«Киелі Түркістан топырағында аламан айтыстың шымылдығын ашып отырмыз. «АMANAT» партиясы руханият пен мәдениетке жан-жақты қамқорлық жасап келеді. Соның бір айғағы – ұлтымыздың бойтұмарына айналған осы айтыс», – деді Е.Қошанов. Әрине, жаһандану дәуірінде ұлт болмысын, оның дара дәстүрін, қаймағы бұзылмаған төл өнерін сақтап қалу оңай емес. Бұл ретте «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасында ұлттық өнеріміз кеңінен насихатталып, оған жан-жақты жағдай жасалатыны айқын жазылған. Партия төл тарихымызды дәріптеу, руханиятымызды жаңғырту бағытындағы бастамаларды әрі қарай да жалғастыра береді. Осы уақыт аралығында саяси ұйымның тікелей қолдауымен елімізде 100-ге жуық республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Өз кезегінде, айтыстың тізгінін ұстаған ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай бүгінгі ұрпақ ұлы тұлғаның кемеңгер ойлары арқылы тәрбиеленетінін жеткізіп, көзіқарақты көрерменге қазылар алқасының құрамы мен сынға түсетін ақындарды таныстырды.Осылайша, түркі әлемінің рухани астанасында өтіп жатқан сөз сайысында қазылар алқасына көрнекті өнер қайраткері, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Сонымен қатар қазылар алқасының құрамында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, ақын, «Отан» орденінің иегері Светқали Нұржан, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы Батыс Қазақстан облыстық «Мәдениет және өнер» орталығының директоры Бауыржан Қалиолла сияқты мәдениет және тарландары бар. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған сөз барымтасына «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртай, халықаралық, республикалық айтыстарда топ жарып жүрген Төлеген Жаманов, Еркебұлан Қайназаров, Біржан Байтуов сияқты ақындар қатысты. Сонымен сөз зергерлері сынға түскен кіл мықтыдан кім мықтыны анықтау оңай болған жоқ. Алғашқы күні 9 жұп өнер көрсетсе, айтыстың екінші күнінде жартылай финалға өткен 10 ақын көрерменге нағыз айтыстың үлгісін көрсете білді. Қазақ халқының сөз өнерінің інжу маржанын жаудырған жыр додасында ақындар шешен сөйлеп, тапқыр ой айта білді. Қарсыласын әзілмен түйреп отырып, астарлап қана елдегі түйіні шешілмеген мәселелерді де әдемі жеткізді. Астарлы сөзді ұққан қарсыласы жұбының айтпақ болған ойын одан әрі жалғай түсіп, мәселені төтесінен қойып жатты. Тартысты доданың ақтық финалына Біржан Байтуов пен Рүстем Қайыртайұлы және Еркебұлан Қайназаров пен Шұғайып Сезімхан жолдама алды. Аламан айтыс көрерменнің көңілінен шықты. Ақындардың қай қайсысы болса да, бір-біріне мықты бәсекелес бола білді. Қорытындысында мықтылар сынға түскен аламан айтыс та өз мәресіне жетті. Доданың қорытынды кешінде Нұрғиса Дәуешов бірқатар ақындарға, атап айтқанда, Шалқарбай Ізбасаровқа, Хазірет Бердіханға, Шынберген Сүлейменовке, Қалижан Білдәшовке, Тұрар Тілеулиевке, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.
– Биыл 11-ші рет өтіп жатқан «Алтын домбыра» айтысы қасиетті Түркістанда болды. Оның себебі «Алтын домбыра» айтысының заңдылығына сәйкес, қай облыстың немесе қаланың ақыны жеңімпаз болса, келесі жылы сол өңірде өту бекітілген. Былтыр Түркістан облысының белгілі ақыны Бекарыс Шойбеков иеленуіне байланысты «Алтын домбыраны» шаһардағы «Ұлы дала елі» орталығында бір жыл бойы көрермендер тамашалай алды, – деді вице-министр Нұрғиса Мұратұлы. Ал өнер майталманы Асанәлі Әшімов өз сөзінде «Түркістан – ер түріктің бесігі» деп Мағжан Жұмабаев жырлаған ұлы, тарихи қалада «Алтын домбыраны» өткізейік деген шешім қабылданды. Онысы дұрыс. Атағы мен абыройы бар ақындардың жақсылары келіп, халыққа осында өнер көрсетті. Биыл Еркебұлан бас жүлдеге ие болды. Құтты болсын. Түркістан халқының әл-ауқаты түзеліп, мәдениеті көтерілсін деп тілеймін. Ел аман болсын!» – деп тілегін білдірді.Осылайша «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының жеңімпазы анықталды. Түркістан төрінде өткен аламан айтыста әділ қазылар шешімімен Түркістан өңірінің тумасы Еркебұлан Қайназаров «Алтын домбыраның» иегері атанды. Жеңімпазға «Алтын домбыра» мен 3 млн теңге тапсырылды. Аты аңызға айналған өнер қайраткері Асанәлі Әшімов пен Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов «Алтын домбыраны» Еркебұлан Қайназаровқа салтанатты түрде тапсырды. Қазылар алқасының мүшелері «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан жеңімпаздарды марапаттады. Танымал ақын Рүстем Қайыртайұлы (Алматы) жүлделі І орынды (2 млн теңге), Біржан Байтуов пен Шұғайып Сезімхан ІІ орынды (1 млн), Талғат Мықи (БҚО) мен Хазірет Бердіхан (Алматы) және Мөлдір Айтбай (Қызылорда) ІІІ орынды (750 мың) иеленді. Алтын домбыраның 500 мың теңгелік арнайы жүлдесі Нұрлан Есенқұловқа (Түркістан), Арғынбек Қалбаевқа (Маңғыстау) және Қалижан Білдәшевке (Шымкент) бұйырды. Өзге де қатысушы айтыскер ақындарға 300 мың теңгеден табысталды. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманның шешімімен Біржан Байтуов пен Рүстем Қайыртайұлы «Айтыстың ақтаңгері» атанды. Жеңімпаз Еркебұлан Қайназаровтың ұсынысымен биыл да «Алтын домбыра» Түркістан қаласында қалады. Айтыссүйер қауым алдағы уақытта «Ұлы дала елі» орталығы экспозициясынан тамашалай алады.
– «Алтын домбырада» тек жеңімпаз болу емес, абыроймен өнер көрсетуден артығы жоқ. Сондықтан бірнеше жыл бойы осы айтысқа қатысып келеміз. Туған жерге келгенде бұйырғанына қуаныштымын. Көрермендерге, жанкүйерлерге, Түркістан жұртына жалпы баршаға алғысым шексіз, – деді ол.Айта кетейік, жыр додасының негізгі мақсаты – қазақ айтыс өнерін, соның аясында өңір музейлерін, сонымен қатар салт-дәстүрлерді кеңінен насихаттау болып саналады. Республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысы 2012 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Ал, айтыс тәртібіне сай «Алтын домбыра» 1 жыл бойы тағы да ақынның туған топырағы Түркістан төрінде тұратын болады.
Түркістан облысы