Жемқорға жеңілдік жоқ
Жемқорға жеңілдік жоқ
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
739
оқылды
Егемендікті жариялаған күннен бастап сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес жүргізіліп, құлқынның қа­мын күйттегендердің қолына кісен салынып келеді. Осы жыл­дарда са­лаға қатысты заңдар мен мем­ле­кеттік бағдарламалар да қа­был­данды. Қолданыстағы құ­жат­тар­дың дені қатаңдатылды. Сөйтіп, аза­маттық қоғам жоғары шенді па­рақорларды қорқыныш­сыз әшке­релеуге көшті. Соның ар­қасында жо­ғары лауазымды тұл­ғалар да жа­уапкершілікке тар­тыла бастады. Алайда қызметтік мансабы ар­қылы бақ-дәулетін заңсыз көбейтуге құштарлық әлі де азайған жоқ. Ке­рісінше, үміт арт­қандардың өздері көп ұзамай сыбайлас жемқорлыққа шатылып, сенімге селкеу түсіріп жа­тады. Әйтсе де, сыбайлас жемқор­лық­пен істі болғандардың арасында белгіленген жаза мерзімін толық өтемейтіні бар. Сегіз жыл төрт айдай өте шыққан Біздің елде сыбайлас жемқорлық ауыр қылмыс санатына жатады. Дегенмен ден­саулығы сыр бергені расталған кейбір па­рақорлар жауапкершіліктен босатылып кетіп жатады. Бұл бюджет қаржысын қал­таға басып, халықтың несібесін ауыздан жырып жатқандардың жолын кесуге ке­дергі емес пе деген екіұдай пікірдің айты­луына себеп болып отыр. Мәселен, жуыр­да ғана әлеуметтік желіде пайда болған ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызмет мемлекеттік мате­риалдық резервтің қаражатын ұрлау схема­сын ашады. Сол кездегі Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі Мем­­лекеттік материалдық резервтер ко­ми­тетінің міндетіне бұқтырылған ет, қоюлан­дырылған сүт, қарақұмық секілді кейінге қалдырылған қажетті тауарларды сатып алу кіреді. Сол жылы комитетті Ба­қытбек ­Има­нәлиев басқарады. Тергеу мә­ліметтері бо­йынша ол қымбат тауар­ларды сатып алу схемасын ұйымдастырып, нәтижесінде бюджетті 6,5 миллиард тең­геге шығынға батырған. «Резерв сақта­уын­да тұрған сиыр етінен жасалған консерві мемлекеттік стандартқа сай емес, сапасы нашар екенін және сиыр етінің орнына соя етінің салынғанын біле тұра шенеунік 2018 жылы оларды кәсіпкерлерге беріп, 600 миллион теңге шығын келтірген». Осылайша, сот Бақытбек Иманәлиевті «ұрлық жасады және лауазымдық өкілет­тіктерін асыра пайдаланды» деп айып­тайды. Бірақ айыпталушы екі-үш күн ғана қамауға алынады. Былтыр ақпанда кінәлі деп таны­лып, үкім шыққан соң және үкім күшіне енгенге дейін де үй қамауында бо­лады. Бір қызығы, бұған дейінгі жем­қор­лық бойынша өткен соттарда айыпталушы әдетте сот залында бірден қамауға алынады екен. Бұл ғана емес, апелляциялық қарау кезінде прокурорлар Иманалиевтің жаза мерзімін 8 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімді екі есеге азайтуды сұрайды. Жемқорлық аса ауыр қылмысқа жатады. Соған қара­мастан про­курорлар залалды өтемей, ауыр қылмыс үшін жазаны осынша азайтуды сұраған. Бірақ сот бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырып, айыпталушыны 8 жылға бас бостандығынан айырады. Алай­да сотталушы 8 жылдың орнына бар-жоғы 4 ай ғана оты­рып, бостандыққа шығады. Яғни, былтыр ақпан айында бас бостан­дығынан айырыл­ған Бақытбек Иманәлиев биыл жазда жа­задан босатылған. Сөйтсе, биыл маусымда Қапшағай қалалық соты қамауға алушыны ауыр сырқатына бай­ланысты жазасын өтеуден босатуға үкім шығарған. Оның сыр­қаты «Хирургия инс­титуты» деп аталатын жеке клиниканың кардиология бөлімінде анықталады. Онда сотталушы 40 күндей жатқан. Сол емделген уақыты сотталушы­ның мерзімін өтеу уақытына кіргізіледі. Осылайша, жеке клиниканың дәрігерлері берген денсаулық жағдайы түрмеде отырып жазасын өтеуге келмейтінін дәлелдейтін анықтамаға сот та келісім берген көрінеді. Бір жылға созылған жаза мерзімі Сыбайлас жемқорлық бойынша істі болғандардың арасында сырқатына бола жазадан босатылғанның алғашқысы Иман­әлиев емес. Мәселен, жемқорлық бо­йынша жауапкершілікке тартылған Қор­ғаныс ми­нистрінің бұрынғы орын­ба­сары Бағдат Майкеев те сырқатына бай­ланысты еркін­дікке шығарылған. Ол да «аса ірі көлемде пара алды және қару-жа­рақты заңсыз сақ­тады» деген айыппен 2014 жылдың 27 маусы­мында 6 жылға сот­талған болатын. Бірақ бір жылдан кейін Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жө­нін­дегі апел­ляциялық сот алқасы Бағдат Майкеевті «онколо­гия­лық дертке шал­дыққан» деген қаулының негізінде бостандыққа шығарады. Сөйтсе, сотталушы жазаны өтеу орны­на этаппен жеткізілгеннен кейін көп ұза­май түрме ауруханасы – Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы қатал ре­жимдегі ОВ-156/15 колониясы террито­риясындағы «санитарлық қалашыққа» жіберіліпті. Ал артынша Бағдат Майкеев сырқатына байланысты жазаны өтеуден босату туралы сотқа өтініш түсіреді. Ол өзінің шағымында талай жылдан бері онкологиялық дерттің емделуі қиын ауыр түрімен ауыратынын, дерті меңдеп кетпеу үшін жоғары білікті арнайы ме­дициналық көмекке мұқтаж екенін көрсе­теді. Қосымша мұндай деңгейдегі меди­циналық көмекті жазаны өтеу мекемесінде және ел аумағында көрсету мүмкін емес екені де жазылады. Сотталушы бұған дейін де осы өтінішін жеткізгенімен, 2014 жыл­дың 30 желтоқса­нындағы сот шешімі сот­талушының ша­ғымын қанағаттандырудан бас тартқан. Алайда Шығыс Қазақстан облысы апел­ля­циялық соты 2015 жылдың 4 ақпанында жа­засын өтеушінің шағымын қанағаттан­дыру туралы қаулы шығарған. Адами фактор әсер етпесіне кепілдік бар ма? Біздің елде тұтқынды түрмеден боса­туға негіз болатын ауру тізімі бар. Сот­талғандар жазасын өтеуден босатылатын аурулар тіз­бесіне туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, психикалық бұзылулар (ши­зофрения, невроз, биполярлық бұзы­лыс және т.б.), зағип жандар, қан тамырлары аурулары, бауыр циррозы секілді бірнеше созылмалы ауру жатады. Алайда ауруға шалдығуына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру туралы нормативтік қаулысы тұтқын­дар­дың барлығына бірдей беріле ме? Мәселе осында. Өйткені осы уақытқа дейін адам құқығын қорғаушы сарапшы мамандардың өздері ауыр дертке шалдыққан тұтқын­дарды түрмеден босатпай қоятын жағдай­лар да жиі кездесетінін айтып жүр. Кейбір кездері санитарлық қалашыққа жете ал­май көз жұматын да оқиғалар болады екен. Әйткенмен, қаулының шарапатын көріп, сот шешімін өзгертуге септігі тиген сы­байлас жемқорлық бойынша істі болған­дардың бары рас. Ал бостандыққа шыға­руға негіз болатын ауру тарихына адами фактор әсер етпесіне тағы кепілдік бар ма? Қолданыстағы заңдарымызда жалған мәлімет бергені үшін де жауапкершілік қа­растырылады. Сондықтан адвокат Ер­лан Мәкенов «ауру тарихы қолдан жасалса, жауапкершілік жалған анықтаманы берген дәрігердің мойнында» деп отыр.
Бұл жерде анықтаманың ақ-қарасын тек­серетін прокурор екенін жеткізген заң­гер Әлімжан Жұбатқанов Қылмыстық кодекстің 75-бабына сәйкес, өміріне қауіп төндіретін сырқаты бар сотталушыны қыл­­мыстық атқару жүйесінде ұстауға мүмкіндік бермей­тін жағдайлар барын жеткізді. Ол бойынша жазасын өтеушінің денсаулығы толық тексеріліп, комиссия­ның қоры­тын­дысымен сотқа жолданады. Сотталушыны жазадан босатуды проку­ратура қоры­тындысы шеше­ді. «Ауру та­рихына адами фактор әсер етпе­сіне тағы кепілдік жоқ. Прокуратура орган­дары ме­дицина ма­мандарының шығарған қо­рытындысымен келіспегеннің өзінде шетел дәрігерлерінің тексеруіне жіберуі мүмкін. Бірақ ол кезде де шетелге жіберуді туысқандарының өз­дері атқаруы мүмкін. Сондықтан бұл жерде құжаттың жалған не жалған емесіне көз жеткізу қиын. Сол үшін клиникалардың қорытындыларын бірнеше комиссия қарағаны дұрыс», – дейді заңгер.
Қоғам тарапынан айтылып жүргендей, мекемеге медицина мамандарын алдырып, сотталушылардың сырқатын тұрақты қа­дағаласа, жазаны толық өтетуді қарас­тыруға болар еді. Бірақ дәл қазір бұл тетікті түрме ішінде қолдануға біздегі медици­наның мүмкіндігі жібермейді. Жазадан босатуға негіз болатын құжат­тың ақиқатын анықтау қиын. Десе де, сот оты­рысының жариялылығы мен ашық­ты­ғына қол жеткізу арқылы күдікті се­йілтуге болады. Заңгер Нұрлан Ниетул­лаев­тың сө­зінше, көптің қалауынан шық­­паған қау­лы не заңдарды өзгерте бе­руден аулақ болған дұрыс. Ақиқатты анықтауда адами фактор әсер етпеу үшін бұл саладағы тергеушілердің және салалық мамандардың біліктілігін ұдайы арттырып отыру керек. Әйтпегенде, жемқорлықты жүгендеу үшін жасалған тәжірибе мен заңдардағы кем­шіліктің басым бөлігі мәселенің байыбына бармай заңдарды оңды-солды өзгерте бергеннен де болып отырған көрінеді. Заңгерлердің айтуынан қорытынды шығарсақ, ауыр және аса ауыр қылмыс­тардың қатарына жататын сыбайлас жем­қорлық бойынша істі болғандарға заң қатал. Президенттің өзі бұл бап бойынша істі болғандарды шартты бостандыққа шы­ғаруды күшсіз қалдырды. Яғни, жем­қорлықпен сотталғандарға кешірім жоқ. Алайда әлдекімдер бұл саладағы заңды өз ыңғайына қарай қабылдап, жазадан құ­тылудың амалын тапса, парақорлыққа қар­сы күрестің пәрменін ойдағыдай ат­қаруға кепілдік беру қиын секілді.