«Көне Тараз» биыл да жылусыз қалды
«Көне Тараз» биыл да жылусыз қалды
794
оқылды
Екібастұздағы жағдай елдің де, Үкіметтің де үрейін алғаны жасырын емес. Қылышын сүйретіп қыс кел­генде бірнеше күн халықтың жылу­сыз қалуы дәл осы саланың төңіре­гінде жүргендердің жауапкершілігін кү­шейте түсу қажеттігін көрсетті. Десе де, солтүстіктегі жағдайдан са­бақ ал­ма­ғандар да бар екен. Жам­был облысының орталығы Тараз қаласын­дағы «Көне Тараз» та­рихи-мәдени кешені үш-төрт жылдан бері жылуға жары­­май ке­леді. Бұл кешенде еңбек ететін мекеме қызметкерлерінің қыс бойы бүрсең қағып шы­ғатынын былтыр да айтқан бола­тын­быз. Алайда «бәрін реттейміз» дегендердің сөзі уәде күйінде қалды. Шерхан Мұртаза атын­дағы руханият және тарихтану орта­лығының директоры Сауран Қалиевтің бұл мәселені көтеріп, шырыл қағып жүр­геніне төрт жылға жуықтады. Жауаптылар ке­шен іске қосылған жылы-ақ ғимарат­тар­дың жылу жүйесінде ақау барын біл­ге­німен жағдайды реттеуге асықпай жүр.
– Облыс орталығында шығыстық үл­гідегі осындай тамаша кешеннің бой кө­тергені қуантады. Сырттан қонақ келсе де мақтанып көрсетеміз. Алайда қазір бізге нысанның сұлуынан жылуы маңызды болып тұр. Кешен алғаш ашылғанда төбесіне күн­нен қуат алатын қондырғы орнатылып, жылу содан беріледі делінген. Алайда ол қон­дырғы сол бойы іске қосылған жоқ. Оған себеп 12 радиатордың жартысы қыс түс­кенше істен шығып, жарамсыз болып қал­ды. Кейін алып келген батареялардың қуа­ты ғимаратты жылытуға жетпеді. Үш жылдан бері суық бөлмелерді қыс­тап келеміз, – дейді Сауран Қалиев.
Орталық басшысының жанайқайы осы жы­лы жергілікті билікке жеткендей көрін­ген. Олай дейтініміз, Тараз қаласының жаңа әкімі Бақытжан Орынбеков жур­на­лис­­термен кездесуде нысандардың үстіне шығып көргенін, бұйыртса қыста жылуды іске қосу үшін барлық амал жасалып жат­қанын айқан. Алайда әне-міне желтоқсан айы түгесілгелі тұрса да «баяғы жартас, сол жартас» күйі тұр. Жуырда аталған кешенге облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те ат ізін салып, ны­сан­дардағы жағдайды көзбен көрді. Аймақ басшысы ғимараттардың жылыту жүйесі­нің орталық қазандығына қосылмағанынан және жылыту үшін электр батереялары пай­даланылып отырғанынан хабардар. Ол бойынша жауапты азаматтарға бірнеше мәрте тапсырма да беріліпті. Бірақ олар өз­деріне берілген тапсырманы орындауда жауапсыздық танытып келе жатқан кө­рінеді.
– Берілген тапсырма бойынша әлі күн­ге ешқандай шара қабылданбаған. Об­лыс ор­талығында орналасқан кешеннің кел­бе­ті мен қызметі қаншалықты маңызды еке­нін әркім біледі. Алайда оның жылу жүйе­сі неге ретке келмей отыр? Бұл мәсе­лені Тараз қаласы әкімдігі жіті назарға алып, жобалаушылармен нақты әрі нәти­же­лі жұ­мыс жүргізуі керек, – деген Нұр­жан Молдиярұлы жылу жүйесін жақын ара­да реттеуді жауаптыларға тағы тап­сыр­ды.
Әлбетте, түйткілдің билік тарапынан на­зарға алынып, тапсырма берілгені дұрыс-ақ. Алайда әкім қаралардың сөзіне сүйенсек, кешеннің жылу жүйесіндегі мәселе биыл шыққандай көрінеді. Ал мұнда жұмыс істеп жатқан мамандардың тоңғанын айтып, шырылдап жүрген­іне бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл кешенде Ш.Мұртаза атындағы ру­ха­ният және тарихтану орталығы, об­лыс­­тық тарихи-өлкетану музейі, көр­кем­сурет галереясы және көрме зал жұмыс істейді. Бастапқыда бұл орталықтардың барлығы облыс әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарауы керек болған. Алайда кейіннен басқарма «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені мекемеге толықтай өтпегенін алға тартып, жауапкершіліктен ат тонын ала қаш­ты. Нәтижесінде, жылу жүйесіне қа­тысты қосалқы қондырғыларды алды­руға Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі жауапты болып шықты. Осылайша, «сен салар да, мен саларға» салған шенділердің әрекетінен кешен жылусыз қалып, ондағы қызметкерлер бөлмелерінде бүрсең қағып отыр. Күні ертең миллиондаған қаржыға салынған нысандардың қабырғалары көгеріп, төбесі опырылып ортасына түспесіне де ешкім кепілдік бере алмайды. Жалпы, «Көне Тараз» тарихи-этно­мәдени кешеніне қатысты ел арасында әң­гіме көп. Кешеннің о бастағы техни­ка­лық жобасын ресейлік мамандар жасаған кө­рінеді. Нысындарды күн батареялары­мен жылыту жобасын да солар ұсынған. Кешен аумағында орналасқан «Сағат» стелласын да тұрғызған шетелдік мамандар екен. «Сағат» стелласы көп ұзамай істен шыққанын ескерсек, техника­лық жо­ба­лардың барлығы бір адамның қолынан шыққан секілді. Сондықтан олардағы ақау­ды жөндеу тек шетелдік маманның қолы­нан келеді. Ал ол маман әкімдік­тегі­лермен түсінісе алмай, екіарада кикілжің туған дейтіндер көп. Сол себепті аталған ма­манды бүгінгі билік өкілдері қондыр­ғы­лар­ды қайта іске қосып беруге шақыра ал­май жатқан сияқты. Әрине, бұл ел аузында жүрген әңгіме. Ақи­қаты аймақтың атқамінерлеріне ғана мәлім. Ең бастысы, «Сағатты» болмаса да, қыс­та жылусыз отырған кешеннің мәсе­ле­сін біржақты реттеп береді деп сенеміз.

Жамбыл облысы