Шетелдік нөмірі бар көліктер алты айда заңдастырылуы керек. КТК арнасының дерегінше, Ішкі істер министрлігі процестің нақты қашан басталатынын заң күшіне енгеннен кейін хабарлайды.
Жүргізушілер Халыққа қызмет көрсету орталығы мен электронды үкімет арқылы қазақстандық нөмір алуға өтініш бере алады.
Заңды елемей, тіркелмеген көлікті тізгіндегені үшін азаматтарға әуелде 30 630 теңге, ал екінші рет ескерту берілсе, 61 260 теңге айыппұл арқалайды немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев: «Заңдастыруға жататын автокөліктің жалпы саны 300 мыңнан асады. Соның ішінде оң жақ рулі бар автокөлік 20 мыңнан асады. Негізі жол жүру ережесін сақтауда үлкен мәселе бар. Бүгінде осы жағдайға байланысты, Президентіміздің жолдауына байланысты, халықтың жағдайын ойлап, бір мезгілдік рұқсат беріледі», – дейді.
Ішкі істер министрлігі 2007 жылдан бері рулі оң жақтағы көлікті тіркеуге тыйым салынғанына қарамастан, бұл жолы бірреттік рұқсат берейін деп отыр. Онымен қоса көліктің қай жылғы екені де есепке алынбайды. Тек көлік іздеуде болмауы керек, кеден тексерісінен өткен және елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек.
Ал көлігін заңдастырмаған азаматтар машинаны елден шығарып жіберуі керек немесе бөлшектеп сатып жібере алады.