Балалар әдебиетін насихаттап, жас қаламгерлерді дәріптеуге арналған байқауға поэзия, проза және драматургия бағыттары бойынша 200-ге тарта шығарма келіп түскен екен.
Оның ішінде әр жанр бойынша 6 жас қаламгер жеңімпаз деп танылып, оларға әр аталым бойынша І орынды жеңіп алғандарға 1 миллион теңге, ал ІІ орын иегерлері 800 мың теңге, ІІІ орынға лайықты деп танылғандарға 500 мың теңге табысталды.
«Аталмыш байқау Балалар жылының ең озық іс-шараларының бірі болып отыр. Соңғы жылдары қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті жанрының кенже қалып бара жатқаны, ал ерекше балалар үшін әдебиеттің тіпті де қолжетімсіздігі жиі айтылып жүр. Мұнымен қоса, «Менің атым Қожа» сынды тұтас буынды тәрбиелейтін шығармалардың жоғына зиялы қауым өкілдері қынжылыс білдіріп жатады. Бұл ретте қазақ руханиятының қара шаңырағы Жазушылар одағы төл әдебиетімізді дамыту бағытында ауқымды жобалар ұйымдастырып келеді. «Айтұмар» балалар әдебиеті туындыларының республикалық байқауы осыған дәлел», – дейді Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет.Алдағы уақытта байқауға қатысқан шығармаларды жас оқырмандарға, оның ішінде олардың мүмкіндігі шектеулі қатарластарына көбірек насихаттауға басымдық берілмек. Ол үшін шығармалардың аудио, электронды нұсқалары әзірленеді.
Алматы қаласы