Геннадий ШИПОВСКИХ,
Мәжіліс депутаты:
– Кеше мәні үлкен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен жиында көптеген мәселелер қозғалды. Соның ішінде ең қуантарлық жайт, ауылдарды дамытуға ерекше күш-жігер салынатыны. Қазір ауылдың халқына не қажет? Бірінші, сапалы байланыс пен интернет. Екінші, сапалы автожолдар. Үшіншісі, әлеуметтік инфрақұрылым. Осы дүниелерді жүзеге асырар болсақ, ауылдық жерлерде халықты тұрақтандырып, табысын арттыруға мүмкіндік туады.
Тағы бір еске салар нәрсе – ауыл шаруашылығын, агроөнеркәсіпті дамытуға байланысты да қыруар қаржы бөлінбек. Алдағы уақытта оның саланы өркендетуге үлес қосатыны сөзсіз. Өзімізге белгілі, ауылдағы ағайын төрт түлігін бағып, күн көреді. Жоғарыда айтылған игілік мал бағатын азаматтарға үлкен мүмкіндік бермек. Бұл жерде түрлі мәселелер болатыны анық. Субсидиялау, малдың жем-шөбі, одан бөлек агроөнеркәсіпті дамытуға негізделген нақты бағыттар болса – жақсы. Шынын айту керек, ауыл шаруашылығындағы бас-аяғы 65 жобаның тек 31-і іске асыпты. Бұл дегеніңіз, Ауыл шаруашылығы министрлігі үлкен бір фиаскоға тап болғанын аңғартады. Мұндай сәтсіздіктер алдағы уақытта қайталанбауы тиіс. Сондықтан кешегі жиында Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөліп отырғаны үлкен қолдау болмақ.