Несие бойынша алаяқ келіншектің құрбаны болған 157 жамбылдық облыстық прокуратура алдына жиналып, "кінәлілер жазасын алып, ақшамыз қайтарылсын" деген талап қойды.
"Баспаналы боласыз, қалтаңызды қаражатқа толтырамын. Тауарға несие рәсімдеңіз, мен сізге қолма-қол ақша шығарып беремін" деген сөздерге оңай иланып қалған 157 тұрғынның қазір 300 миллион теңгеден астам берешегі бар. Тұрғындардың айтуынша, сот процесі созылған сайын, банктегі берешек күн санап өсіп жатыр, - деп хабарлайды Almaty.tv.
"Банкке барсақ кредит шықпайды. Неге десеңіз зейнетақы қорына ақша аударылмайды. Жұмыссыз, айлығымыз аз болғандықтан бізге кредит шықпайды. Ол бізге аз пайызды несие шығарып беремін. Сосын ол әкеме, маған кредит шығарып кетті. Екі-үш күннен кейін әкеліп беремін деп сол күйі жоқ болды. Біз енді үндемей отырайық десек, банк қысым көрсетіп жатыр. Түскен айлығымызды күнкөріске қалдырмай, ұстап қалып жатыр. Барлық жерде бұғаттап тастаған", – деді жәбірленуші Гүлзат Нұрәлиева
70 мың теңгеге күн көріп отырған Эльмира Бештаева қазіргі уақытта ол жұмысынан да айырылғанын айтады.
"Жұмысым жоқ. Бұл қыз үйге келіп жүрген қыз. "Біз сізге аз пайызды кредит шығарып беремін, сізге көмектесемін, үйіңізге жағдайыңызды көріп тұрмын су кіргізіп алыңыз", - деді. Жаз айы. Қуанып, келісімімді бердім. Ол бірнеше банктен шығарып кететінін мен білген жоқпын. Мен оған бірнеше банктен кредит шығар деген жоқпын. Екінші топтағы мүгедек жолдасыма да 1,5 миллионға несие рәсімдепті. Жұмыстан да ажырадым осының кесірінен”, – деді жәбірленуші Эльмира Бештаева.