Қарағанды облысында үй өртеніп, алты адам қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін сағат 01.51-де Теміртау қаласы Ақтау кентіндегі 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен.
Өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 02.25-те жетті. 1-қабаттағы 3 бөлмелі пәтерде 40 шаршы метр аумақта өрт шыққанын анықтады.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін тұрғындар 5 адамның мәйітін (2007, 2010 ж.т. ұлдар, 1983, 1991 ж.т. әйелдер, 1991 ж.т.) кіреберістен көшеге алып шыққан.
Зардап шеккен адамдар жоғары қабаттағы пәтерлерден түтін басқан кіреберіс арқылы өз бетімен далаға шықпақ болған. Қою түтіннен тұрғындар далаға шығып үлгермеген.
Өрт сөндірушілер өртті сөндіру барысында 45 жастағы ер адамның (1977 ж.т.) мәйітін тапты. Сондай-ақ үш адам жарақат алған.
Өрт сөндірушілер баспалдақ пен тыныс алу аппаратының көмегімен түтін басқан пәтердің кіреберісінен 10 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды. Өрт 03.10-да оқшауланып, 04.00-де сөндірілді. Полиция Қылмыстық кодекстің 292-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Өрттің мән-жайын зерделеу үшін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов барды.