– Наурызда этнографиялық топтама көрмеге қойылды. Көрмеде қолданбалы өнер шеберлері жасаған жәдігерлер болды. Бұл заттар үйді безендіру үшін қолданылған. Мұражайдың этнографиялық қорында 8 тұскиіз, 1 кілем бар. Қазіргі кезде тұскиіз кестелеуге бүгінгі кілем тоқу өнерінде орын жоқтың қасы, табылған бұйымдар өткен ғасырдың 1950-1980 жылдар аралығында жасалған және ұлттық тақырыптағы мекемелерде интерьердің сәндік элементі ретінде көбірек пайдаланылады, сонымен қатар киіз үйлердің ішкі безендіруіне де мән бердік, – дейді Ержан Нұрмағанбетов.Көрмеге әйелдер киімдерінің топтамасы да қойылды. Күлгін жібек көйлек, камзол Ақмола мұражайынан 1938 жылы алынған. Бұл заттар Қазақ КСР Халық әртісі Забира Жұбатоваға тиесілі болған. Ал шілде айында музей көрмесіне Доскей Әлімбаев, Қали Байжанов, Жәмилә Шашкина сынды өңірдің асыл азаматтарының музыкалық аспаптары – домбыралары, тамызда ХХ ғасырдың 40-50-жылдарында Осакаров ауданында Қарағанды облысы аумағында табылған палеонтологиялық артефактілер, ежелгі жануарлар – мамонттардың, пілдердің қазба қалдықтары қойылды. Ол олжаның жасы 3 миллионнан 15-20 мың жылға дейін болуы мүмкін деп есептейді зерттеушілер.
– Облыстық мұражайда барлығы 352 сирек кездесетін жәдігер бар. Жақында қор тағы да бір құнды затпен толықты, оны Мүшелбай Көшейұлы тапсырды. Қолға тиген жәдігер – ер-тоқым. 1950-60 жылдары алтай-керей қазақтары шеберлерінің қолынан шыққан туынды. Мүшелбайдың шешесі Шамер Секейқызы 1990 жылдары Қазақстанға келгенде алып келген, – дейді музейдің бас қор сақтаушысы Меруерт Қадырқызы.
Қарағанды облысы