Юрий ЖУЛИН, Мәжіліс депутаты: Қаңтар оқиғасы еліміз үшін тосын оқиға болғаны рас. Ол біздің тарихымызда сол қаралы қалпында қалмақ. Бұл тек билікке емес, қоғам үшін де үлкен сабақ болды. Оның әсерінен жыл бойы әлі де болса арыла алмай келеміз. Болған жайды толық түсіну үшін бір жыл аз. Өйткені әлі белгісіз, түсініксіз нәрселер көп. Алда оның бәрі де айқындалар. Бір тұста ашық жария болып, бір тұста заңнамаға сәйкес жабық талқылауға тура келер. Бірақ бүгінде бір нәрсе анық – Қаңтар оқиғасы туралы бір нәрсені жасырып қалу мүлдем дұрыс емес екені. Оны бәріміз де түсініп отырмыз. Өйткені «оқиғаға кім кінәлі, ұйымдастырушылары кім еді, олардың сыртында кім тұр, түпкі мақсаттары қандай?» деген сұрақтарға жауап берілуі керек екенін билік жақсы біліп отыр. Біз бәріміз де еркімізден тыс түрлі дәрежеде сол оқиғаның қатысушысы болдық. Екіұдай белгісіздікті бастан кешірдік. Сондықтан да дәл қазіргі уақытта оған объективті баға бере алмасымыз анық. Ол үшін белгілі бір уақыт өткені қажет. Қаңтар оқиғасы еліміздегі демократиялық үрдістерді тездете түсуге мүмкіндік берді. Сондықтан да мұндай үрдіс оған дейін болмады деп айту дұрыс емес болар. 2019 жылдан бері қарай елімізде демократиялық, соның ішінде саяси бетбұрыстардың төрт пакеті қабылданды. Биылғы реформалар соның жалғасы – бесінші топтамасы. Иә, биылға дейін бұл үрдістің өте баяу жүргені рас. Қаңтар оқиғасының себебі тек газдың бағасының өсуінен болды деп айтуға болмайды. Ол – жылдар бойы қордаланған проблемалардың нәтижесі. Бірінші кезекте әділдік жетпеді. Соның кесірінен әлеуметтік жарылыс туындады. Сондықтан да Президент өзінің саясатының негізі етіп Әділетті Қазақстанды құру мақсатын алып отыр. Яки, қазақстандықтар ендігі жерде жергілікті билік өкілдерін де өздері сайлап, оларға сенім арта алатын болады. Сол арқылы халықтың билігі нығая түспек. Біз бұған дейін элита мен қоғамның бөлек-бөлек өмір кешіп жатқанын көрген болсақ, енді олай болмауы тиіс. Президент соңғы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында билік пен халықтың арасындағы жік тереңдей түссе, төтенше оқиғалар қаупі де белең алатынын атап өтті. Ендеше біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халықтың өз өмірі мен болашағы үшін жауапкершілік пен құзіретті билікпен бірге бөлісетіні туралы Конституцияда да нақты бекітілген. Бізге осы реформаларды жүзеге асыру үшін уақыт керек. Қай нәрсені де бастау қиын демекші, бастапқыда бәрі рет-ретіне келуі үшін күрделі кезеңді бастан кешетініміз рас. Бұл кезеңде билік заңнаманы өздері сақтап қана қоймай, оның азаматтар арасында да сақталуын қамтамасыз етуі тиіс болса, қоғам осы жолда оның тірегіне айналуы керек. Сондықтан да бәріміз үшін өтпелі күрделі кезең тұр. «Кемедегінің жаны бір» демекші, тұрақтылық пен тыныштықты шайқау үшін әрекет ететін күштердің болуы әбден мүмкін. Біз үлкен шыдам танытып, қиындықтарға қарамастан ауызбірлікпен осы кезеңнен аман-есен өтуге бір кісідей атсалысуымыз керек. Міне, биыл келіп жеткен Тәуелсіздік мерекесі біз үшін осы сынағымен қымбат болғалы тұр.