Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімді қызметтің сарбаздарына «несиелік демалыс» беру туралы меморандумды бекітті.
Қорғаныс ведомствосының бұл бастамасы мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге әскери қызмет өткеру кезеңінде өз несиелерін ойламауға мүмкіндік береді. Несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру келісім сарбаздардың барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алған ақшалай қарыздарын тоқтата тұруды көздейді.
«Меморандумды іске асыру үшін агенттікпен және қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылдың арнайы алгоритмі әзірленді. Осыған сәйкес, шақыру науқаны кезінде болашақ Отан қорғаушылардың жиналған банктік қарыздары мен шағын несиелері туралы мәліметтер бірден Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберілетін болады. Осы деректердің негізінде кредиторлар негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және берешекті өндіріп алудың барлық нысандарын тоқтата тұру мәселелерін пысықтайды», - деп жазды Қорғаныс министрлігінен.
Төлемдерді кейінге қалдыру кезеңінде кредитор сотқа беруді, берешекті өндіріп алу мақсатымен атқарушылық жазба жасау үшін нотариусқа жүгінуді, тұрғын үйді сатуды, қарыз алушының отбасын пәтерден шығаруды тоқтата тұрады. Сондай-ақ, сот актілеріне сәйкес кредитор берешекті өндіріп алудың барлық нысандарын тоқтатуға міндеттеледі.
Жалпы, меморандум қаржылық қызметтерді тұтынушылардың заңды мүдделерін уақтылы қорғауға бағытталған. Ол сондай-ақ әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткеру кезеңінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің қарыздары мен шағын несиелері бойынша міндеттемелерді орындай алмауына байланысты туындайтын әлеуметтік шиеленісті жоюға ықпал ететін болады.