Қайырымдылық таксиі іске қосылмақ
Қайырымдылық таксиі іске қосылмақ
1,328
оқылды
«Қайырымды жан» қоғамдық қайырымдылық қоры жаңа халықтық жоба ұсынбақ. Аталған қор өкілдері ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Қайырымды такси» отандық мобильді қосымшасын іске қосуды жоспарлауда. Бұл туралы бүгін Алматыда қор жетекшілері мен құрылтайшылары өткізген арнайы баспасөз мәслихатында айтты. Олардың айтуынша, ертеңнен бастап Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Орал, Ақтөбе секілді алты қаланың тұрғындары «Қайырымды такси» мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді бағаға отандық такси шақырып, пайдалана алады. Жобаның мақсаты  – такси қызметінен түскен ақша арқылы еліміздегі тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға, әлеуметтік жағдайы жоқ жалғызбасты, көпбалалы аналарға, науқас балаларға қол ұшын беріп, көмек көрсету. БАҚ өкілдерін шақырып мәслихат өткізгендердің айтуынша, әрбір тұтынушыдан түскен қаржының жартысынан көп бөлігі қайырымдылық бағытқа жұмсалмақ екен. Сонымен қатар жүргізушілердің әлеуметтік пакетін қамтамасыз етеміз деп отыр. «Біз өзіміз ұсынып отырған қызмет арқылы әрбір такси жүргізушінің біркүндік табысының 13 пайызын аламыз. Осы 13 пайыздың 7 пайызы түрлі қайырымдылық істерге жұмсалады. Одан бөлек, 3 пайызы такси жүргізушінің міндетті әлеуметтік пакеттерін қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Қалған 3 пайызы ғана таксопаркті ұстап тұруға жұмсалатын болады. Сондай-ақ  мыңдаған қазақстандықты жұмыспен қамтимыз деп отырмыз»,  – дейді жоба жетекшілерінің бірі, «Қайырымды жан» қоғамдық қорының жетекшісі Әсет Болатбеков. Жоба ұсынушыларының айтуынша, негізгі мақсаттары  – бәсекеге қабілетті отандық такси паркін дамыту. Аталған жоба арнайы тесттен өткен. Қазірдің өзінде тіркеліп үлгерген 300-дей көлік 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнінен бастап мобильді  қосымша арқылы сапалы қызмет көрсетуге сақадай-сай көрінеді.