үкімет пен қаржы саласын реттеу органдары «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында пайыз мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін созу мүмкіндігін қарастырған жөн деп санаймын. Әрине, бұл экономиканың тек анағұрлым басым бағыттарын қамтуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.Сонымен қатар Президент тұтынушылық кредиттің шамадан тыс көбеюін төмендету керек екенін еске салды.
– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» заң күшіне енуге тиіс. Сонымен қатар кепілсіз онлайн микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн, – деді Президент.Бәрін кадрлар шешеді Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әкімшілік реформа жүргізуді тапсырғанын еске салды. Мұндағы басты мақсат – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.
– Қолданыстағы заңдар мемлекеттік органдарға толық дербестік беріп отырған жоқ. Мысалы, өз саласында нормативтік-құқықтық актілер қабылдау үшін олардың құзыреті заң жүзінде бекітілуі керек. Тапсырмалар уақытылы орындалмайды. Шешім дер кезінде қабылданбайды. Сол себепті өзектілігін тез жоғалтады. Осындай түйткілді шешу үшін заңдарға мемлекеттік органдарға өз саласындағы құзыреті шегінде қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік беретін түзетулер енгізіліп жатыр, – деді Президент.Сонымен қатар Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі жүргізген талдау Үкіметтің қызметінде олқылықтар бар екенін көрсеткенін атап өтті. Мысалы, оның жұмысының жартысына жуығы уәкілетті органдар әзірлеген салалық шешімдерді мақұлдаумен шектеледі.
– Үкіметтің негізгі міндеті – жұмысты үйлестіру және оған басшылық ету. Жаңа әкімшілік реформа аясында заң шығару тәжірибесін жаңғырту қажет. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарының орталыққа бағыныштылығын барынша азайтқан жөн. Осыған орай Үкіметке заңнамалық актілерді түгендеуді тапсырамын. Мемлекеттік органдардың негізгі міндеттері мен құзыреттері ғана заң жүзінде бекітілуі керек. Әр саладағы саясатты әзірлеу, оны жүргізу және бақылау құзыреті Үкіметтен орталық мемлекеттік органдарға берілуге тиіс. Орталық пен аймақтар арасындағы құзыреттерді бөлу ісін келесі жылы аяқтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент аса маңызды ұлттық жобалардың орындалу барысын қадағалайтын Президенттің жобалық офисі өз жұмысын бастағанын хабарлады. Сонымен қатар Президент келесі жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасалатынын атап өтті. Оның айтуынша, басшылардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардағы атқарушылық тәртіпті сынға алды. Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппарат берілген тапсырмаларды атүсті орындайды. Түрлі себеппен созбалаңға салып, орындалу мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріледі. Жиын барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздің даму барысы және келесі жылдың жоспары туралы, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов ақша-несие саясаты жөнінде, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы жағдайды қалпына келтіру жұмыстарына қатысты баяндама жасады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы қаласы, Маңғыстау және Ұлытау облыстары әкімдерінің баяндамаларын тыңдап, әрқайсысына нақты тапсырма берді.
Ш.АТЫХАНҰЛЫ